Облыстағы озат шаруашылықтардың қатарынан саналатын «Викторовское» ЖШС гектар берекесін 22 центнерден айналдыруда. Бұл әзірге өңірдегі ең жақсы көрсеткіштің бірі.
Масағы кереқарыс, дәннен басын көтере алмай тұрған егістік алқап самал желмен теңіздей толқиды. Ынтымақты еңбектің нәтижесінде ырыс тұнған, тілін тапқанға берері мол жомарт дала. Бірін-бірі өкшелей он астық комбайны дарқан даланы еселі еңбек дүбіріне бөлеуде. Сабағына береке байланған егістік шетінде серіктестік басшысы Владимир Андрюхинді жолықтырдық. Ісі алға басып тұрса да, көңілінде сәл-пәл қобалжу бар.
– Жинар көбейсін! – дедік біз тәжірибелі шаруашылық басшысына, – егініңіз бітік шыққан тәрізді.
– Еңбекпен өскен, – деді ол, – жиырма бес маусымды өткердім, соның ішінде биылғыдай көктемгі егіс кезіндегі қат-қабат сұрапыл қиындықты басымнан кешірмеппін. Жаман тұмау жағадан алды. Техниканы жөндеу кезінде қолбайлау көп болды. Оның үстіне қаржының жетіспеушілігінен қысқа жіп күрмеуге келмей, қаңтарылып тұрып қала жаздадық. Әйтеуір, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қамқорлығының арқасында мол қаржы бөлінген соң жоспарланған 17 мың гектар алқапқа тұқым сіңірдік. 7 мың гектары – бидай, қалғаны өзге дақылдар.
Комбайншылар соңғы тәуліктерде бір сәт тоқтамапты, екі ауысыммен жұмыс істеуге көшірілген. Әйтпесе, күздің қара жауынына ұрынамыз ба деген қауіп бар. Үлгеру үшін уақытпен санаспай, мүмкіндігінше жылдамдату керек. Серіктестіктің бар жұмысшысы егін орағына жұмылдырылған. Далада да, қырманда да қызу еңбек. Қырман қызыл дәнге толуы үшін серіктестік басшысының айтуына қарағанда, маңдай теріңді сыпырып аянбай еңбек етуің шарт. Жұмсалған қаражат та аз емес. Егістік алқаптарды құнарландырып, зиянкестерден қорғаудың өзіне 100 млн теңге қаржы бағытталған.
– Биыл бидай бағасы қымбаттауы мүмкін, – дейді серіктестік басшысы, – мысалы, қазір тоннасы 87 мың теңге, ауыл шаруашылығының көктемгі егіс, ала жаздайғы алқап күтімі, күзгі орақ кезіндегі бар шығынын жауып, пайдаға шығу үшін бидайдың әр тоннасы 100 мың теңгеден кем бағаланбауы керек. Біз қазір мемлекетке 2800 тонна астығымызды тапсырғаннан кейін қалғанын коммерциялық бағамен сатамыз. Соның өзінде қысқа жіп күрмеуге келмейді.
Шынында да, озат шаруашылықтың толымды табысының өзі бар шығынды жабуға ғана кетуі мүмкін. Сүдігер жыртқаннан бастап, егін орағына дейінгі технологиялық үздіксіз жұмыстарды атқару үшін көп қаражат жұмсалған. Табыс сырын сұрағанымызда, кәнігі диқан былай түсіндірді. Мұның барлығы маңдай термен келген табыс.
– Менің ойымша, – дейді ол, – кез келген жерде ырыс дәнін молайтып, толымды табыс алуға болады. Биыл жаз қуаңшылық болды. Жазда жаңбыр аз жауды. Есесіне алапат ыстық жаңа көктеген өскінді күйдіріп тастады. Сол себепті көрші танаптағылар 7-8 центнерді ғана қанағат етуде. Біз абырой болғанда, жерге қажет нәрсенің бәрін бердік. Енді сол еңбектің зейнетін көріп жатырмыз. Жер жұмылып адал еңбек істеген адамға ғана иеді.
Зер салып қараған адам алқаптағы егіс бояуының әрқилы екендігін көрер еді. Кей тұсы сап-сары болып тұрса, ал кей тұста әлі жасыл бояудың табы бар. Оның себебі, көктемгі ылғал жабу жұмысының нәтижесінде екен.
Сөз арасында жан аямай жұмыс істеп жатқан дала ерлерінің еңбекақысын білмек ниет танытқанбыз. Бұл арадағы жұмыс әдісі жаңа сатыға көтеріліпті. Цифрландыру арқылы кім қанша іс тындырды, айта-қатесіз көрініп тұрады. Әрбір комбайншының қанша гектар алқапты атжалға жыққаны, қанша тонна астықты бастырғаны тайға таңба басқандай ап-анық. Басшының айтуына қарағанда, өнімді жұмыс істейтін комбайншылардың күндік табысы 50 мың теңгеге дейін жетіп қалады екен.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы