Ақтөбе облысы бойынша жедел жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау мақсатында 1-30 қыркүйек аралығында “Қару“ жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жалпы облыс бойынша тіркелген 8 416 атыс қаруының 3 233-і тұрғылықты жері бойынша тексерілді. Жедел алдын алу іс-шарасын өткізудің 10 күні ішінде 165 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде қаруды заңсыз сақтағаны үшін – жеті, қаруды сақтау және алып жүру ережелерін бұзғаны үшін – 115 және қаруды қайта тіркеуді бұзғаны үшін – 43 дерек анықталды.
Заңсыз қару айналымынан барлығы жеті дана тегіс ұңғылы қару, сондай-ақ үш дана электрошокер тәркіленді. Барлығы 25 дана суық қару тәркіленді. Мысалы, 3 қыркүйек күні ҚР-дан РФ-ға өту кезінде 36 жастағы Қырғызстан Республикасы азаматының басқаруындағы “Мерседес Бенц” автокөлігін тексеру кезінде үй заттарының астындағы жол сөмкесінен екі дана электрошокер табылды.
Сондай-ақ 9 қыркүйекте Опытный кентінің 44 жастағы тұрғынының сарайынан 16 калибрлі қос тегіс ұңғылы аңшы мылтығының кескіні табылды. Оқиға орнынан ТОЗ-53 16 калибрлі аңшы мылтығы тәркіленді. Сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Ақтөбе облысы Полиция департаменті заңсыз сақталған қаруды немесе оқ-дәріні өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салады.