Отандық медиа кеңістікте өз орны бар республикалық «Мысль» журналы жуырда ғасырлық межесін атап өтті. Біз осы айтулы оқиғаға орай журнал редакциясындағы әріптестерімізді құттықтай отырып, басылымның бас редакторы Аяған Сандыбаймен тілшіміз жүргізген сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.
– Аяған Өтенұлы, сізбен сұхбатқа дайындық барысында журналдың соңғы жылдардағы нөмірлерімен танысып шықтым. КСРО кезінде еліміздегі басты басылымның бірі болған журналдың моделі мен мазмұнын қазіргі форматқа лайықтап, тәуелсіз мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатындағы сұрақтарына толыққанды жауап беретін тақырып бағдарын қалыптастыра білгендеріңіз көрініп тұр.
– Иә, журналдың «Мысль» деп аталуының өзі көп жайдан хабар беріп тұр. Шынында да интелектуальдықты өзінің негізгі бағыты етіп алған біздің журналдың мақсаты да адамдарды жаңаша ойлауға тәрбиелеу екені айтпаса да түсінікті. Біз осы жолды күні бүгінге дейін берік ұстанып келеміз. Журнал 1990 жылдарда ең ауыр кезеңді басынан өткерді. «Коммунистік партиядан мұра болып қалған мұндай басылым өзін-өзі ақтамайды» деген секілді сыңаржақ көзқарас пайда бола бастаған кезде Алтынбек Сәрсенбаев, Анатолий Гурский, Жұмабек Кенжалин сияқты азаматтардың жанкештілігімен журнал өз жұмысын тәуелсіз елдің басты басылымдарының бірі ретінде одан әрі жалғастыра білді.
Журнал сол жылдары өзінің өмір сүруге құқы бар екенін толық және түпкілікті дәлелдеп шықты. Егемендіктің алғашқы жылдарында көптеген ақтаңдақтардың бетін ашып, демократиялық жолға қадам басқан жас мемлекетімізде адамдардың құқығы мен бостандығын қорғау жолында айтарлықтай еңбек етті. Жалпы құқықтық және ұлтаралық қатынас мәдениетін арттыру мәселелерін үнемі көтеріп, көпұлтты Қазақстан халқының татулығы мен бірлігін одан әрі нығайтуға белсене қатысты. Біздің басылым сонымен қатар экономикалық қарым-қатынасқа көшкен Қазақстанның қарапайым азаматтарының бойында нарықтық психологияны қалыптастыруға да көп көңіл бөлді.
– КСРО жүйесіндегі 70 жылда – біздің тарихымыз. Тарихты бөлшектемей, тұтас қарағанда ғана ақиқат анықталады. Тарихшылар Қазақстан коммунистік партиясының мінбері болған газет-журналдардың тарихын зерттеуге аса ықылас таныта қоймайтын сияқты. Сіз басқарып отырған журналдың жүріп өткен жолы лайықты зерттелді ме?
– Бүгін 100 жылдық мерейтойына абыроймен жетіп отырған журнал әу бастан өзіндік салмағы бар салиқалы басылым болғанын жоққа шығаруға болмас.
КСРО кезіндегі партиялық басылымдардың тарихы – қоғам үшін әлі түрен түспеген тақырып. Бәлкім, бұл факторға баламасы жоқ коммунистік режім де себеп болған шығар. Өйткені, ұзақ уақытқа дейін бізде алтернативті жүйе болмағанын қазір дәлелдеп жатудың реті де, жөні де жоқ. Осы басылымдардың тарихына үлес қосқан тұлғаларымыз өткен ғасырдың отызыншы жылдары қуғын-сүргінге ұшырады. Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұловтан бастап қазақ зиялыларының біразы партиялық басылымдарда қызметте болды.
