Ең алғаш өткен ғасырдың орта шенінде америкалық экономистер «Адам капиталы» деген ұғымға теориялық тұрғыдан анықтама беріп, мән-маңызын, дамытудың жолдарын көрсеткен екен. Содан бергі аралықта адам капиталы кез келген мемлекеттің, қоғамның, экономиканың негізгі мызғымас тұғыры екені дәлелденді.
Жалпақ тілмен айтар болсақ, адам капиталының өлшемдері – адамның жиған ілім-білімі, үйренген машығы, денсаулығы. Осы өлшемдерге қарап қандай да бір адамның елге, өзі өмір сүретін ортаға қаншалықты пайда әкелерін білуге болады.
Қарап отырсақ, қазақтың ғұламалары адам капиталын дамытудың жолдарын нұсқап көрсетіп қана қоймай, сол бағытта талай ұлы істер тындырғанын байқауға болатындай. Айталық, данышпан Абай:
«Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз», дейді.
«Адамның бір қызығы бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім», деген хакім өз ұрпағының мұсылманға да, орысша да білім алуына жағдай туғызды.
«Жақсы атаның балалары да көп оқыған жоқ, қайта кедейдің балаларын орысқа қорлап берді. Олар осыдан артық қайда барсын?» деп, замандастарын сынайтыны да бар. Өз заманында Абай төңірегіне білімді, зиялы, өнерлі жастарды жиып, солардың өнерін ұштауына мұрындық болғаны мәлім.
Ахмет Байтұрсынұлы да «Қазақ» газетінде: «Біз кейін қалған халық, алға барып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деп жазды. Алаш ардақтысының ағартушылық бағытта атқарғаны ұшан-теңіз. Ал ағартушылықты сапалы адам капиталына қосылған үлес деп түсінген абзал.
Кейінгі жылдары Адам каптиалын дамыту деген тіркес биік мінберлерден жиі айтылады. «Кремний аңғарының қазақстандық баламасын жасаймыз!» деген асқақ ұран да қайта-қайта айтылып, ақыр соңында езуге күлкі үйіретін болды. Неге? Себебі Қазақстанда ғылым мен білімге бөлінетін қаржы көлемі басқа салалардан әлденеше аз. Құрғақ ұранмен «Кремний аңғары» қайдан құрылсын?! Бертінге дейін ғылымға ІЖӨ-нің 0,5 пайызына да жетпейтін қаражат жұмсалып келді. Ал ІЖӨ-нің 1 пайызынан аз қаржы бөлу ғылыми-техникалық тұрғыда қауіпті саналады.
Салыстыру үшін айтайық. АҚШ сынды әлемнің бірінші экономикасы саналатын елде 1997 жылы ғылымға жұмсалатын қаржы ІЖӨ-нің 1 пайызына жетті. Содан бергі аралықта көрсеткішті ұлғайта келіп, қазір жылына 511,1 млрд доллар, яғни ІЖӨ-нің 2,74 пайызын береді. Apple, Microsoft сынды алпауыттар бөлетін қаржы өз алдына бір бөлек.
Қытай, Жапония, Германия, Оңтүстік Корея, Франция сынды елдер де ғылымды қаржылай қолдау бойынша алдыңғы ондыққа кіреді. Бұлардың қай-қайсысының да экономикасы дамыған, әлеуметтік жағдайы озық екенін байқауға болады.
Өкінішке қарай, 2015-2018 жылдар аралығында Қазақстанның ғылым саласын дамытуға бөлінген қаржының жалпы көлемі де, ғылыми жұмыстардың саны да азайды. 2015 жылы 2155 жобаға 16,7 млрд теңге бөлінсе, 2018 жылы 1096 жұмысқа 9,5 млрд теңге жұмсалды. Соның салдарынан жастардың ғылыммен айналысуға да құлқы төмендеп кетті. 2014 жылғы есеп бойынша ғылымнан нан іздегендердің жалпы саны 26 мың адам болса, 2018 жылы 20 мыңға дейін құлдыраған. Оның үстіне ғалымдардың орташа жасы да өскені белгілі болды.
Дегенмен, ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмас. Кейінгі бірер жылдың көлемінде білім мен ғылым саласына мемлекет тарапынан көбірек көңіл бөліне бастағандай. Былтыр ол 45 млрд теңгеге жетті. 2025 жылға қарай 431 млрд теңгеге жетеді деген жоспар бар. Осы бес жылда білім беру саласына 11,5 трлн теңге жұмсалмақ.
«Білім мен ғылымға бөлген қаржы – болашаққа салынған инвестиция» деген қанатты сөз де елдің аузында жүр. Білімді жастары, ғалымы көп, сапалы капитал қалыптастырған елдердің тасы өрге домалайтынын уақыт көрсетті. Олай болса, одан қаражат аяуға да болмайды.