Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында «Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог» деп атап көрсетілген болатын.
Әдетте, жергілікті билікке ел тарапынан өкпе-наз тұрмыстық қарекетке байланысты жиі айтылып жатады. Оның ішінде өтініш-шағымға жауап берілгенімен, оп-оңай шаруа уақтылы тындырылмаса, реніш те еселене түспек. Ол өз алдына. Жергілікті әкім-қаралардың халыққа дауыс көтеруі, мінез көрсетуі екі арадағы ізгілікті байланысқа сызат түсіріп, тіпті алыстата береді. Осындай мәселелер қордалана келе, биліктің бейнесін жағымсыз жағынан сомдайтыны да бар. Облыста өтініш айтып келген халқына дөрекі сөйлеген, шындығын айтқанда, жер-жебіріне жетіп ұрысқан бірер әкімнің шектен шыққан іс-әрекеті облыстық тәртіптік кеңесте қаралғаны бар. Тұтас билік өкілдері дәл осындай деуден аулақпыз. Дегенмен, «бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіні» сияқты, болмашы мысалдың бояуы қалыңдап, жалпақ жұрт құлақтанған соң әкім-қаралардың қадірі қаша бастайды.
Ендігі сөздің бір парасы ел тілегінің елеусіз қалуы. Сөзіміз жалаң болмас үшін мысал келтірейік. Көкшетау қаласындағы Ынтымақ көшесі 29 а-үйде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесінің зейнеткерлері тұрады. 9 отбасы. 1990 жылдың басында бұл үй ЕЦ-166/24 мекемесінің орталықтандырылған жылу жүйесінен ажыратылып тасталған. Себебі бұрын жылу беріп келген қазандықтың жұмысы тоқтаған. Пәтер иелері жеке-жеке пеш қойып, үй жылытуға көшкен. Айтпақшы, бұл үйде құқық қорғау органының зейнеткерлерімен бірге, көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі азаматтар да күн кешіп жатыр. Үйді орталықтандырылған жүйеге қосу үшін қаражат қажет. Оншалықты көп те емес, бар болғаны 5,9 миллион теңге. Орталық жылу жүйесі шамамен 500 метр жерден өтеді. Орталық жылу жүйесіне қосылу туралы рұқсатнаманы «Көкшетау жылу» мекемесі №Т-486-А бергені туралы 2017 жылдың 5 шілдесіндегі қаулыда көрсетілген. Үй иелері ондаған жыл бойы құзырлы мекемелердің барлығына, оның ішінде Көкшетау қаласы әкіміне, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне сан мәрте хат жазған. Хат көшірмелерінің өзі әлденеше том. Келген жауаптары да бар. Билік тарапынан қайтарылған хаттарда «мәселе қарастырылып жатыр, алдағы уақытта шешімін табады» деген сырғытпа жауап тұнып тұр. Бірақ өкінішке қарай, ел тілегі аяқсыз қалуда. Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Ш.Сәдуақасовтың 2016 жылдың 25 сәуірінде берген жауабында «Ынтымақ көшесіндегі, 29 а-үй Маяковский көшесіндегі балаларбақшасы салынып біткен кезде жылу жүйесіне қосылады» деген уәж айтылады. Одан бері не заман?! «Баяғы жартас, бір жартас» демекші, өзгерген ештеңе жоқ.
– Кезінде облыстың бұрынғы әкімі Сергей Кулагинге де құлаққағыс еткен болатынбыз, – дейді осы үйдің тұрғыны Қосман Елеуішов, – қала әкіміне кіру мүмкін емес. Жазған хатта есеп жоқ. Енді қандай қайран қыларымызды білмей абдырап отырған жайымыз бар.
Үй тұрғындары көктемгі қар еріп, қызыл су қаптаған кезде жолды, үй іргесін су басып қалатындығын айтып зар илеп отыр. Бірақ тиісті мекемелердің басшыларына жолығудың сәті түсер емес. Жолданған хатқа әдеттегідей уәде беріліп, кемшіліктің жойылатындығы айтылғанымен, нақты іс жоқ. Мәселен, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Ю.Шидловский өз жауабында «Ынтымақ көшесінен Мичурин көшесіне дейін инертті материалдар төселеді» деп үйіп-төгіп уәде бергенімен, шыбық басы сындырылған жоқ. Тоғыз пәтердің тұрғындары тегіс қол қойып, арыз-шағымын жаза-жаза нәтиже болмағаннан кейін өкпелері қара қазандай болып отыр.
Тұрмыстық жағдайдың кейпі осындай болғанда денсаулық сақтау саласында да ойсырап тұрған олқылықтың бар екенін айта кетуіміз керек. Оның ішінде ең соқталысы, балалардың көз ауруларының үдеп кеткендігі. Ата-аналар тарапынан арыз-шағым жиі айтылып, көтерген мәселелері жергілікті басшылардың құлағына жетпей жүрген соң біз бұл тақырыпты «Egemen Qazaqstan» газетінде жан-жақты жазған болатынбыз. Ешбір қорытынды жоқ. Ал бұл назар аударатын өткір мәселе. Айталық облыс орталығындағы «Басар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары №17 мектеп оқушылары арасында көз ауруларының қаншалықты деңгейде екендігін анықтау жұмыстарын жүргізген. 863 оқушы тексерістен өткізілген кезде, 11 пайызы көзілдірік киетіндігі, 32 пайызының көз ауруларының алғашқы белгілері пайда болғандығы, ал 43 пайызының көру мүмкіндігі азайып бара жатқандығы белгілі болып отыр. Бұл тарапта да ата-аналар ондаған жыл бойы жергілікті биліктің назарын аудару үшін арызданып келеді. Облыс орталығында балалар көз дәрігері жоқтың қасы. Ал облыстық ауруханадағы көз бөлімшесіндегі құрал-жабдықтың бәрі ескірген. Ең керекті аппаратураларының өзі 1970 жылдары шығарылған. Тығырықтан шығар жол қайда?! Қазір облыс орталығындағы «Басар» серіктестігінде біршама жақсы жағдай бар. Олар балалардың көз ауруларын анықтауға және емдеуге қажетті «Синоптофор СИНФ-1», «Визотронник МЗ» тәрізді аппаратуралармен жабдықталған. Бірақ мемлекеттік тапсырыс бойынша қаражат бөлінбегендіктен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары емделе алмай отыр. Бұл тарапта да ата-аналардың арыз-шағымдары аз емес. Әйтсе де, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары осы жайды келіп көруге уақыт таппай отыр.
Енді билік пен қоғам арасын қалай жақындатамыз, әлеуметтің арызына қалай құлақ асырамыз дейтін сауалға жауап беретін болсақ, оның да тәп-тәуір мысалы бар. Мәселен, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі қаладағы сала басшыларын белгіленген кесте бойынша шақырып, жұртшылықпен жүздестіруді ұйымдастырып отыр.
– Ел тарапынан айтылатын өкпе-наз көбіне әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға байланысты, – дейді кеңес төрағасы Шияп Әлиев, – талай мәселе шешілді. Айтқан өтініштері орындалған соң ардагерлер де басшыларға разы болып қалады.
Жергілікті басшылардың назарын аударту үшін қоғамдық орындардың да ықпалы керек шығар. Барша жұрт бір терінің пұшпағын илеп, ортақ істен орынды нәтиже шығарса, билік те сүйкімді бола түспей ме?!
Ақмола облысы