Республикалық қоғамдық-саяси «Мысль» журналы 1920 жылғы қыркүйек айынан шыға бастады. Осы кезге дейін бірнеше атпен шыққаны көзіқарақты жұртшылыққа жақсы белгілі. Алғашқы нөмірді шығару сол уақыттағы биліктің ұйғарымымен елдегі баспа өнімдері редакциялық алқасының төрағасы В.Мюратқа жүктелді. 1920 жылдың 22 қыркүйегінде Қазақ АССР-нің құрамына Орынбор губерниясы қосылды. Орынбор республика астанасы атанды. Келесі күні Кирбюро президиумының мәжілісі екі журналды – «Известия облбюро» мен «Известия Оренбургского губкома РКП (б)» басылымдарын біріктіру жөнінде қаулы қабылдады. Журналдың уақытылы шығуына Мұхаммед-Хафиз Мырзағалиев жауап берсе, өлке бойынша материалдарды А.Анохин, ал губком бойынша материалдарды П.Журавский жинады. 1921 жылы 21 наурызда Кирпартбюро құрамы жаңартылды. Оның мүшелері болып В.Радус-Зенькович, А.Авдеев, А.Анохин, П.Журавский, С.Меңдешев, М.Мырзағалиев, М.Саматов, Ә.Жангелдин бекітілді. Осы оқиғамен қатар басшылықтың декреттері мен қаулы-қарарларын орналастыру үшін – «Известия Казкрайкома РКП (б)» атты журнал шығару мәселесі көтерілді.
Өткен онжылдықтардағы журналдың сарғайған беттерін ақтарып отырып, бүгінгі оқырман үшін де өте қызықты фактілерді табасыз. Айталық, елдің бәрін аласапыранға түсірген жалған ғалым Трофим Лысенконы кезінде аспанға көтерудің өзі қандай күлкілі болған десеңізші. Немесе біздің әдебиетіміздегі Тайыр Жароков пен Қуандық Шаңғытбаев сияқты классиктердің шеберліктеріне шек келтіріп, оларды түкке алғысыз қылғандарына да қарның ашады. Алексей Брагиннің «Неосуществленный замысел. О сборнике «Казахская советская поэзия» мақаласынан соғыстан кейінгі жылдары әдебиетке айрықша мән беріле бастағанын байқауға болады. Сұрапыл соғыстан кейін рухани дамуға ден қойған ел үшін қуанасыз. «Егер бізде бірде-бір ақынның кітабы ескерусіз қалмайтынын еске алсақ, онда «Қазақ совет поэзиясы» жинағын шығару республиканың мәдени өміріндегі елеуді оқиға екені айтпаса да түсінікті» деп ой қорытады автор. Қазіргі заманғы жазушыларымыз осы жолдарды оқып, сол кездегі қаламгерлерге жасалған қамқорлыққа қызыға қарайтыны сөзсіз.
Ал қазіргі таңда журнал адамдарды ойлауға тәрбиелейтін құрал екенін батыл айтуға болады. Бүгінде журнал қоғам мен мемлекеттің барлық өзекті мәселелерін ашық, еркін талқылауға арналған ашық алаңға айналғанын мен мақтанышпен айта аламын. Басылым қазіргі заманғы саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени процестерді объективті, терең талдауымен ерекшеленеді. «Мысль» журналы нөмірден нөмірге әдебиеттің, музыканың, халық шығармашылығының озық үлгілерін насихаттай отырып, Қазақстан халқының ұлттық санасын қалыптастыруда әлеуметтік маңызы бар жұмыстар атқарып келеді. Ең бастысы, осындай тарихы терең журналды сақтап қала білгеніміз, оның өзіне тән қоғамдағы орнын жаңа тәуелсіз еліміздің саясатын іске асыруда тиімді пайдалана біліп отырғанымыз да парасатты іс деп түсінемін.
– Сіз жуырда журналистермен кездескен кезде журнал 1990-2000 жылдар аралығында ұлттар арасындағы ауызбіршілікті сақтап қалуға басымдық берді деген едіңіз...
– Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында отандық баспасөзде негізгі үш басым бағдарды қалыптастыруға талпындық: Біріншіден, нарықтық психология мәдениетін қазақ жерінде қалыптастыру. Екіншісі, құқықтық мәдениетті орнықтыру. Үшіншісі, этносаралық тұрақтылық мәдениетін сақтап қалу. Өмір алға жылжып жатыр. Құндылықтар өзгерді, құндылықтарға деген көзқарастар да өзгерді. Біз де заманның ағымына қарай көшімізді сол өзгерістерге бейімдеп отыруға тырысамыз.
– Журналдың қазіргі материалдық-техникалық жағдайына тоқтала кетсеңіз?
– Кеңес Одағы тарағаннан кейін бір миллион тиражы бар «Коммунист» журналы ресейлік «Свободная мысль» атанды. «Партийная жизнь Казахстана» «Мысль» деген атты иеленді. Мына жайтқа назар аударуыңызды сұраймын, бүгінде біздің таралымымыз мәскеулік басылыммен бірдей, бірақ штатымыз бес есе кем. Бұл – әрине, ойланарлық мәселе.
Мен бұрын орыс тіліндегі журналистер арасында мықты редакторлар тапшы деп ойламаппын. Қазір сондай жағдайды бастан кешіп отырмыз. Журналистердің біразы бизнеспен айналысып жүр. Көп мамандар ұлттық компаниялардың пиар менеджментін басқаруға кетті. Содан кейін журналды сақтап қалудың, оқырманды жоғалтып алмаудың бүкіл мүмкіндігінің жалына жармасып, тіршілікті жалғастырып жатқан жайымыз бар.
– Қоғамдық сананы жаңғырту атүсті қарайтын мәселе емес.
– Әрбір қазақстандық өз елінің тарихын білуі тиіс. Әрбір мақала оқырманына ой салып тұруы керек. Қазақ мың өліп, мың тірілді. Әлемде әуелі тілін, сосын өзін жоғалтып алған қанша ұлт барын ешкім санап жатқан жоқ. Көне иврит тілін қайта тірілтіп, халық болып қайта бас көтеру мүмкіндігі еврей ұлтына ғана бұйырғанын жақсы білесіз. Біз халқымыздың ірі тұлғаларын құрметтеп, олардың ерекше қасиеттерінің негізінде жас буынды тәрбиелеуіміз керек. Айтатын мысал көп. Таң калмау мүмкін емес, Алаш арыстарының қайсысын алсаңыз да, сегіз қырлы, бір сырлы. Орман-инженері Әлихан Бөкейханов саясаткер, журналист, редактор, экономист, жерді пайдалану саласының мамандығын игерген. Мұхамеджан Тынышбаев – инженер-теміржолшы, тарихшы, этнограф. Бері келсек, Қаныш Сәтбаев – атақты геолог, ауыз әдебиетін зертеуші, ағартушы, Ебней Бөкетов химик болуымен қатар керемет аудармашы, көсемсөзші (оны кезінде әйгілі «Литературная газета» қызметке шақырған). Бұрындары бір зиялы алаш азаматы ұлттық мәдениетті, тілді, ділді сақтау мен дамыту жолында бүгінгі жүз қандасымыздың жұмысын атқарған.
– БАҚ коммерцияланса, идеология екінші орынға ысыралады деген пікір бар. Мұны айтып отырған себебіміз, коммерцияландырудың ауылы алыс емес сияқты.
