Максим Споткай есімі көпшілікке бұрыннан таныс. Павлодар облысындағы Ақсу қаласының тумасы, тәуелсіздіктің төл кұрдасы Максим бұған дейін Nur Otan партиясында, Президент Әкімшілігінде еңбек етті. Омбы қаласындағы техникалық университетте оқып жүрген кезінде көрші елде қазақ тілінен сабақ беріп, мәдени-танымдық газетті басқарған ол бүгінде Парламент Сенаты аппараты басшысының орынбасары болып қызмет етеді. Парламентке жаңа мақсаттар мен тың идеяларды арқалап келген жас маманды Президенттің кадрлық резерві, мемлекеттік басқару жүйесі туралы әңгімеге тартқан едік.
– Білуімізше, сіз бұған дейін де мемлекеттік басқару саласында қызмет еттіңіз. Бұл жобада бағыңызды сынауға не түрткі болды?
– Президенттің кадрлық резерві жасақталатыны туралы Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында айтып өткен-ді. Одан кейін әлеуметтік желілерден, БАҚ-тан естіп жүрдім. Бұл жобаның ерекше екені анық. Меніңше, Президенттің кадрлық резерві мемлекеттік басқару жүйесін жаңа деңгейге шығарып, серпін беретін бастама. Өз ісін білетін, тәжірибелі жастар ешқашан артық болмайды. Сондықтан бұл бастамада өзімді сынап көруге бел будым. Қай салада болсын жаңа көзқарас, жаңа леп қажет.
Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл – тың бастама. Іріктеудің бірнеше кезеңінен өткеннен кейін өзіме көңілім тола бастады. Өйткені іріктеу кезеңі оңай болған жоқ. Тіпті көптің сынына іліккен тестілеудің өзі арнайы дайындықты қажет етті. Президенттің бастамасымен құрылған топқа өту, оның мүшесі болу – үлкен жауапкершілік. Мемлекет басшысының өзі де резервшілермен кездескенде айрықша сенімін білдірді. Екінші жағынан қарасақ, кадрлық резерв – мүмкіндік, әлеуметтік лифт. Резервшілер қатарында бұған дейін ұстаздық еткен, жеке кәсіппен айналысқан азаматтар бар. Барлығымыз берілген мүмкіндікті пайдаланып, өзімізді жақсы қырымыздан көрсетіп, білікті маман екенімізді дәлелдеп, ел келешегінің кемел болуына үлес қоса аламыз. Бағдарламаға қатысушылардың бірі меритократиялық жолмен қызметте өсемін десе, енді бірі жаңа білім іздеп келді. Өйткені резервшілер Мемлекеттік басқару академиясындағы дәрістерге қатыса алады.
Резерв мүшелерінің әрқайсысы білікті, білімді азаматтар. Бәрінен бұрын олардың мінезіне тоқталғым келеді. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «Елге қызмет ету білімнен емес, мінезден» дегендей, резервшілердің бойынан парасат, намыс көре алдым. Осындай азаматтардың арасында, қатарында болудың өзі мен үшін мәртебе.
– Кадрлық резервтің болашағы туралы не айтасыз? Сіздіңше жоба жалғасын таба ма?
– Ең алдымен, бұл бастаманы дұрыс түсінуіміз керек. Көбі кадрлық резервті жастарды жоғары лауазымдарға тағайындау деп ұғады. Ол тек жастардың бағын сынауға берілген жол, мүмкіндік. Ал оны кімнің қалай пайдаланары өз қолында. Резервті шын мәнінде рухы биік, патриот жастардың тобы дер едім.
Мемлекеттік органдарда білімді, жалынды жастар аз емес. Бұл жолдағы жастарға жүктелген міндет – ескі жүйеге серпін беру, жаңалық әкелу. Уақыттың өтіп, заманның өзгеретінін айтып жаңалық ашпасым анық. Дегенмен бұл қай іске болсын жаңаша көзқарастың қажет екенін еске салады. Кадрлық резерв – сабақтастықтың жолы. Үлкен мақсаттар қоя алатын арманшыл жастарға осы саланың жілігін шаққан майталмандарынан үйрене отырып, өз идеяларын ұсынуға берілген мүмкіндік.
Сондықтан, менің ойымша, жоба жалғасын тауып, осы іріктелген 300 жаспен шектелмейді. Былай қарасаңыз, серпін қай салаға да қажет. Мәдениет, спорт, экономика саласы да жаңғыруды қажет етеді.
– Бүгінгі қызметіңізде қандай міндеттерге жауаптысыз? Заң шығарушы органға қандай жаңа леп әкелмекке ниеттісіз?
– Парламент Сенатының ең негізгі мақсаты – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының іске асуы үшін сапалы заңдармен қамтамасыз ету. Елдегі өзекті мәселелерді шешу жолында Сенат аппараты да, депутаттық корпус та бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
Қазір азаматтар көп мәселені әлеуметтік желілерде ашық айтып, назар аудартып жүр. Саясаткерлер мен сарапшылар да бірқатар проблеманың басын ашуда. Бұл бұрын болмаған үрдіс. Ендігі кезекте халықпен тығыз байланыс орнатып, олармен байланысқа шығуды мақсат етіп отырмыз.
Қазіргі қызметімде БАҚ-пен байланыс, халықаралық қатынас пен ақпараттық талдауға жауаптымын. Сенат жұмысының БАҚ-та жариялануы, Сенат Спикерінің елшілермен кездесулері міндетіме кіреді. Заң қабылдау – күрделі процесс. Бұл ретте Палаталар басшыларына, депутаттарға сапалы аналитика керек. Сол себепті елде талқыланып жатқан мәселелерді зерттеп, оған қатысты деректер дайындау керек. Онымен қоса Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы. Сондықтан съезд жұмысына қатысты мәселелер бойынша да жұмыс істейміз.
– Президенттік резервтің мүшелері бір-бірімен байланыста ма? Жобаға қатысқан азаматтар бірін- бірі қолдап тұратын шығар?
– Резервшілермен кездесіп тұрамыз. Біздің кездесулерге Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин келіп тұрады. Біз елдегі проблемаларды талқылап қана қоймай, оны шешу жолдарын ортаға саламыз. Мемлекеттік орган басшыларына ұсыныстарымызды жеткіземіз. Бұл формат әлі де жалғасын табады деген ойдамын. Әрине, әр жүйеде шешілмеген мәселенің болатыны сөзсіз. Адамдардың екі түрі бар деп есептеймін. Бірі проблемаларды қабылдап, ештеңе өзгермейді деп ұйғарса, екінші топ проблема анықталған бойда шешу жолдарын іздейді. Менің пайымымша, резервтегі азаматтар екінші топтан.
БАҚ-та резервшілердің жақсы қызметтерге тағайындалғаны туралы жиі жазылып жүр. Бірі Президент Әкімшілігінде, бірі түрлі министрліктерге, бірі үлкен компанияларға қызметке орналасқан. Меніңше, бұл – енді өсіп келе жатқан ұрпаққа мотивация. Жастарды елге пайдалы болуға ынталандырады, басқару жүйесіне жаңалық алып келудің мүмкін екеніне дәлел деп есептеймін. Мұндай бастамалар міндетті түрде жалғасын табуы керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»