• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Таным 18 Қыркүйек, 2020

Мәңгі қазақ күнтізбесі

4410 рет
көрсетілді

Адамзат тарихында, күнтізбенің орны ерекше. Өйткені ол күн, ай, жыл, ғасыр, дәуір оқиғаларын жаңылыссыз, дұрыс есептейтін көп сатылы, күрделі мәдени құбылыс. Яғни, ол адам-қоғам-табиғат үштігі арасындағы үйлесiмдi реттеп, өмірдегі елеулі діни, қоғамдық, шаруашылық оқиғаларды тарих жадысына таңбалап тұратын мәдениет үлгісі.

Календарьдың түрі көп. Мы­са­лы, Ресейдің Қорған облысы Қазақ Кочердык ауылы маңынан табылған б.з.д. VІІІ ғасыр мұрасы қола семсердің қос қапталына бәдізделген 20 түрлі жануарлар бейнесін зерттеуші В.Н.Котов «20 күндік айды белгілейтін календарь болуы мүмкін» дейді.

Тіпті жазу-сызу мәдениеті қалыптаспаған бағзы дәуірде адамдар таяқша, тақтайшаға кертік жасап немесе жіпті түйіп уақытты белгілеген календарь нұсқалары Америка, Азия, Аф­рика құрлықтарынан табылса, мұндай күнтізбені Ахаменид патшасы І Дарий пайдаланғаны жайлы тарих атасы Геродоттың жазбасында кез­деседі. Кертік ағаш календарьды мажар қыпшақ­тары мен финн-угорлар бертінге дейін қолданып келсе, қазақ есеп­шілерінің «кісе» деп атайтын қарапайым уақыттық есеп құра­лын да осы санатқа қо­суға болады.

Дегенмен бүгінге жеткен ең көне күнтізбе «борыш кітабы-календариум» 354 жылы Римде жазылғаны жайлы білеміз. Ал баспаханада басылған ал­ғашқы календарьға келсек, 1448 жылы неміс шебері Иоган Гу­тенберг қабыр­ғаға ілінетін ас­трономиялық табель-календарь басып шығарса, 1474 жылы оның жерлесі астроном Иоган Мюллер (Региомонтан) алғашқы журнал түріндегі 64 беттік календарь жасаған.

Қазіргі таңда әлем ха­лық­тары бірнеше түрлі күнтізбе қолданады. Соның ішінде ең танымалы Григориан күнтізбесі. Бұл календарь бойынша жыл 12 айға, ал айлар 28-31 күн ара­лығында тәуліктік мезгілмен жiк­теледi. Бірақ бұл календарь «ғаламдық уақыт есептеу жүйесіне сай емес» деген пі­кір алғаш рет 1923 жылы Жене­ва қаласында өткен Ұлттар лига­сының бас қосуында айтылып, болашақта бұл күнтізбені реформалау ісі Халықаралық Ко­митетке жүктелген болатын. Бұ­дан әлі күнге нәтиже шыққан жоқ. Содан 1954 жылы БҰҰ-ның Экономикалық Кеңесі 18-сессия­сын­да үнділік астрономдар ұсын­­ған жаңа күнтізбе жобасы талқыланып, оны БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының қарауына ұсын­ды. Бірақ ешқандай нақты шешім қабылданбады. Түйткілді дүние сол күйінде қалып қойды.

Соңғы жылдары бұл мәсе­лемен қазақ ғалымдары айналысып жүр. Атап айт­сақ, бұл адам – танымал өнер­тапқыш, Д.Қонаев атындағы уни­вер­ситеттің құрметті профессоры, Халықаралық Акмео­логиялық ғылымдарының акаде­мигі (Санкт-Петербург) және Пла­тон сыйлығының иегері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Сайлыбай Бекболатов ағамыз.

Қазақтан шыққан білікті ға­лым Сайлыбай аға ширек ғасыр тер төгіп, үзбей жүргізген те­рең ғылыми ізденістерінің нәти­жесінде «Мәңгі қазақ кален­дары» атты патенттің иесі атанып отыр. Бұл жаңалықтың тұ­сауы 2014 жылы Халықаралық өнер, коммуникация, ғылым және технология конгресінің Англиядағы Кембридж универ­ситетінде кесіліп, осы ұйымға мүше 40 мемлекеттің айту­лы ғалымдары тарапынан бір­ауыздан мойын­далды. Соның нәтижесінде аға­мызға «ХХІ ғасырдың ақыл-ойы» деген атақ берілді.

Сонымен қатар жоғарыдағы мәртебелі жиында қазақ ғалы­мы С.Бекболатов аталған ха­лықаралық конгрестің вице-президенті әрі ұйымның Еуропа бойынша бас директоры болып тағайындалды. Сонымен бірге Кембридж қаласында орналасқан әлемдегі ең үздік ғалымдардың биографияларын жариялайтын Халықаралық Биография орталығының марапатына ие болды.