– Ол күнге де жетерміз. Ондай жағдайдың біз үшін артықшылықтары мол екені даусыз. Біріншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында қосымша қаржы көзі пайда болады. Екіншіден, баспасөз еркіндігіне жол ашылады. Десек те әзірге баспасөзге ықыласы мен ынтызары ауып отырған бірде-бір олигархты көрген жоқпын. Ал шетелде, Жапония мен АҚШ-та бірнеше тарихы терең басылымдардың артында мықты құрылтайшылар тұр. Ал бізде басқаша. Жер көлемі үлкен болғанымен, ақпараттық кеңістіктің мүмкіндігі шектеулі. Одан бөлек, ақпараттық технология дамуының салдарынан әлеуметтік желі мен сары басылымдарды дәстүрлі БАҚ-тың қатарына қосуға арланбайтындар көбейді. Бұл – қауіпті құбылыс. Кейбір сайттар, порталдар оқырманды тарту үшін шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратуды әдетке айналдырып барады. Социум осы қақпанға түсіп қалып отыр. Сондықтан болар, қазіргі қоғамда дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының жанкешті еңбегі дұрыс бағаланбайтын үрдіс белең алды. Бұл – әрине, уақытша құбылыс. Қоғам бәрібір дәстүрлі басылымдарға қайта бет бұратыны сөзсіз.
– БАҚ пен қоғамдағы негізгі проблема не?
– Мен БАҚ төрт бағытпен алға жылжи алады деп сенемін. Олар – либералды, демократиялық, коммунистік, әлеуметтік-жауапкершілік бағыт болып бөлінеді. Әлемдік ақпарат кеңістігіндегі бұқаралық ақпарат құралдарынан осы төрт бағыттың бояуы байқалып тұрады. Біздің отандық БАҚ аталған бағыттардың арасында өз жолын табуы тиіс деп ойлаймын. Сөз жоқ, біздің менталитет басқаларға қарағанда өзгеше. Себебі, 300 жыл отар ел болдық. Ендігі мақсат сол құлдық санадан азат ұлттық сананың деңгейіне көтерілу керек. Мысалы, мен туып-өскен өлкеде тұрғындардың 17, облыс орталығында 5 пайызы ғана қазақ болды. Жас кезімде ауламызда ең болмаса жартысынан астамы қандастар болса екен деп армандайтынмын. Қазір біздің ауладағы тұрғындардың 100 пайызы – қазақтар. Бірақ ана тілінде сөйлейтіндер 17 пайызға жетер-жетпес. Ұлттық сананы қалыптастыруға ерекше мән беру керек деп отырғаным да сондықтан.
– Сіз орыстілді публициссіз. Осы тілге деген ықыластың әлеуметтік астары туралы ойланып көрдіңіз бе?
– Сөз жүзінде ана тілімізге ешкім қарсы шығып отырған жоқ. Бәрі қолдайды. Елімізде мемлекеттік тілді дамытуға және тұғырын бекіту мақсатында бюджеттен қомақты қаржы да бөлінеді. Осы ретте танымал сықақшы Михаил Жванецкийдің «Әзірге қазақтар бар кезде, мен орыс тілі үшін алаңдамаймын» деген сөзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Тіліміз өз елінде, өз жерінде өгейлік күйін кешпеуі үшін не істеуіміз қажет?! Қазынаға бай, көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орындағы байтақ жерге ие болып отырмыз. Белгілі фольклоршы, ориенталист, түркітанушы Василий Радлов кезінде былай деген екен: «Мен бүкіл әлем тілдерінің ішінде мына үш тілді ұлы тіл санаймын – орыс, француз, қазақ (түркі тілдерінің бірі)».
Дей тұра, жаһандану заманында қазақ тілі толыққанды коммуникация құралы бола алмайды дейтіндер көбейіп барады. Бұл – бос сөз. Түркі әлемінің ең бай, ең икемді тілінің әлеуетін толық сезіну үшін қазақ отарлық психологиядан, демек өзімізді өзіміз бағалай білмеуден толық құтылуымыз керек. Онсыз біз ата-бабамыз армандағандай ел бола алмаймыз.
