Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жергілікті өзін өзі басқаруды дамытудың кезі келгенін, соған сәйкес жаңа тұжырымдама әзірлеу мен жергілікті басшылардың құзыреті мен жауапкершілігін арттырудың қажеттілігіне тоқталды. Сондай-ақ Президент алдағы уақытта ауыл әкімдерін тікелей сайлауды ұсынды. Бұл тәжірибе бірқатар шет мемлекетте әлдеқашан қолданысқа енген. Осы орайда аймақ басшыларын халқы сайлайтын мемлекеттердің тәжірибесіне шолу жасап көрген едік.
Жергілікті өзін-өзі басқару азаматтарға мемлекеттік басқаруға араласуға, шешім шығаруға мүмкіндік беру азаматтық қоғам институтының айнымас бөлігіне, тіпті негізіне айналғаны анық. Тұрғындарға басшысын сайлау мүмкіндігін беру, басқару ісіне араластыру арқылы олардың саяси белсенділігін арттырады. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құруды мақсат еткен еді. Алаш қозғалысының көсемі үлгі еткен Жапонияның саяси жүйесін негізге алмасақ та, өзін өзі басқару моделіне назар салсақ.
Жапониядағы жергілікті басқару органдары 1947 жылы қабылданған Жергілікті автономия туралы заң негізінде жұмыс істейді. Құжат бойынша аталған құрылымдарға азаматтарға сапалы медициналық қызмет көрсету, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жаңа муниципалды құрылымдар ашу, сапалы білім беру, салық жинау мен әлеуметтік қорғау жүктелген. Басқару жүйесі префектура мен муниципалитет деген екі деңгейден тұрады. Префектуралар мен астананы губернаторлар, муниципалитеттерді мэрлер, ауылдарды старосталар басқарады. Олар 4 жылға сайланады. Қай басшыны да сол аймақтың тұрғындары тікелей сайлау арқылы таңдайды. Ал басшыны таңдауға сол елді мекенде 3 айдан астам уақыт тұрған кез келген 20 жастан асқан азамат қатыса алады. Жергілікті мәслихат депутаттарына үміткерлер 25 жасқа толуы керек, ал губернаторлыққа 35 жасқа толған азаматтар үміткер бола алады. Жаңа сайланған басшымен қатар жергілікті депутаттар да сайланады. Яғни аймақ басшысымен қатар жергілікті заң шығаруға қатысушы, атқарушы билік те ауысады.
Күншығыс елінде жергілікті атқарушы биліктің жоғарғы деңгейі саналатын префектуралар саны – 47. Ол жүйе Мейдзи билігі кезінде жасақталған, содан бері өзгеріссіз. Елдегі префектуралардың формальды мүмкіндіктері бірдей болғанымен, іс жүзінде әр аймақтың әлеуеті әртүрлі. Бұл аймақтың экономикалық дамуымен байланысты.
Сайланатын басшының міндеттеріне тоқталсақ, губернатор басқарып отырған аймақтың бюджетін жоспарлау, оны игеру мен орындауды қадағалайды. Салық пен айыппұлдар көлемін белгілейді. Халықтың салық төлеуі де соған жүктелген. Сонымен қатар префектура жиналысына заң жобаларын ұсынады. Аймақ мүлігі, оны сату немесе сатып алу да құзырында. Префектураға қарасты ұйым, аппарат қызметкерлерін жұмыстан босатып, құзырындағыларға тапсырмалар жүктей алады.
Губернатор заң шығару үрдісіне де араласады. Оның кеңесте мақұлданған заңнамалық актілердің күшін тоқтатуға вето қою құқығы бар. Әлбетте, заң шығарушы орган бұл талаппен келіспей, заңды қабылдай алады. Дегенмен заңнамалық актінің дұрыстығына дәлел керек. Губернатор өзімен келіспеген заң қабылдауға қатысушы органды сотқа беруге құқығы бар. Сот шешім шығармайынша құжаттың заңдық күші тоқтатылады. Сенімсіздік білдірген жағдайда губернатор 10 күннің ішінде қайтадан сайлау өткізіп, жаңа кеңес жинауы керек.
1940 жылы Кеңес Одағының қатарына қосылып, 1990 жылдың 4 мамырында одақтан шығатынын мәлімдеген Латвия мемлекеті бүгінде озық елдердің біріне айналды. Еуропа одағындағы мемлекет болған соң одақтас елдердің демократиялық саясатына ұқсас. Яғни жергілікті өзін өзі басқару өркениетті жолға қойылған.
