• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Пікір 15 Қыркүйек, 2020

Жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту – өзекті мәселе

769 рет
көрсетілді

Қазақстан халқына Жолдауында Президентіміз Қ.Тоқаев жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперациялау арқылы олардың әлеуетін пайдаланып, аймақтық азық-түлік хабтарына тарту мәселесіне баса назар аударды. Субсидиялау және салықтық жеңілдіктер бағдарламасы аясында ауылдық жерлердегі коо­перацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу жөнінде нақты міндеттер қойды.

Мемлекет басшысы осы бір өзекті мәселеге бірінші рет назар аударып отырған жоқ. Себебі елімізде өндірілетін ауыл­шаруашылық өнімдері көле­мінің жартысына, ал мал шаруа­шылығы өнімдерінің 66%-ға жуығы осы жеке қосалқы шаруа­шылықтардың үлесіне тиесілі. Қазіргі кезде еліміздегі мал ба­сының 47%- 60%-ы түр-түрі бо­йынша осы сектордың еншісінде.

Алайда аталған орасан зор биологиялық актив агроөнер­кәсіптік кешеннің мемлекеттік қол­дау жүйесінен тыс қалып, ешқандай технологиялық үдеріс­терге тартылмаған. Жеке қосалқы шаруашылықтарды жайылым мен шабындық алқаптармен қамтамасыз ету мәселесі әлі де болса өз шешімін таппай отыр. Әсіресе малдың қысқы жем-шөбін қолжетімді бағамен сатып алу мүмкіншілігінің жоқтығы көп­теген қиыншылық туғы­зуда. Оның үстіне оларды коопе­ра­циялау бойынша Үкімет тара­пынан жүзеге асырылып жат­қан шаралар да табысты бол­ма­ды. Себебі нақты  проб­лемаларды шешуге бағыт­талған істер кешенді сипат ала ал­мады. Осыған қарамастан ауыл тұрғындары өздерінің жеке қо­салқы шаруашылықтарын өлмес­тің күнін кешіп жүргізуге мәж­бүр. Өйткені бұл кәсіп олардың басым көпшілігі үшін табыстың жалғыз көзі болып табылады.

Осы орайда, жеке қосал­қы шаруашылықтарды коопе­ра­ция­лаудың арнайы жобасын дайындау үшін барлық орталық және жергілікті атқарушы органдардың мүдделі өкілдерінен, соның ішін­де Парламент депутаттары­нан, бизнес-құрылымдары мен қоғамдық ұйымдардың өкіл­дерінен тұратын үкіметтік жұмыс тобын құру орынды болар еді және де бұл жобаға біз ұлттық идея ретінде қарауға тиістіміз, се­бе­бі ауылдық жерлердегі тұр­ғындар – негізінен өзіміздің қан­дас­тарымыз.

Сонымен қатар ғарыштық мониторинг деректері негізінде, игерілмей немесе тиімсіз пайдаланып жатқан жерлерді қайтып алу жөніндегі жұмысты жандандырып және оны ең алдымен жеке қосалқы шаруашылықтардың жер мәселелерін шешу үшін пайдалану қажет. Ал ондай жерлер бізде жеткілікті. Ғалымдардың жүргізген ғарыштық мониторингі бойынша еліміздің солтүстік және орталық аймақтарында жыл сайын 7%-дан 20%-ға дейін егістік жерлер пайдаланылмай жатады. Алайда оларды қайтарып алу жұмыстары өте бәсең.

Сондай-ақ егер құрылған кооперативтерге тиісті жұмыс істеуіне қажетті өндірістік инфра­құ­рылымдар салынып берілмесе, онда бұл жұмыста нақты нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Бұл мәсе­лені шешудің екі жолы бар. Бірін­шісі, аймақтық әлеуметтік кәсіп­керлік корпорациялары арқы­лы бюджеттік және де несие­лік қаржы есебінен қажетті өнді­рістік инфрақұрылымдарды салып, оларды кооперативтерге лизинг­ке беру немесе бөліп төлеу арқылы сату. Екіншісі, осы үде­ріске әріптес ретінде шаруа­шылықтарды тарту. Олар­дың қолда бар өндірістік инфра­құ­рылымдарын пайдалану арқылы жаңа құрылған коопера­тивтердің қалыптасуын жеделдетуге қол жеткізуге болады. Коо­перацияның мұндай моделі бар және оны С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық универ­си­теті даярлап, бүгінгі таңда «Сам­ұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп Ақмола облысында жүзеге асырып жатыр.

Мемлекетіміздің осы мәсе­лені қысқа мерзім ішінде шешу­ге барлық мүмкіндігі бар деп есеп­теймін. 188 млн гектарға жуық жайылымдық жері бар және осы көрсеткіш бойынша әлем­де 5-орындағы мемлекет бола отырып, қосалқы шаруа­шы­лықтарды «ашқұрсақ» қал­дыру кешірілмейді. Бұл мәселені шешу үшін саяси жігерлілік танытып, осы іске бар­лық деңгейдегі әкімдер­ді жұмыл­дырып, кооперация­лау мәсе­лесін олардың қызме­тін бағалау рейтингісінің көрсет­кі­шіне енгізу қажет.

Егер біз жеке қосалқы шаруа­шы­лықтар мәселесін оңынан шешетін болсақ, өндірілетін мал ша­руашылығы өнімдерінің көле­мін кем дегенде 30%-ға көбей­тіп, олардың сапасын тек қана ондағы мал басының азықта­нуын жақсарту және де зама­н­ауи технологиялық әдістерді енгізу арқылы арттыра ала­мыз. Бұл еліміздің ауыл шаруа­шы­лы­ғындағы нағыз серпіліс болар еді. Өйткені аталған жоба басқа жобаларға қарағанда қосал­қы шаруашылықтардағы мал басының пайдаланбай жатқан әлеуетін арттыруға негізделеді. Сондай-ақ ауыл халқының табысын, сәйкесінше өмір сүру деңгейін де көтеруге, ауылдық елді мекендердің айналасындағы жайылымдық жерлердің тозуын болдырмауға, ауылдың эко­ло­гиялық жағдайын жақсартуға, қомақты қаржыларды көлеңкелі айналымнан  шығару арқылы салық базасын кеңейтуге апаратын зор мультипликативтік нәтижеге қол жеткізеді. Мұның барлығы, сайып келгенде, ауыл эко­но­микасының жаңғырып, жан­дануының қуатты құралы болмақ.

 

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

Парламент Сенатының депутаты