– Аяған Өтенұлы, сіз КСРО-ның соңғы жылдарында Казақ телеграф агенттігінде жұмыс істедіңіз. Сол жылдары агенттік өзге басылымдар үшін бет түзейтін құбыламен бірдей болды. Бұл агенттіктің ерекшелігі неде?
– Иә, ҚазТАГ-та тоғыз жыл қызмет атқардым. Басты назарды нақтылыққа бағыттадық. Мысалы, қазір келер жылы бәлен жерде зауыт салынады деп басталатын жарияланымдар көп. Біз соңғы жылдары біткен тірліктің нәтижесі емес, бітпеген, қолға алынбаған жобалардың мүмкіндігі жайлы эйфориялық сезімдерге көбірек бой ұрып кеттік. Мен мұндай ақпараттарды, тіпті сараптамаларды да жарым-жартылай фейк ақпарат деп танимын. Бүгін мемлекеттік деңгейде қаржыландырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың тағдыры ертең қандай күйде болатынын ешкім білмейді. Сондықтан кез келген салада нақтылыққа басымдық бергеннен ұтылмаймыз. Ақпарат агенттігінің ұстанымы осы төңіректе болуы – оның нақты ерекшелігі.
– Көптеген сарапшылар қазақ журналистикасында модераторлар институтының қалыптаспағаны журналистердің белгілі бір салаға мамандануына кедергі келтіретінін айтады. Сіз қалай ойлайсыз?
– Бізде әртүрлі бағыттағы институттар енді қалыптасып келе жатыр. Бірақ штат, қаржыландыру жағы кемшін. Ал мемлекеттің балансындағы институттар мүмкіндіктерін әртараптандыруға асыға қоймайды. Себебі, жеп отырған нандарынан айырылып қалғысы келмей, тек өздерін қаржыландырушы тараптың қалқаны немесе қорғаны болумен ғана шектеліп отыр. Тіпті мемлекет қаржыландырып отырған, жағдайы бар институттар қоғамды толыққанды ақпаратпен қамтамасыз ете алмаса, дұрыс бағдар бермесе, қоғамдық ұйымдар немесе жекелеген тәуелсіз сарапшылар не істей алады?! Олар Батысқа да, Шығысқа да, тіпті ғарыш пен ауыл шаруашылығына да пікір айта беретін «әмбебап» сарапшы емес, өз саласына маманданған тұлға болуы тиіс.
Қазір ақпараттық кеңістікте белсенділік көрсетіп жүрген бес-алты сарапшы бар. Олардың пікірінде тереңдік бар ма, жоқ па деген мәселеге жауап беру – менің міндетім емес. Сарапшының парызы – биліктің жыртығын жамау емес, халыққа жұмыс істеу. Басқаша айтқанда, алдыңғы шепте жүріп, қауіптің алдын алып, ой салу. Егер біздегі сарапшылар белгілі бір салаға маманданған кезде журналымыздың тұрақты спикерлері де солар болуы керек еді. Тәуелсіздіктің 28 жылдық тарихында да мүлт кеткен тұстарымыз баршылық. Бұл кезеңде үш толқын өсіп-жетіліп, аренаға шықты. Бір ғана өзгеріс бар. Ол – бір көрпенің астында жатсақ та, жүз түрлі түс көріп оянатын халыққа айналдық. Бір кездері отар ұлт болғанын әлі күнге дейін ұмытқысы келмей жүрген ұлт біз ғана шығармыз. Қоғамдық сананың деңгейі оның әл-ауқатына әсер етеді. Жан-жағы таза, көркем болып тұрса, адам мұндай төмендікке бармайды.
Қазақ журналистикасының проблемалары бір басынан асып жатыр. Мықты мамандар даярлау ісінде жүйе жоқ, ұлттық бағдарлама жоқ. Сондықтан журналистика факультеттерін жандандыру үшін күндіз-түні жұмыс істеу керек. Бұл бағытта көш түзелсе, ол міндетті түрде оң нәтижесін береді. Өз тарапымнан Мемлекет хатшының хатшылығында қызметте болған кезімде ұсыныс жасап және оның кажеттігін дәлелдеп, журналистика саласына заманауи мамандар даярлайтын шетелдегі белгілі университеттерге жастарды жіберуді жолға қойдық. Содан бері «Болашақ» бағдарламасы бойынша жыл сайын жас журналистердің білім алуына мүмкіндік туды.
