Кеше Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Депутаттар жиын барысында екі заң жобасын талқылап, қабылдады. Сонымен қатар жалпы отырыста сенаторлар қоғамдағы өзекті мәселелер туралы депутаттық сауалдар жолдады.
Қырғыздар асығар емес
Ең әуелі «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң қабылданды.
«Қырғыз Республикасы Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы өтпелі ережелерге сәйкес, одақтың кедендік шекарасындағы Қырғыз Республикасының барлық өткізу пункттерін 24 ай ішінде, нақты айтсақ 2017 жылдың 12 тамызына дейін орналастырып, материалдық-техникалық жарақтандыруды қамтамасыз етуге міндеттеме алды.
Қырғызстан тарапы аталған мерзімде міндетін орындап үлгермеді. Осыған байланысты мемлекеттер басшылары 2018 жылғы 14 мамырда Сочи қаласында мерзімді тағы да екі жылға, яғни 2019 жылдың 12 тамызына дейін ұзарту туралы хаттамаға қол қойды. Дегенмен, Қырғызстан тарапы үшін бұл мерзім де жеткіліксіз болды. Сол себепті мемлекеттер басшылары 2019 жылғы 29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының шеңберінде «48 айдан» «72 айға» дейін, яғни 2021 жылдың 12 тамызына дейін ұзарту туралы хаттамаға қол қойды», деді осы құжатқа қатысты баяндама жасаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Заңға сәйкес, 2021 жылғы 15 тамызға дейін Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарына сәйкес ЕАЭО кедендік шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғыртуға тиіс. Ветеринарлық, санитарлық, фитосанитарлық, радиациялық бақылау жүргізуге арналған жабдықты және кедендік бақылау жүргізуге арналған тасымалданатын жабдықты, оның ішінде тексеріп қарауға арналған рентген техникасын орнатуы қажет.
«Қырғызстанның кеден бекеттерінде заманауи жабдықтар орнатылып жатыр. Оның көмегімен лауазымды тұлғаның қатысуынсыз сканерлеу арқылы тауарларды бақылау жүзеге асырылады. Барлығы автоматтандырылған: ақпарат сканерленіп, орталық кеден органына беріледі. Онда қажетті мониторинг жүргізіледі. Өткізу пункттерінде тауарды сәйкес емес атаумен декларациялау жағдайларын анықтауға көмектесетін тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану жоспарланып отыр», деді депутат Сергей Карплюк.
Сондай-ақ Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қабылдады. Шарт бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өз отанында одан әрі өтеу үшін сотталған адамдарды екі мемлекет арасында ауыстыру мүмкіндігіне байланысты мәселелерді реттейді.
Аталған заң жобасына қатысты баяндама жасаған Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, БАӘ-дағы жекелеген қылмыс түрлері Қазақстан заңдарында жоқ.
«Мысалы, оларда Ораза бұзу, қоғамдық жерде ішімдік ішу, некесіз жыныстық қатынасқа түсу қылмыс саналады. Бірақ екі елдің заңы бойынша негізгі қылмыс пен жаза түрлері ұқсас. Жалпы, біз басқа елде қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтарға қол созуымыз керек. Себебі мемлекет үшін шетелдегі азаматтарды қорғау – Конституция жүктеген міндет. Сондықтан қылмыс жасады деп айыпталған азаматтардан бас тартпаймыз», деді ол.
Бұл шарттың мақсаты – сотталғандарды жазасын елінде өтеуге жағдай жасау. Құжатта сотталған адамды беру мен одан бас тарту жағдайлары нақты көрсетілген. Қазіргі уақытта біздің алты қазақстандық Біріккен Араб Әмірліктерінде жазасын өтеп жатыр. Шарт күшіне енген соң оларды елге қайтаруға мүмкіндік туады. Қазақстанда сотталған БАӘ азаматтары жоқ.
«Қазір Біріккен Араб Әмірліктерінде, өкінішке қарай, біздің 6 азаматымыз, оның ішінде 5 ер адам және бір әйел адам қамауда отыр. Тиісінше, осы заңға ел Президенті қол қойған кезде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы уәкілетті орган ретінде оларды отанына қайтару шараларын қабылдайды», деді депутат Сәуле Айтпаева.
Балалардың қауіпсіздігіне – басты назар
Сонымен қатар Сенаттың жалпы отырысында депутаттар бірқатар сауал жолдады. Дана Нұржігітова балалардың құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылдау туралы мәселе көтер- ді.
«Халықаралық тәжірибені саралап, қылмыстық заңнама қолданысын талдап, балаларға қарсы жыныстық сипатта жасалған қылмыстың барлық түрлеріне қатысты жазаны қайта қарап, қатаңдату бойынша ұсыныстар әзірлеуді сұраймыз», деді сенатор Бас прокурорға жолданған өз сауалында.
