Тұтынушылардың барлық қоғамдық ұйымдарын біріктіретін, өңірлерде кең таралған өкілдіктері бар Ұлттық тұтынушылар қауымдастығын құру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz
Жалпы, бұл тұтынушылардың мәдениетін және тұтынатын тауарлар мен қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, Заңда тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Ведомствоаралық кеңес құру көзделген. Оның отырыстарында мемлекеттік органдардың жұмыс нәтижелері талқыланып, кемшіліктер анықталып, тиісті шешімдер қабылданады. Осы Кеңестің құрамы мен ережесі Үкіметтің қарауында.
Сондай-ақ министрлік тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы атқарылған жұмыстар туралы сараптамалық баяндаманы жыл сайын Үкіметке ұсынатын болады. Құрылып жатқан Бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы жиналатын мәліметтер аталған проблемаларды жедел және сапалы түрде шешетін жұмыстың негізін құрайтын болады. Бұл жүйе тұтынушыларды, бизнесті, мемлекеттік органдарды біртұтас экожүйеге байланыстырады және салалар бөлінісінде, даудың мәні мен қарау субъектілері бойынша шағымдарды құрылымдастырып, қадағалауға мүмкіндік береді.
Мамандандырылған үкіметтік емес ұйымдар да жүйенің толыққанды қатысушылары мен бенефициарларына айналады. Ақпараттық жүйені қанатқақты тестілеу Нұр-Сұлтан қаласында кәсіпкерлік субъектілерінің ерікті түрде қатысуымен ағымдағы жылдың қазан айына жоспарланған.
"Біз Қазақстандағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін түбегейлі жаңа деңгейге көтеретін бірқатар жаңа бастамаларды ұсынамыз. Біріншіден, тұтынушылардың барлық қоғамдық ұйымдарын біріктіретін, өңірлерде кең таралған өкілдіктері бар Ұлттық тұтынушылар қауымдастығын құру мүмкіндігін қарастыру", деді Сауда және интеграция министрі.
Екіншіден, үкіметтік емес ұйымдардың негізінде омбудсмен институтын құру.
Үшіншіден, нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу кезінде тұтынушылардың мүдделеріне қатысты реттеушілік әсерді талдау және уәкілетті органмен келісу міндеттілігін енгізу.
Төртіншіден, тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы қоғамдық бірлестіктерді министрліктер мен әкімдіктер жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрамына қосу.
Бесіншіден, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік ұйымдардың қызметтерін бағалау көрсеткіштеріне (KPI) тұтынушылар тарапынан қанағаттану мен олардың жұмыстарына сенім деңгейін енгізу.
Алтыншыдан, тұтынушылардың мүдделері мен құқықтарын толығымен ескере отырып, мемлекеттік және жеке ұйымдар үшін Ерікті іскерлік ережелер мен үлгілік келісімшарттарға нормаларды қабылдау.
Жетіншіден, тұтынушылар мен кәсіпкерлер үшін тұтынушылар құқығын қорғау құралдары туралы тегін онлайн дәрістер курстарын өткізу.
Өз кезегінде Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Аслан Түкиев Жоғарғы соттың соңғы заңнамалық өзгерістерді әзірлеуге қатысқанын хабарлады.
"Біз тұтынушыға сотқа жүгінбей-ақ келтірілген моральдық зиянның өтемақысын төлеу мүмкіндігін оң бағалаймыз, жалпы алғанда, сот жүйесі тұтынушылық дауды реттеудің жаңа тәртібіне сәйкес жұмыс істеуге дайын", деді А. Түкиев.
Ағымдағы жылдың сегіз айының ішінде соттарға тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы 677 талапарыз келіп түсті. Оның 385-і қаралып, 306-сы талапкердің пайдасына қанағаттандырылды. Оның ішінде 94 өтініш бойынша бітімгершілік келісімдер жасалды.
"Бұл жақсы көрсеткіштер, бірақ олқылықтар да болды. Позициямызды үйлестіру үшін біз осы аптада Жоғарғы сот басшылығының, министрліктің және мүдделі тараптардың қатысуымен кездесуді жоспарладық. Бұдан басқа, Жоғарғы сот жүйелі бұзушылықтар бойынша тұтынушының белгісіз шеңберінің құқықтарын қорғау практикасын қолдайды. Жоғарғы сотта ұжымдық сот ісі деп аталатын тәжірибе жеткілікті заңнамалық реттеу болмаса да, дамытылып, оған қолдау жасалатын болады", деді А.Түкиев.