Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың айтуынша, онлайн білім алып жатқан оқушыларға 22 463 компьютерлік техника беру көзделіп отыр. Ол Атырау қалалық білім бөліміне, Исатай, Индер, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарының басшыларына компьютерлік техникаларды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Пандемия жағдайына байланысты 176 мектепте 111 296 оқушы қашықтан оқытылуда. Оқушыларға қажетті техникалық құралдар сатып алуға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Жергілікті бюджеттің 555 млн теңгесіне 3479 ноутбук, республикалық трансферт есебінен 2,9 млрд теңгеге 18 984 компьтерлік техника сатып алынуда. Оқушылар компьютерлік техниканы тиімді пайдаланып, ал ата-аналары күтіп ұстауын қадағалауы қажет", деді облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.