Сондай-ақ депутат Мемлекет басшысының осы мәселе бойынша берген тапсырмасының орындалу барысы туралы ақпарат беруді сұрап, бұл саладағы халықаралық конвенцияларға қосылу және имплементациялау бойынша заңнамалық ұсыныстар енгізу қажеттігін атап өтті.
Депутат келтірген статистикаға сүйенсек, Қазақстанда соңғы 4 жылда осындай қылмыстар үшін 1868 адам кінәлі деп танылған. Олардың 539-ы ғана 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Биылдың өзінде ғана кәмелетке толмаған балаларға қарсы жасалған қылмыс 8 пайызға өскен.
«Мұны тоқтату үшін қатаң жаза қылмысты жасаған адамға ғана емес, сол қылмысқа жол берген, фактілерді жасырған, қылмыскердің жалтаруына мүмкіндік берген азаматтарға да қолданылуы керек деп ойлаймыз», деді Сенат депутаты.
Ал депутат Нариман Төреғалиев өз кезегінде вице-спикер Н.Әбдіров және өзге де сенаторлар бастаған депутаттық топтың атынан Премьер-Министрге сауал жолдады. Онда жасөспірімдерді кибербуллингтен қорғау шараларының керектігі айтылған. Бұл тақырып соңғы уақытта БАҚ-та қызу талқыланып келеді.
Депутаттың айтуынша, әлемдік статистика бойынша адам күніне 6-7 сағат интернетте отырады. Сондықтан кибербуллингтің құрбаны кез келген адам болуы мүмкін. Алайда зардап шеккендер мен олардың қудалаушыларының негізгі жасы 11-16 жас аралығындағы жасөспірімдер. Сенатор еліміздегі жасөспірімдердің 12%-ға жуығы осы кибербуллингтен зардап шегіп отырғанын жеткізді.
«Әлеуметтік желілер арқылы таралған ойындар «Көк кит», «Тыныш үй», «Қызыл жапалақ», «Мені сағат 04:20-да оят», т.б. дүние жүзін дүрліктіріп қана қоймай, енді осындай ойындар қазақ тілінде пайда бола бастағаны қоғамды алаңдатып отыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, Арыс қаласының тұрғыны «Вконтакте» әлеуметтік желісі және «Telegram» мессенджері арқылы балаларды суицидтік сипаттағы ойындарға тартқаны анықталды. Сондықтан дәл қазіргі қоғам үшін адамның құқықтарын, соның ішінде балалардың құқықтарын қорғау, оларды буллинг пен кибербуллингтен сақтау маңызды», деді Н.Төреғалиев.
Боздақтарды құрметтеу – ұрпаққа парыз
Сенат депутаты Әлімжан Құртаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Маминге жолдаған депутаттық сауалында қапыда тұтқынға түскен, жат жерде көз жұмған бірнеше жүз мыңдаған қазақстандық жауынгерді Екінші дүниежүзілік соғыстың 75 жылдығына орай ақтау мәселесін көтерді.
Депутаттың айтуынша, ақталмағандардың бірі – соғыс құрбаны Әлім Алмат. Ол 1939 жылы қызыл әскер қатарына шақырылып, 1941 жылы елге қайтар кезде соғыс басталып кетеді. Маусым айының соңында Ә.Алмат дивизиядағы 560 адаммен бірге тұтқынға түседі. Бірақ қазақтың біртуар перзенті Мұстафа Шоқайдың жары Мария Шоқайдың көмегімен тұтқыннан босап шығып, музыка училищесіне оқуға қабылданады. Талантты музыкант әуелі Париждегі консерваторияда оқиды, кейін түрік елшілігі арқылы Түркия азаматтығын алады. Сол елде өмірден озды.
«Бұл – бір адамның тағдыры. Мұндай адамдар жүздеп, мыңдап саналады. Қорғаныс министрлігінің берген мәліметі бойынша, Қазақстаннан соғысқа аттанған азаматтардың саны – 1 196 164 адам. Соның ішінде 322 462 адам майданда көз жұмған. Соғыстан оралғандардың саны – 595 153 адам, ал соғыстан оралмағандардың саны – 601 011 адам. Демек, Әлім Алматпен тағдырлас 600 мыңнан астам адам бар деген сөз. Хатымызды әзірлеу барысында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың нақты санын білмек болып, Қорғаныс және Ішкі істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сұрау салып, хат жаздым. Жаудың тұтқынына түскен қазақ жауынгерлерінің ақталған және ақталмағандарының саны жөнінде ақпарат алу үшін құзырлы мекемелер сырғытпа жауап жазып, бір-біріне сілтеді. Ішкі істер министрлігінің жауабында архивтік құжаттардың құпия екені айтылған. Сонда біз тұтқындардың тағдырын кімнен жасырып, құпия ұстаймыз? Кеңестің келмеске кеткеніне 30 жылға жуықтаса да, құлдық санадан арыла алмай, жат елде жоқтаусыз қалған боздақтарымыздың рухының алдында дәрменсіздік танытып отырмыз. Әлемнің барлық елдері жерінің тұтастығы, халқының азаттығы үшін күрескен жауынгерлерін ақтап, мемлекеттік актілер қабылдады. Сөйтіп ақиқат пен әділдікті қалпына келтірді.