Қазақ ғалымы жасаған ка­лен­­дарь өткен шілде айының соңында Оңтүстік Африка елін­де ағылшын тілінде «Unified, Constant Calender» («Мәңгілік, тұрақты күнтізбе») деген атпен электронды кітап ретінде жарық көріп, бұл еңбекпен екі айдың ішінде 32 млн адам танысып үлгеріпті.

Осындағы «Мәңгі қазақ күн­тіз­бесінің» ерекшелігі, жыл 13 айдан тұрады және әр ай 28 тәулік­тен құралады. Жыл 13 айдан тұру себебі, Жер планетасы Күнді айналу жолында 13 шоқ­жұлдызды жанап өтетіндіктен, Ай біз ойлағандай отыз күнде емес, жиырма сегіз күнде толады деп болжайды ғалым. Демек, әр ай дүйсенбіден басталып, жексенбіде бітеді.

Аталған еңбекпен жете та­ныс­­қан үлкен ғалым, Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­рат­кері, Халық­аралық Жоғары мектеп ғылым акаде­миясының академигі Әділ Ахметов мырза, «бұл дүние тек қазақ ғылы­мының ғана емес, әлем ғылым­ның да, сондай-ақ күллі адамзат өркениетінің абыройын ас­қақтатқан заманауи жаңалық. Ендеше, оның авторын ең алдымен егемен еліміздің оқырман қауымына сүйінші хабар ретінде үкілеп жеткізуіміз керек» депті.

Осы орайда Әділ Құрман­жанұлы айтқандай, газет оқыр­ман­дарын ғалым ағамыздың жаңа­лығымен таныстырып, сүйіншілеу үшін сұхбаттасқан едік.

– Сайлыбай аға, бұл іспен шұғылданып жүргеніңізге қан­ша жыл болды?

– 25 жылдан асып барады. Мұны есептеу қиын емес. Бірақ құжаттық тұрғыдан қолданысқа енгізу әзірше мүмкін болмай тұр. Егер біз осы күнтізбені пайдаланар болсақ, талай дүние өзгеріп, қазіргі қауым қазақилана түсер еді.

Жалпы, адамзат үшін күн­тізбе мәселесі аса маңызды. Өйт­­кені біз қазір қолданып жүр­ген Григориан күнтізбесінде көп­теген қателік бар. Басқасын айтпағанда 365 тәуліктің өзі құбылмалы. Мысалы, қазіргі жыл санаудың төртінші жылында 366 күн бар. Бір күн артылып кеткен. Осы қателіктің салдарынан бір жылды құрайтын 12 ай: бірде 28, бірде 29, бірде 30, тағы бірде 31 күнге ауысып отырады.

Яғни, әр жыл сайын Жер өз осін 365 рет айналса, Ай Жерді жыл сайын 13 рет айналады. Ал Күн өз осін айналумен қатар, бір жылда «Эклиптика» деп аталатын аспан сферасындағы үлкен шеңбердің бойымен 13 шоқжұлдызды кесіп өтеді. Бұл табиғи құбылыстар – мәңгі өз­гермейтін жаһандық ас­трономиялық заңдылық. Ал Григориан күнтізбесі болса, әр жыл сайын Жерді 13 рет айналатын Ай санын ғана емес, әлгінде ғана аталған 13 шоқжұлдыздың біреуін ешбір себепсіз қысқартып тастаған. Ең күлкілісі сол, бұл кемістігін жабу үшін, Григорий поп 13 деген санды шайтанмен бай­ланыстырып, оған тыйым салған.

– Күнтізбеде мұндай қателік барын әлем астрономдары біл­меген бе?

–Білгенде қандай. 1923 жы­­лы бұл мәселе БҰҰ дең­гейінде айтылған. Әлі күн тәр­тібінен түс­кен жоқ. Міне, содан бері әлемдік қауымдастық ғалымдарға «қатесіз, жетілген күнтізбе жасаңдар» дегенді үнемі ескертумен келеді. Өйткені қолданыстағы күнтізбе күллі жаратылыс заңына қайшы әрі үйлесімсіз. Басқасын айтпағанда, апталық жеті күннің жылдық айналымы бір-біріне сәйкес келмейді. Мысалы, жаңа жыл мерекесі бір жылы дүйсенбі күн­ге сәйкессе, келесі жылы басқа күн­ге ауысады. Егер қол­да­ныс­тағы күнтізбе нақты болғанда әр апта, әрбір күн өз нүктесінде, нақтырақ айтқанда, уақыттық шеңберінде қозғалмай қатып қалуы тиіс. Егер күнтізбе қатесіз болғанда мұндай өзгеріс болмайды. Бұл бір.

