• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Қыркүйек, 2020

Үш тілдің үздіктері анықталды

467 рет
көрсетілді

Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдері аясында өткен "Тіл шебері" республикалық онлайн байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz

Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба қатысушыларды құттықтап, мемлекеттік тілдің мәртебесіне айрықша тоқталды: "Шет елдермен халықаралық байланыс артқан сайын, көп тіл білетін жас ұрпақ тәрбиелеу қажеттілігі де күн тәртібіне шықты. Бұл байқаудың басты мақсаты жаһандық өркениет пен еліміздің  даму бағытына сай  үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген, жан-жақты білімді жастарды анықтап, қолдау көрсету. Бірақ, бір нәрсені баса айтқым келеді, ана тілің әрқашан биікте тұруы керек. Өйткені, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, "тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады». Ғалымдардың есептеуінше, әрбір он төрт күн сайын бір тіл жоғалып отырады екен. Сырттан ешкім келіп, тыйым салып жатқан жоқ. Қолданыс аясы кемігендіктен өрісі тарылады. Сол секілді күнделікті тұрмыста қазақ тілін екінші кезекке ысыра берсек, қолданыстан еріксіз шығатын сөз қатары көбейе береді. Сондықтан, ана тіліміздің абыройын асқақ ұстаңыздар", деді ол.

Тіл бәйгесіне еліміздің түкпір-түкпірінен 16 үміткер қатысса, байқаудың әр кезеңіне кәсіби сараптама жасап, баға берген қазылар алқасы талантты жастар қатары өсіп келе жатқанына тоқталды. Олардың пікірінше, жарысқа қатысушылар ағылшын тілін жақсы меңгерген, ал ана тілінде эссе жазу барысында шұрайлы ойын шырайлы етіп бейнелей алғаны қуантарлық екен.

Шара модераторы Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталық директорының орынбасары Айдос Әбдіхалық жастармен экспресс-сұқбат ұйымдастырып, олардың еліміздегі тілдік ахуал бойынша өзара пікір алмасуына мүмкіндік тудырды. Ара-арасында өнерге кезек беріп отырды. Мұның бәрі сайыстың тартымды, өзара тығыз байланыста өтуіне игі әсер етті.

Қазылар алқасының шешімі бойынша жүлде қоры 300 мың теңгелік бас жүлдені қостанайлық Сүлеймен Берікбайұлының қанжығасына байланса,  бірінші орынды алматылық азамат Абзалбек Әділхан иеленіп,  250 мың теңге сыйлық алды. Екінші орын мен 150 мың теңге сыйлық Алматы облысының жас тұрғыны Қанат Жақсыбаевқа бұйырды. Үшінші орынды Шымкент қаласынан келген Ақерке Бекболатова мен Қарағанды облысының үміткері Әмірхан Оралбеков бөлісіп, әрқайсысы 100 мың теңге олжаға ие болды. Бұлардың сыртында белсенділік танытқан ақтөбелік Нарқозы Есенкелдіұлы, керекулік Мақпал Еркінқызы, жамбылдық Алдияр Бауыржанұлы 50 мың теңге сыйлық және Алғыс хатпен марапатталды.