«Бесінші кеңістікті жақсы танығандарға айналасын қалағанынша кеңейту түкке тұрмайды. Тіпті тереңдесек, қымбатты ханым, ол шексіздіктің шегін сайтан біліп пе?!»
Михаил Булгаков,
«Мастер мен Маргарита»
Осы жұрт Ахматова мен Булгаковты бір-біріне бөтен көреді. Һәм олардың өмірі мен творчествосы хақында да ешкім жазған емес. Себебі ленинградтық ақын мен мәскеулік жазушыны байланыстыратын едәуір ештеңе жоқ. Тағдырлары тоғыспады деседі. Булгаков 48 жасында өмірден озса, Ахматова қарттыққа жетіп жығылды. Классикалық орыс әдебиетінің қос авторына әдебиет қана ортақ. Ой – ортақ, мұң – ортақ. Екеуі де бір заманның тынысын сезіп, бір адамның суретін сөзбен сомдады.
Күміс ғасырдағы орыс әдебиетінің екі талантын қатар қоюымызға жаздың соңын ала Анна Ахматова мұражайында Михаил Булгаковтың Мәскеудегі музейімен бірлескен «Бесінші кеңістік» атты көрменің ашылуы жақсы себеп болып отыр. Фонтан үйіндегі (Фонтанный дом) бұл жоба өмір жолдары әр қилы, бірақ рухани ұқсас екі автордың арасындағы нәзік бір байланысты тауыпты.
Сәулетші Сергей Падалко Ахматова мен Булгаков тағдырын коммуналдық пәтердің дәлізі іспеттес символикалық түрде жеткізген. Оның ұзындығы екі автордың жарық дүниедегі жылдарына байланысты екі түрлі. Ондағы бөлмелердің ішкі көрінісінен ұқсастықтардың көп екенін байқайсыз. Ал ең соңында тұтас бір дәуірдің бейнесі көз алдыңызға келеді.
Экспозицияда музей-мұрағаттардан, Петербург, Мәскеу мен Киев кітапханаларынан алынған екі жүзден астам түпнұсқа заттар, Петербург тұрғындары әкелген ескі тұрмыстық заттар мен фотолар қойылған. Модильянидің 1911 жылы салған Ахматованың әйгілі портреті де осында. Енді бір есікті ашсаңыз, Ахматова мен Булгаковтың кездесулер хроникасы келтірілген: суретші Радловтың үйінде 1933 жылы танысуы һәм Ахматованың Мәскеуге 1934 жылы алдымен тұтқынға алынған Мандельштамның өміріне араша түсу үшін, ал араға бір жыл салып ұлы мен күйеуін босатуға келуі бейнеленіпті.
Әр бөлме – қос қаhарманды символикалық тұрғыда байланыстыратын дербес кеңістік. Бірінде Булгаков пен Ахматованың ортақ өткен өмірі жасырылған. Ал көне Киевтің суреттері құдды бір екеуінің жадыларына саяхат секілді әсер қалдырады. Бейнелер айнадан көрініп тұрғандай – әдетте өткен өмірдің көріністері санамызда осылай жаңғырып жатады. Киев Булгаковтың «Мастер мен Маргаритасында» бейнеленген 30-50-жылдардағы Ленинград және Мәскеумен, әдеби өмір декорацияларымен ауысып отырады. Мұнда шыт көйлек киіп шығатын мамыр қыдырыстарына шақырулар, кешкі ас мәзірі, ұлы көсемге арналған ән кештерінің афишалары да бар – тіпті осының бәрін Булгаков романының беттерінен көшіріліп алынған ба дерсіз.
«Бесінші кеңістікте» автор шығармашылық шабытқа кенеледі. «Бесінші кеңістікте» шебер күнделікті күйбеңнен, мезі еткен туыстарынан, коммуналдық пәтердің қоқысынан құтылып, көршілерінің әңгімесі мен репродуктор тырсылын әдеби мәтінге айналдырады. Сонда Ахматова мен Булгаков өз болмыстары мен шығармашылық еркіндігін қатыгез уақытта қалай сақтап қалған? Айналасын қалай «кеңіткен» һәм оның шеңберінен қалай шыққан?
Булгаковты «жасырын ақ гвардияшы» және «ұсақ буржуазиялық жазушы» деп таныса, Ахматованы будуар мен ғибадатхана арасында аласұрып жүрген декаденттік ақын деп атаған. Олардың шығармаларын тас-талқан еткен сыншы мақалалары, Жазушылар одағы жиналыстарының стенограммалары жасыл шұғамен қапталған ұзын үстел үстінде шашылып жатыр. Бұл «Соттау орнында», мәжілістердің образды орнында «халық жаулары» талқандалатын. Сол үшін шығармаларды сақтап қалудың жалғыз амалы – өртеу болды. «Пеш менің сүйікті редакцияма айналғалы қай заман», деп жазатын Булгаков. Ал Ахматова Лев Гумилев тұтқынға алынған сайын өз өлеңдерін өртепті. Сондықтан от – Булгаков пен Ахматова үшін тағы бір маңызды, әрі қарама-қайшылыққа толы символ болды (оттың адамға жылу беретінін де ұмытпайық).
Шығармашылық азабының метафорасына айналған от «Жады жертөлесі» қоймасынан да орын тапқан. Бір-бірінен еш айырмасы жоқ мәтіндердің сансыз нұсқалары әйнек банкілерге жабылған іспетті. «Мастер мен Маргарита» романы мен «Қаһармансыз поэманың» кейбір жұмыс нұсқаларын да тек осында – автордың өз қолымен шимақтаған қолжазбасынан, жиектегі түсініктемелерден көреміз. Мұны әдеби шеберлік зертханасына, жазушының астарлы санасына барлау десек те болатындай.
Шығармашылық тақырыбы тоталитарлық мемлекетпен астасып жатыр: онда суретші жауыз билеушіге қарсы қойылған. Есіктердің бірінің ар жағында – қоладан құйылған Сталин тұрса, екіншісінде – Ахматова мен Булгаковтың суреті бейнеленген рояль бар. Бұл – қуғын-сүргінге ұшырағандарға, лагерьде қаза тапқандарға, басқа елге қашуға мәжбүр болғандарға реквием секілді. Жанында бөлме қожайынының тұтқын екенін білдіретін мөр басылған есік тұр. «Мұндай ауыр тағдырды бір де бір буын бастан кешкен емес, бәлки мұндай буын да болмаған шығар», дейді Ахматова. Алайда ондай буын болды. Бұған олардың шығармалары дәлел. Бұл тоталитаризмді жеңген һәм «Бесінші кеңістікте» мәңгілік қалған творчество еді.