Екіншіден – айларды толтырып тұрған күндер санына келсек, бір ай – 30 тәулік, екіншісі – 31 тәулік, енді бірі – 28 тәулік. Демек, уақыттың табиғи балансы бұзылып тұр.

– Неге бұлай?

– Өйткені қазіргі қолда­ныс­­­тағы күнтізбе жаратылыс заң­дылығын ескермей, жеке адамның мүддесіне бағын­ды­рылып қолдан жасалған шикі дүние. Оның басында ежелгі Рим империясының қайраткері, осыдан екі мың жыл бұрын өмір сүрген Юлий Цезарь жарықтық тұр. Бұл кісі өз қалауын алға тартып, бір айды (июль) өзінің атымен атаса, бұдан кейінгі патша мұрагері Август та тағы бір айды өзінің атына жазып алған. Одан соң 161-180 жылдары билік құрған Марк Аврелий (император Мариус) бір айды өзінің құрметіне «Март» деп атауды жөн көрген. Сөйтіп ежелгі жыл санаудың табиғи болмысы өзгерген.

– Сіздің пайым бойынша ежелгі ай атауларында қате­лік бар екен. Ал уақытты меже­лейтін есеп-цифрларда қандай қателік бар?

– Уақытты межелеуден кеткен қателікте тіпті екі мың жылдың үлесі бар. Ғылымда цифрлық жүйе деген болады. Ол 0-ден 9-ға дейінгі таңба-белгілер реті. Бұл ерте дәуірде тұрақтандырылған. Сізге бір қызық айтайын, алғаш адамзаттық күнтізбе қолданысқа кірген кезеңде цифрлық жүйе 7-еу, яғни жеті сан (таңба) болған. Қазіргі біз пайдаланып жүрген «8» және «9» сандары болмаған. Міне, осыдан кейін күнтізбелік есептік меже әуелден қате жасалған. Сол қателік әлі түзетілген жоқ.

– Сөзіңізді бөлейін сіз айтып отырған 7 таңбаға кейіннен біріккен «8» және «9» сандары қай мезгілде қосылды?

– Адамзаттың алғашқы есептеу құралы 7 таңбадан құралды десек, соңғы екі сан 1500 жылдан кейін кірді. Бұл екі санды кіргізген арабтар. Кейін мұсылман халифаты дәуірлеген тұста арабтардың осы ондық жүйелігі Еуропаға тарады. Қысқасы, адамзаттық жетілген цифрлық жүйені қарт құрлыққа жеткізген араб мәдениеті. Бірақ осы арабтар ондық жүйені өз өмірлеріне бүгінде кіріктіре алмай отыр. Оның себебі көп. Бір ауыз сөзбен жеткізу қиын...

Біз көп жағдайда сан мен цифр­ды ажырата білмейміз. Цифр дегеніміз – 0-ден 9-ға дейін­гі тұрақты таңбалар. Осы таң­баларды құрастыру арқылы шексіз санды шығаруға болады. Бұл ұғымды әріп арқылы тәпсірлеп көрелік. Қазақта 42 әріп бар. Осы әріптер арқылы миллиондаған сөздер құрап, жүздеген том кітап жазуға болады. Сан дегеніміз – жаңа айтып өткендей цифрлар жиынтығы. Осы орайда қазақы танымда «0» санға жатпайды. Абай атамыздың «едница болмаса не болды өңшең нөл» дегені сияқты. Осыдан кейін, яғни «нөл» есепке алынбағандықтан адамның нөлдік (бір жасқа дейінгі) уақыты есептелмей мүшелді 12 деп жүрміз. Ал шын мәнінде мүшел саны – 13.

– Сіз жасап шыққан күн­тіз­­белікті «Адамзаттың жаңа календары» деп атаса да болған­дай екен. Неліктен «Мәңгі қазақ календары» деп атадыңыз?