Латвия да елді мекеннің мәртебесі мен әлеуетіне сай басқару жүйесін екі жүйеде қарастырады. Бірінше деңгейдегі аймаққа 490 ауылдық округ, 69 аудан мен 7 қалалық муниципалитет кірсе, екіншісіне 26 аймақтық билік органы мен республикалық маңызы бар 7 қала кіреді. Мемлекеттегі жергілікті басқару жүйесі Еуропаның жергілікті басқару хартиясына негізделген. Халық төрт жыл сайын наурыз айының екінші жексенбісінде жергілікті атқарушы органдардың, яғни қалалық дума, аудандық кеңес пен ауылдық муниципалды кеңес басшылары сайлауына қатысады. Ал қала не ауыл басшылығынан үміткер 21 жасқа толуы тиіс. Кемінде 1 жыл Латвияда тіркелген болуы шарт.
Жергілікті өзін өзі басқару органдарына жергілікті бюджеттің игерілуі, нормативтік актілерді қабылдау және оның орындалуын қадағалау, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту міндеттелген. Алайда жергілікті халық мемлекетте әлі де орыстілділердің көп болуына байланысты аймақ басына әділ, екі қауымға да ортақ басшыны таңдау қиынға соғатынын айтады. «Бізде басшымызды сайлау мүмкіндігі бар. Алайда сол аймақтың халқына байланысты екі ортаға да бірдей басшыны таңдау қиынға соғады. Орыстілділер көп шоғырланған аймаққа орыс тіліне басымдық беретін басшы келеді. Бұл жергілікті этностың дискриминациясына әкеледі. Олардың мүддесі көп жағдайда еленбей қалады. Жалпы, халық өзін өзі басқаруға келгенде белсенді. Тараптардың тартысы, бәлкім, өз мүддесін қорғау үшін белсенді болуға итермелейтін шығар», дейді Рига қаласының тұрғыны Роман Михайлов.
Тарихтан Африка құрлығындағы мемлекеттердің біразы бодан ел болғанын білеміз. 150 жылдан астам уақыт Ұлыбританияның отары болған Оңтүстік Африка Республикасы 1960-жылдардың соңында егемендік алды. Африка құрлығындағы экономикасы озық ел саналатын әрі G20-ға мүше жалғыз африкалық елдің басқару жүйесі – парламенттік. Конституцияға сәйкес, халық өзі тұрып жатқан елді мекеннің басшысын сайлайды. Бұл мемлекетте де муниципалды жүйе қалыптасқан. 1994 жылғы саяси жүйенің реконструкциясынан кейін жаңа ереже бойынша әр әкімшілік-аумақты аймақ басшысына жергілікті экономиканы басқарып, инфрақұрылымды дамыту, халыққа қызмет ету тапсырылды.
ОАР-да жергілікті басқаруға ерекше көңіл бөлінген, бірқатар мәселені өз алдына шешу қарастырылған. Үкімет пен провинция басшылары елді мекен басшыларына заңмен бекітілген функцияларын атқаруға кедергі келтірмеуі керек, керісінше жергілікті биліктің әлеуетін көтеру жолға қойылған. ОАР Парламенті Ұлттық жиналыс пен Ұлттық провинциялар кеңесі деп аталатын екі палатадан тұрады. Жалпы, Оңтүстік Африка Республикасында 9 провинция бар. Олардың басшылары 5 жылға сайланады. Ал провинциядан Ұлттық кеңеске 30-80 өкіл сайланады. Онымен қоса ОАР Африка құрлығындағы «ақ нәсілділер» көп шоғырланған аймаққа жатады. Ұлыбритания бодандығына дейін Португалия, Нидерланд отары болу не этностардың тартысы себеп болса керек, ОАР халқы саясатқа келгенде шешім қабылдауға, оң өзгерістерге ашық дейді сарапшылар. Халық саны да жыл сайын өсуде. Мәселен, 1996 жылғы санақ бойынша елде 40,5 млн тұрғын болса, 5 жылда 44,8 млн-ға жеткен. 2013 жылы шамамен 53 млн азамат тіркелген.
Жергілікті басқарудың кенже қалуына ауыл аймақ бюджетінің жай-күйі қандай себепші болса, азаматтардың саяси белсенділігінің төмен болуы да демократияның орнығуын кешеуілдетеді. Тұрғындардың заңды білмеуі, әкімдік қызметкерлерінің шешім шығарудағы қауқарсыздығын кей кезде жергілікті деңгейде шешілетін мәселелерді халықтың Президент Әкімшілігі сынды жоғарғы органдарға жолдауынан байқауға болады. Жергілікті өзін өзі басқарудың дұрыс механизмдері жолға қойылмағаны да анық. Әкімдер сайланатын болса, үміткерлер арасында тартыс пен бәсеке пайда болатыны сөзсіз. Ал халық сайлауалды бағдарламаны талап етуді үйренсе һәм саяси сауатын арттырып, «есеп беретін Үкіметті» өз жерінде-ақ талап етсе, елді мекендердің алға басуы утопиядан шындыққа айналатыны сөзсіз. Жоғарыда біз сөз еткен елдер тәжірибесі осыны айғақтай- ды.