Қорғаныс министрлігі соғыстан қайтпағандардың саны 601 011 адам деген деректі жариялады. Жапон, неміс, америка халқы соғыста өлген әр солдатының сүйегін, топырағын еліне апарып, құрметтеп жерлейді. Егер біз әділеттілік салтанат құрсын десек, соғыс тұтқындарының барлығын ақтау туралы арнаулы қаулы шығарып, мемлекеттік деңгейде объективті баға беруіміз керек», деді сенатор Ә.Құртаев.
Ә.Құртаев осыған байланысты мынадай мәселелерді шешуді ұсынды. Соғыс тұтқындарына қатысты ресми мәліметтер тиянақталып, бір жүйеге келтіріліп, халыққа ашық қолжетімді болуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ тұтқында қаза тапқан барлық жауынгеріміздің тағдырын толық зерттеп, аты-жөнін елге жариялау қажеттігін жеткізді.
Сенатор Отанын жаудан қорғау жолында көз жұмған, жат елдерде қалған барлық соғыс тұтқындарын ақтайтын арнайы қаулы шығарып, мемлекеттік акті қабылдауды ұсынды. Сондай-ақ соғыс құрбаны, қапыда жау қолына түскен Әлім Алматтың өмірі мен өнері жолынан сыр шертетін, жас ұрпақ үшін тағылымы мол көркем фильм түсіру туралы да ұсыныс айтты.
Жөнделмеген жолдың жай-күйі толғандырады
Сенатор Ольга Перепечина Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында субвен- циялар мен жоғары тұрған бюджеттерден берілетін нысаналы трансферттер ауыл әкімдіктерінің шығыстарын қаржыландырудың негізгі көзі екенін атап өтті.
Депутаттың айтуынша, Қазақстандағы ауыл тұрғындары өздерінің маңызды мәселелерін 4-ші деңгейдегі бюджет қаржысы есебінен шешуге мүмкіндігі бар. Бұл сумен жабдықтауға, жолдарды жөндеуге және күтіп ұстауға, сондай-ақ басқа да мәселелерге қатысты. Дегенмен, іс жүзінде бұл салалар аудандық бюджеттен қаржыландырылады, кейде мүлде қаржыландырылмайды және жергілікті жұртшылықтың бұл шешімдердің қабылдануына ықпалы жоқ. Бюджеттегі тепе-теңсіздіктің негізгі себебі халық саны 2 мыңнан кем ауылдық бюджеттердің шығыстарын өз кірістерімен қамтамасыз етудің төмендігінде. Ал елімізде олардың саны 1301-ге жеткен. Яғни, 56 пайызды құрайды.
Депутат өзінің сөзін қорытындылай келіп, бір қызметкер бірнеше функцияны қатар орындайтын ауылдық округтердегі аппараттарды 25%-ға оңтайландыру олардың жұмыс сапасына теріс әсер ететінін атап өтті.
Атырау облысындағы жолдардың жай-күйі толғандырған сенатор Ғұмар Дүйсембаев Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Бұл өңірде Атырау – Орал және Мұқыр – Құлсары автожолдарын қайта жаңарту жоспарланған-ды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін 24 мың шақырым республикалық жол жаңартылады.
Депутаттың айтуынша, республикалық маңызы бар автожолдардың облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі небәрі 66%-ды құрайды. Кейінгі жылдары өңірдегі жол-көлік оқиғалары да азаймай тұр.
«2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында осы мақсаттарға 4,4 млрд теңге мөлшерінде қаражат көзделген. 1 шақырым автожолды қайта жаңартудың болжамды құны 400-600 млн теңгені құрайды, ал құрылыстың нормативтік ұзақтығы – 3 жыл. Көрсетілген қаражат пен белгіленген мерзімде ұзындығы 487 шақырым жолды қайта жаңғырту жұмыстарының табысты болғанына күмән туады», деді Ғ.Дүйсембаев.
Депутат сонымен қатар қатты жабыны мүлде жоқ Мұқыр – Құлсары жолының нашар жағдайына алаңдаушылық білдірді. Бұл автожол – Ақтау теңіз порты мен Қазақстанның қалған бөлігі арасындағы Ақтөбе облысы арқылы өтетін ең қысқа көлік қатынасы. Автожолды қайта жаңарту жолды 150 шақырымға қысқартуға және Атырау – Ақтау жолындағы көлік санын азайтуға мүмкіндік береді.
«Мемлекеттік бағдарламада қаржыландыру көзі көрсетілмеген. Үкімет жоғарыда аталған жобаларды қаржыландыру көздерін анықтау және оларды уақтылы аяқтау жөнінде қажетті шаралар қабылдауы қажет», деді депутат.