• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 18 Қыркүйек, 2020

Әділетсіз үкімнің әлегі ме?

527 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азаматтардың сұраныстарына ықылас танытуға тиіс құқық қорғау органдарының алдына жаңа талаптар қойылып отырғандығын айтқан еді.

Сонымен қатар  Президент «Құқық қорғау жүйесінің жұмысында бұрынғы дағ­ды бойынша айыптауға бейім­ді­лік басымдау болып тұр. Азаматтардың қылмыстық жауап­кершілікке негізсіз тарты­латын жағдайлары да аз кез­деспейді» деген болатын.  Жолдауда айтылған осы тұжырымға арнайы тоқта­луы­мыз­дың өзіндік себебі бар.

«Егемен Қазақстан» газе­ті­нің редакциясына  Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің «ЕЦ-166/1 мекемесінде»  жазасын өтеп жатқан Павел  Генадьевич Труфановтан  хат келген еді. Онда Павел Труфанов өзінің  әділетсіз сотталғандығын, өзі­не қатысты қылмыстық іс бо­й­ынша Нұр-Сұлтан қаласы «Сарыарқа» аудандық полиция басқармасы тарапынан бірқатар құқықбұзушылық болғанын,  әртүрлі мемлекеттік органдарға шағым түсіргенімен,  істің нәтижесіз аяқталғанын жазады.

«Мүлде қатысым жоқ ұр­­лық­қа қатысты екі фак­тіні маған таңып отыр. Аталған ұрлықтарға менің қатыстылығым туралы факті дәлелденбеді.  Бірақ сот мұны ескерген жоқ.   Ал үш адамнан тұратын  жәбірленуші тараптың да маған қояр талабы жоқ, өйткені моральдық та, материалдық та шығыны толықтай өтелген. Қылмыстық құқықбұзушылық бойынша  талап-арыз жоқ.  Иә, мен қылмыстық теріс әрекет  жасадым, ол үшін өкінемін. Екі кішкентай балам бар екеніне қарамастан, сот менің жазамды  төрт  жылға қауіпсіздігі барынша жоғары  жазалау орнында өтеуге үкім шығарды» деп жазады жазасын өтеуші.

Павел  Труфанов шағы­мын­да өзіне қа­­тыс­ты қыл­мыс­тың жеңіл жаза түрі­не жа­татындығын, әлі де әді­лет­­ті­лікке  үміт арта­тын­ды­ғын, сондай-ақ  тікелей өзіне қа­тысты ұр­лық мөлшері 189 200 теңге кө­ле­мін­де толықтай өтел­ге­нін жазады.

Жазасын өтеушінің жа­най­­қайын құқық қорғау орган­да­рының назарына ұсына отырып, Павел  Труфановтың қыл­мыс­тық ісіне әділетті шешім шығарылады деп үміттенеміз.