Табиғаты тамылжыған Бұланды өңірінде ерінбеген адамға несібе көп. Макинка қаласының маңындағы күре жолдың бойында саңырауқұлақ, бал арасы, тосап, картоп сатып отырғандар жетерлік. Ен байлықты еңсеріп, нәпақа тауып отырғандардың арасынан жергілікті ұлт өкілдерін көре алмайсыз.
Макинка қаласының тұрғыны, талантты жас ақын Жайнарбек Зандыбай биыл бірінші рет омартамен айналысты. Көкірегіне түйген тәлімді ойын, кәсіп бастағандағы әңгімесі араның балындай тәтті. Бұл бір құпия әлем, тереңдеп үңілген сайын қатпар-қатпар сыры бар дүние көрінеді. Әуелі ұясын сайлапты, кейін бал араларын сатып алған. Сырт қараған адам сырына бойламаған соң біле бермейді ғой, әйтпесе, оның өзі бірнеше топқа бөлінеді екен. Қарамы мол, қауқары айта қаларлықтай жұмысшы аралар тобы. Олардың міндеті – шырыны мелдектеп тұрған гүлден тірнектеп бал жинау. Таң сәріден көз байланғанға дейін бір тынбай жұмыс істейтін жұмысшы аралардың қимыл-қарекетіне қарап, адамзат баласы да дәл осындай нәтижеге құштарлықпен жұмыс істесе ғой деп қиялдайтыны бар. Еңбекке деген ынтызарлықты төл табиғаттың төсінен, әсіресе еңбекқор аралардың бейнетті шаруасынан ұғуға болады екен.
Егер жәшік тесік болып, жан-жағынан ұры жел ұйытқып тұрса, ара біткеннің терісі тарылып, кәдімгідей ашуға булығады. Тұрған жерлері қолайсыз болса да дәл осындай кейіпте. Егер барлығы өздерінің ойлағанындай жайлы болса, омарташыда шаруасы жоқ, күн ұзақ қыбырлап шырын таси береді. Айтпақшы, ең маңызды топ – барлаушы аралар екен. Жайнарбектің айтуына қарағанда, барлаушы топ тәулігіне жүздеген шақырым алқапты ұшып өтіп, гүл іздейді. Олардың міндеті де осы. Жұмысшы аралар тәрізді омартаға шырын тасымағанымен, ортақ істің нәтижелі болуы алдымен барлаушы араларға байланысты.
– Биыл гүл шырыны аз болды. Жаз шыға күн қара қарғаның миы қайнайтындай ыстық болды да, шалғын көтерілмей, гүл қауызы бүрісіп, дендеп өспей қалды, – дейді омарташы, – барлаушы аралардың да әбден сілікпесі шықты. Ағаш қойнауын, алқаптарды қанша сүзгенімен, шырыны мол гүл өскен жер таба алмай әбігер болды.
Бұл екі арада көрші омарталардағы гүл таппай, гүл тапса, одан шырын таппай долырып, ашуланған аралар Жайнарбектің омартасына қайта-қайта шабуыл жасапты. Олардың ішінде де жатыпішерлері, өзгенің ырысына көзін алайтатындар болады екен. Біреудің еңбекпен тапқан балын жеп қоймақ, опыра қопарып, тасып әкетпек. Омарташының айтуына қарағанда, басы жуан, белі жіңішке күзетші аралар бал жиналған жәшікті күзетіп тұрады. Олар гүл де іздемейді, шырын да жинамайды, міндеті бөгде аралардан омартаны күзету. Қарақшы топқа қауқары жетпесе, өздері ғана түсінетін, ауа арқылы жолданатын ызың дыбыс, ишарамен жұмысшы араларды көмекке шақырмақ.
– Бір таңғалатыным, бал құятын ұя торлары бейне бір сызғышпен сызып, атқан оқтай ғып түсіретін алты бұрыш болып бөлінеді екен, – дейді Жайнарбек, – бажайлап қарасаңыз, ұя торларының арасында бос орын қалмауы үшін алты бұрышты бөлікке ештеңе жетпейді екен. Қасиетті Құранда «Аралар» атты сүре барын ескерсек, мұның сыры тереңде жатыр-ау.
Осы кәсіпті игерерде ең алдымен тәжірибе жинау қажет болған. Басында білместікпен ұяны орманға орналастырса болды, бал аралары өздері шырын жинай береді деп ойласа керек. Кейін бел буған соң Бұланды төңірегінде осы шаруамен айналысатын кәнігі омарташылардың бригадасына кіріп, жұмыс істемек болған. Бірақ олар ат-тонын ала қашыпты. Бәлкім қызғаныш, әлде басы артық адамды қосымша жүк көрді ме екен. Ағынан жарылып, жағдайын айтайын десе, осы кәсіппен айналысатын жергілікті ұлт өкілдері де жоқ болып шықты. Әйтеуір дес бергенде, ел «дядя Витя» деп атайтын егде омарташының кезіге кеткені. Сырын білмейтін кәсіптің ұңғыл-шұңғылын сол үйреткен, өзі де білмекке ұмтылып тұрған соң ұстазы да аянып қалмаса керек. Күні бойы қасынан бір елі қалмай, тәжірибесі мол тарланның тәлімін ұққан.
Содан түйгені, жәшігің мен араның болуы аздық етеді екен. Ең бастысы, ара жайылымына лайықты жер таңдау. Оның үстіне гүлдердің шырын төгетін уақытын жіберіп алмау керек. Оны білмесең, сырттай құлпырып тұрған гүлге ара жайғанның ешбір пайдасы жоқ.
Биыл тырнақтап тәжірибе жинаған кейіпкеріміз алдағы жылы өз білгенін өзгеге үйретпек. Табиғаттың ен байлығын өзгелер де көрсін дейді. Қазір араларын қыстан аман алып шығудың қарекетінде. Әне-міне дегенше кешегі гүл жайнаған, аумағы ат шаптырым көкмайсалы алқаптар ақ мамық қардың астында қалмақ. Ақын Жайнарбектің көңілін жадыратар сәт ол кезде де аз болмайды. Тылсым табиғаттың тұңғиығынан сыр аулаған сырбаз ақын құмай тазылары мен қыранын баптап, қансонарды тосуда. Бал арасын баққан анау барқыт белдерде бұрынғы бабалардай сал-серілік дәуренді бастан кешпек.
Ақмола облысы,
Бұланды ауданы