– Мен бұл жұмысты «адам­заттық» демес бұрын өзіме «мен­ қайдан жаратылдым?» деген сұрақ қойдым. Бұған жауапты Құранннан таптым. Қасиетті кітаптың 51-сүресі, 56-аятында Алла тағала «жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылу үшін жараттым» депті. Демек, барлық жаратылыста құлшылық құпиясы бар. Мысалы, Алла жерді жаратып күнді айналдырып қойды. Галактикада мыңдаған планета сапырылысып жүзіп жүр. Олар бір сәт қате баспайды. Бұл нет­кен дәлдік, нендей құдірет. Тағы да Құранның 36-сүресі, 38-аятында: «Таңды сөгуші, түнді тынығу және күн мен айды есеп үшін жараттым. Осылар аса білуші Алланың өлшемі» дейді. Осы үкімді оқыған соң өз басым уақыт ол – ең үлкен құлшылық деген тоқтамға келдім. Сөйтіп ғаламдық уақыт есебін зерттеуге бет бұрдым. Мысалы, айдың фазасы 13 градусқа аунамай таң атпайды. Бұл түйінді маған дейін ешкім шешкен жоқ. Ал күн календарында бір жылда күн мен түн екі дүркін теңеседі. Бірі – 22 наурыз, екіншісі – 22 қыркүйек. Осы екі аралықтағы тәулікті есептеп көріңіз, бірі – 186 тәулік те, екіншісі – 179. Бір апта жоқ.

– Сіз жасаған жаңа күнтізбе­нің басты ерекшелігі не?

– Жаңа күнтізбенің ерекшелігі – жылды 13 айға бөлдім. Бір айда – 28 күн. Жылдық тәулік есебі: 13 х 28 = 364 күн. Әрі қа­рай осы жүйемен уақытты жүйе­леп көрелік. Мысалы, сіз «1963 жылы 28 қаңтар, дүйсенбі» күні тудыңыз. Жоғарыдағы күнтізбелік жүйе бойынша сіздің туған күніңіз мәңгі тек «дүйсенбі»-ге сай келіп тұрады. Ол ешқашан өзгермейді. Бұл күнтізбенің басты ерекшелігі осында және уақыттық өлшемдері мүлтіксіз.

Одан кейін ұлтым – қазақ. Адам баласы үшін пайдалы дүние жасадым екен, ол неге қазаққа тән болмайды. Мен еш нәрсені ойдан алып отырғаным жоқ. Абай атамыз айтпақшы, жанымыздан ғылым шығара алмаймыз. Мұндағы есептің барлығы қазақтың көне танымында бар. Сондықтан бұл құжатты «Мәңгі қазақ календары» деп атауды жөн көрдім. Екіншіден, «мәңгі» атауын берген себебім, Алладан басқа мәңгілік жоқ. Кім Онымен бірге болады, Оның үкіміне сай дүние жасайды сол ғана мәңгілікпен ұштаса алады.

– «Мәңгі қазақ календары» күн­тізбесінде ай атауларын қалай қазақшаладыңыз?

– 13 айлық күнтізбеде қазақ­ша ай аттарын әзірше шоқжұл­дыз­дардың атымен белгілеп қой­дым. Балықтар, Тоқты, Торпақ, Егіздер, Шаян, Арыстан... деген сияқты. Өйткені қазіргі ай атау­лары: қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр... т.б. бұларды тек қазақ қана біледі. Ол шоқжұл­дыздар атауы күллі әлемге тән. Осыған сәйкестендіріп ай­дың ағылшынша-орысша атауларын да тауып қойдым.

– Бұл күнтізбенің күллі адам­зат үшін қандай пайдасы бар?

– Ең әуелі, адамзат өміріне тән даталар уақыты ешқашан өзгермейді. Сол себепті жыл са­йын қағаз шығындап календарь жасамайсыз. Қазіргі күнтізбеде он жылда бір келетін «кібісе» жылы дейтін бар. Оны кейбір халықтар «қауіп-қатерге толы жыл» деп ырымдайды. Осы жалған ырым жоғалады.

Содан кейін бұл күнтізбе – астрономиялық әрі мате­ма­ти­калық тұрғыдан ешқандай кінәратсыз. Сол себепті жасанды Григориан күнтізбесінің салдарынан банк және қаржы жүйелерінде; технологиялар мен цифрландыру үдерістерінде; медициналық және биологиялық процестерде; макро және микро ғарыш саласында; қарапайым адамдардың күнделікті өмірінде, т.б. орын алып отырған кедер­гілер мен кемшіліктердің түбе­гейлі жойылары анық.

Одан кейін мәңгі өзгермейтін 28 күндік/13 айлық тұрақты күн­тізбеде әр жылдың басы Наурыз айының 21-індегі күн мен түннің теңелетін сәтіне дөп келетін бірін­ші жексенбі ғана нөлден басталады, ал қалған жексенбілер аптаның үйреншікті жетінші күніне сай келіп тұрады. Қалған күндер 13 айлық күнтізбенің өн бойында мәңгі өзгермей, қаққан қазықтай мызғымай орнығады.

Қаржы-экономикалық тұрғы­дан да, бұл күнтізбе ешбір ысы­рапқа жол бермейді, өйткені бір рет баспадан шыққан бұл күнтізбенің бастапқы нұсқасын ондаған немесе жүздеген жылдар бойы қолдана беруге болады.

 

Әңгімелескен

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»