– Осы ойыңызды тереңдете түссеңіз. Өйткені, әріптестеріңіз сізге «таққа емес, БАҚ-қа басымдық беретін журналист» деп баға бергенін жақсы білеміз. Қордаланған проблемалардың шешілуіне ықпалыңызды тигізгеніңіз туралы егжей-тегжейлі айтып өтсеңіз!
– Бұл теңестіру, әрине, артықтау болар. Жоғарыда айтып өткендей, Қазақ телеграф агенттігі елдегі ең беделді ақпарат құралдарының бірі және бірегейі еді. Штаттық кестесі 200 адамға жуық, әр аймақта білімді, азулы, абыройлы тілшілеріміз және фототілшілеріміз болды. Кейін, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 200 адамнан 20 шақты журналист қалды. Сол кезде Президенттің Баспасөз қызметінде жұмыс істейтінмін. Қазақстан журналистерінің бірінші конгрессі ашылуы қарсаңында Елбасының баяндамасына екі ұсыныс жасадым. Біріншісі, әлсіреп жатқан агенттікті тірілту. Өркениетті елдер сияқты толыққанды заманға сай ақпарат тарату орталығын нығайту, күшейту. Тек қана мәтіндік және фото хабарлар емес, қосымша аудио-бейнехабарларды бүкіл әлемге тарату керектігіне назар аударттым. Ол үшін Президент телерадио кешенін ҚазТАГ-қа қосуды ұсынғанмын. Өйткені, менің пайымдауымша, Ақордадан қашанда болса бірізді ақпарат таралуы керек. Телесюжеттер, радиохабарлама және газет мақаласындағы мәтіндер бірізділікпен жазылуы тиіс. Бұл – халықаралық кәсіби талап. Бұл ұсынысым назарға алынды. ҚазТАГ Қазақ ақпарат агентігі болып, шығармашылық ұжым қалпына келтірілді. Шүкір, еліміздің басты ақпарат құрылымы өз орнын осылайша қайта тапты. Екінші ұсынысым бұқаралық ақпарат құралдарының сыни материалдарына мемлекеттік және басқа органдардың құлақ асуын қадағалау жөніндегі Комиссия құру туралы болатын. Мемлекет басшысы бұл ұсыныс туралы да журналистер конгресінде айтты. Оның үстіне, осының негізінде құрылған қоғамдық комиссияның бір-екі отырысы да өтті. Дегенмен, өкінішке қарай, әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалтпай келе жатқан БАҚ пен билік арасындағы тікелей және кері байланыс туралы мәселе әдеттегідей ұмыт қалды. Бұл барлық реформаларға тосқауыл болып отырған, оның ішінде жемқорлықпен күрестің тиімділігін төмендетуге алып келген негізгі жағымсыз факторлар екені даусыз. Білім және ғылым министрлігінде қызмет істеген кезімде тоқсаныншы жылдардың орта тұсында жабылып қалған «Қоғаммен байланыс» мамандығын оқу бағдарламасына енгізуге белсенді түрде кірістім. Журналистер өздері кәсіби саласының болашағын ойламаса, бүгінгі тіршілікте бұған кімнің басы қатар дейсіз? Содан бері жоғары оқу орындарының журналистика факультеттерінде пиар-менеджерлер даярлау жүзеге асып келеді.
– Мазмұнды әңгімеңізге көп рахмет. Өзіңіз басқарып отырған «Мысль» журналының мерейтойы құтты болсын!
Әңгімелескен
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,
«Еgemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