Кезінде үлкендердің «менің милициям мені қорғайды» деп әндеткенін жиі естуші едік. Жұрттың осы сеніміне селкеу түспеуі үшінде жыл санап елімізде құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қойылатын талап пен белгілі бір стандарт күшейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс. Себебі, отандастарымыздың құқығы тапталмауы мен мүдделері аяқ асты қалмауында маңызды рөлді ең алдымен осы тәртіп сақшылары атқарады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл халыққа Жолдауында «Құқық қорғау органдары қызметкерлерін жұртпен ашық əңгіме жүргізуге үйретудің маңызы зор. Бұл бағыт кадрларды даярлау жəне іріктеу жүйесінде басымдыққа айналуы қажет», деген болатын. Бүгінде осы мәселе – өте өзекті. Тәртіп сақшылары қоғаммен тығыз байланыс орнатып, ашық әңгіме жүргізбейінше халықтың полицияға деген сенімі де нығая қоймайды.
Бәлкім, «заңды жетік білетін, дене және психологиялық даярлығы жоғары деңгейден көрінген тәртіп сақшысы қай елде бар?» деген сауал жүретін болса, бірауыздан АҚШ деп жауап беруге болатын еді. Бізге де сол деңгейге ұмтылу қажет. Ол үшін алдымен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қойылатын талапты, стандартты күшейткен жөн. Бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып та жатыр. Мәселен, Ішкі істер министрлігінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №358 «Полицей стандартын бекіту туралы» бұйрығын алып қарайық.
Бұл құжатта ведомство басшысы Ерлан Тұрғымбаев Үкіметтің 2005 жылғы 22 маусымдағы №607 қаулысымен бекітілген Ішкі істер министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 74-1-тармақшасына сәйкес еліміздегі полицей стандартын бекітіп отыр. Бұйрықтың 1-тарауындағы жалпы ережеде полиция қызметкеріне қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдірілетіні, оның жеке және кәсіби қасиеттеріне жоғары талаптар қойылатыны, ол қызметке шын берілген өз елінің патриоты болуы тиіс екені айтылады. Ең бастысы ведомство басшысының бұл бұйрығы полицейдің имиджін қалыптастырып, азаматтардың полицияға деген сенімін нығайтуға бағытталып отыр.
Ал 2-тарауда полицей өзіне жүктелген міндеттерді табысты орындау үшін бірқатар жеке қасиеттерге де ие болу керектігі айтылады. Оның қатарында тәртіптілік, батылдық және табандылық, орындаушылық, төзімділік және стреске тұрақтылық, интеллектуалдық, борыш пен әділеттіліктің дамыған сезімі, адалдық және принципшілдік, жауапкершілік және адал ниеттілік, сабырлылық, адамгершілік, ізеттілік, тіл табысқыштық, өздігінен жетілуге талпыныс сынды қасиеттер бар.
Кәсіби қызметте полицей өз қызметін регламенттейтін нормативтік- құқықтық актілердің талаптарын білуі және оны тәжірибеде шебер қолдануы тиіс. Дене шынықтыру және жауынгерлік даярлығы, алғашқы медициналық көмек көрсету қабілеті, қызметтік құжаттаманы жүргізу дағдылары, соның ішінде ақпараттық технологияларды игеруі, қызметтік міндеттерді сауатты жоспарлауы мен орындауы, қызметтік уақытты ұтымды әрі тиімді пайдалануы қажет. Тәртіп сақшысының сыртқы келбеті азаматтардың сенімін оятып, ішкі істер органдарының беделін нығайтуға ықпал етуі тиіс. Бұл ретте, полицей қызметтік киімді жөндеп киюі, жинақы әрі ұқыпты болуы, әріптестері мен азаматтардың құрметіне лайық сыртқы үлгілісін қадағалауы керек.
Кәсіби қызметте полицей құқық бұзушылықтардың жолын кесуге, азаматтардың құқығын бұзбауға міндеттеледі. Әсіресе, ұсталғандар мен қамалғандардың құқығын шектемеуі тиіс. Әділ әрекет етіп, айналасындағыларға түсінікті жұмыс жасағаны жөн. Себебі, адал әрі әділ әрекет еткен полицей сыбайлас жемқорлық көріністеріне де жол бермейді. Бұл ретте, тәртіп сақшысы жеке өмірге қол сұқпаушылық туралы азаматтардың конституциялық құқықтарын да сақтауы тиіс. Азаматтармен, әсіресе балалармен, әйелдермен, мүмкіндігі шектеулі адамдармен және егде адамдармен қарым-қатынас кезінде ізеттілік және әдептілік танытуы, олардың өтініштері мен арыздарына объективті қарауы, қажет болса көмек (соның ішінде медициналық көмек) көрсете білуі құпталады. Өзінің ескертулері мен талаптарын сабыр сақтай отырып сыпайы әрі сенімді баяндауы ескеріледі. Даулы жағдайларды да шеше білуі қажет. Азаматтармен қарым-қатынас кезінде полицей тарапынан тұрғындардың жыныстық белгісіне, жасына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, азаматтығына, әлеуметтік, мүліктік немесе отбасылық жағдайына, саяси немесе діни көзқарасына байланысты кемсітушілік сипаттағы сөздер мен әрекеттерге; қоқан-лоқы, қорлайтын тіл тигізу, тәкаппарлық қатынас, дөрекілік, менсінбеушілік, әдепсіздік, дәлелсіз айып тағуға; нормативті емес және жаргондық лексиканы пайдалануға; дұрыс қарым-қатынасқа немесе құқыққа қарсы келетін мінез-құлыққа тосқауыл болатын іс-әрекеттер көрсетуге жол берілмейді.
Бұл ретте бұйрықта қатардағы тәртіп сақшысымен бірге басшының да өкілеттігі көрсетілгенін айтуға болады. Басшы өзінің қарамағындағы қызметкерлердің міндеттерін және қызметтік өкілеттігін лауазымдық нұсқаулықтарға сәйкес дәл белгілеуі, кәсіби білімін және практикалық жұмыс тәжірибесін қарамағындағы қызметкермен бөлісуі, күнделікті қарамағындағы қызметкерлерді Конституцияны, Қазақстан Республикасының заңдарын қатаң сақтау рухында, қызметтік борышын адал атқару, дөрекілікке және мейірімсіздікке төзбеушілік қарым-қатынаста тәрбиелеуі, қарамағындағы қызметкерлерді әлеуметтік-құқықтық қорғауды, ардагерлерге, қызметтік міндеттерін атқару кезінде жарақаттанған және мертігіп қалған полицейлерге, сондай-ақ қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полицейлердің отбасы мүшелеріне қамқорлық жасауы, кадр мәселелерін шешу барысында меритократия қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етуі, еңбекті, денсаулықты сақтауға бағытталған шараларды қабылдауы, тиімді қызмет үшін қауіпсіз және қажетті жағдайлар жасауы, сондай-ақ қолайлы моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыруы, қарамағындағы қызметкерлердің қызмет нәтижесін бағалауы, сондай-ақ марапаттау мен жазалауды қолдану кезінде әділеттілік және объективтілік көрсетуі қажет.
Бұл ретте әр полицейдің стандартқа сай болуы – қоғамдық сенімнің қажетті шарты, қызметтік міндеттерді сапалы орындаудың маңызды факторы саналады.