Мәдениет және спорт министрлігі қазақы тазы мен төбеттің тұқымын сақтап, олардың саны мен сапасын арттыра отырып, болашақта бұларды ұлттық спорт бағытына қарай икемдеу мақсатында, осы салаға қатысты қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, жыл соңына дейін кешенді жұмыс жүргізуді қолға алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Елімізде қазіргі таңда «Тазы-төбет-бөрібасар» қоғамдық ұйымының ресми емес деректеріне сүйенсек, 40 мыңнан астам тазы мен төбет бар екен. Негізгі жұмыс осы құрылымды аккредитациялау мәселесі. Бұл шара толық іске асқан жағдайда Федерация заңды түрде атқарушы органдармен бірлесе жұмысты жасап, спорт мектептерінде секциялар ашуға, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыруға, ішкі чемпионат немесе басқа да халықаралық турнирлерді өткізуге мүмкіндік алады екен.
Жоғарыдағы мәселе бойынша өткен аптада мемлекеттік құрылымдар және қоғамдық ұйымдардың қатысуымен онлайн жиналыс ұйымдастырылып, бас қосуға қатысқан тараптар алдағы жұмыстар туралы ой бөлісті. Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасы міндетін атқарушы Серік Жарасбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда қазақтың тазысы мен төбетін сақтап, олардың санын арттыру өте маңызды көрінеді.
«Ұлттық спорт жанашырлары өңірлерде тазы мен төбет ұстайды. Алайда, басты проблема бүгінгі жағдайға сай келетін ресми деректердің жоқтығы. Біздің ведомство аталған мәселе бойынша жұмысты бастап кетті. Арнайы ұйым Федерацияны аккредиттеу бойынша құжаттарды жинап, итбегілік өнерді спорт түрі ретінде мойындату жолында жұмыс жүріп жатыр» деді Серік Маратұлы.
Сондай-ақ жануарларға қатысты жауапкершілікті күшейтетін заң жобасы да жасалып жатқан көрінеді. Осы құжат негізінде мемлекет жануарларға қатысты заңдық шараны жетілдіріп, сонымен қатар дала жануарларын да қорғаудың тың тетіктерін күшейтпек көрінеді.