Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы тапсырмасын отандастарымыз, әсіресе осы тақырыпты зерттеп жүрген зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар аса қуанышпен қабылдап отыр.
Әрине кеңестік кезеңде де, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үрдісі жүріп отырды. Алғашқы кезеңде елдік жолында басын бәйгеге тіккен ірі тұлғаларымызды ақтап алдық. Саяси қуғын-сүргін қармағына қарапайым ауыл еңбеккерлері де іліккен болатын. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор З.Қабылдинов саяси құрбандарды толық ақтау үшін әлі де алты мыңға жуық іс қаралуы қажет екенін атап өтті.
ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ еліндегі саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің (ұлттық саясат, діни, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, астық дайындау науқандары) салдарынан жаппай халық наразылығы туындап, жер-жерде жасырын ұйымдасқан қозғалыстар бас көтере бастағаны белгілі. Ірі көтерілістерді айтпағанда, жекелеген шағын топтар да түрлі деңгейде қарсылық танытты. Мұндай қозғалыстар 1928 жылы бай-құлақтардың мүлкін кәмпескелеу жұмысы нақты қолға алыну барысында-ақ басталып кетті. Олардың қару-жарағы негізінен винтовка мылтықтар, револьвер тапаншалар, қылыштар, жарылғыш заттар болды. Қозғалыстарды ұйымдастырушылар мен қатысушыларға Кеңес өкіметі «қарақшылар» («банда») деген айдар тағып, олармен ОГПУ (біріккен мемлекеттік саяси басқарма) деген атпен әйгілі болған арнайы орган жендеттері күрес жүргізді. Тұтқынға түскендері түрмеге 3-10 жылға қамалды, кейбіреулері атылды, айдалды.
Сонда жекелеген жасырын «қарақшылар» деп аталған топтардың басшылары мен қосшылары кімдер еді? Архив мәліметтері бойынша қарастырайық.
1928-1929 жылдар. Сырдария округі
1928 жылдың аяғына қарай Сарысу ауданы №3 ауыл азаматтарынан бастығы Мәдібек Кеншин, Бейсейіт және Мақұш Әділевтер, Бохай Тоқпанбаев пен Мұстафа барлығы 7 адамнан тұратын топ құрылды. Олар кеңес жұмысшыларын ұрып-соғып, жекелеген шабуылдар жасап, ауылшаруашылық науқандардың жүргізілуіне кедергі келтірді. Байлар мен дәулеттілердің идеологиясын таратты. Чаянов ауданындағы Шолақ-Қорған деген жерде қарақшыларды жоюға шыққан өкіметтің арнайы ұйымдастырылған экспедициясы Әділевтерді өз үйлерінде тұтқындады. Бейсейіт тұтқындау кезінде өзін-өзі атса, Мұқыш пен Ағабек Байдуллаев қолға түсті. Экспедиция атбасын №6 және №7 ауылдарға бұрып, онда Мәдібек, Бітімбай, Бетебай, Бохайды тұтқындады.
Келес ауданында Әділев Идалят басқарған топ әрекет етті.
Гурьев округі
Қызылқоға ауданындағы Тайсойған деген жердегі топта барлығы 4 адам − Құныскерей Қожахметов және оның әкесі Қожахмет Жанбасарпов және тағы басқа адамдар болды. Арнайы орган осы топты қолға түсіру кезінде 1928 жылы желтоқсан айының соңында №11 ауылда Қ.Жанбасарповты атып өлтірді. Құныскерей тобы Ойыл округінің Қазбек болысындағы Көкмешіт деген жерде Берден Тәуірбаев деген кісінің үйінде тығылып жүрді. Кейін Қызылқоға ауданының ауылдарына, 1929 жылы қаңтарда Ақтөбе округіне ойысты. Онда 1931 жылға дейін Жанбейті және Қаратөбе аудандарының шекарасындағы Жарлы-Қибас жерінде әрекет етті.
Теңіз ауданында Аманғали Димшев пен Хайрулла Қалиев тобы пайда болды. 1928 жылы қазан айында А.Димшев өлтірілсе, 23 қазанда Х.Қалиев тұтқындалды. Қызыл әскер күші топты осылай таратты. 1928 жылы желтоқсанда Нарсұлтан Жангурин Гурьевтен 115 шақырым жерде бой көрсетіп, кейін 4 маусымда Орал округіндегі Тайпақ ауданында өлтірілді.
Орал округі
Жанғала ауданындағы Мыңтөбе ауылында 10 адамнан тұратын топты Мұқан Кенжеахметов басқарған еді. Бірақ 1928 жылы 24 желтоқсандағы атыс кезінде мерт болды. Құнатыр Бекмамбетов басқарған топтың ішінде Мұзафар Берғалиев, Мұсарғали Дүйсенбаев, Темірхан Ахтанов, Таныш Нұрмағамбетов, Байғұлла Қабдұшев болды. Барлығы Айбасов ауылында 1928 жылы 13 желтоқсанда ұсталды.
Орда ауданында 1929 жылы маусымда Рахметулла Ихсангалиев Дюсэ деген жерде орналасып, Темірбек Қарауов, Имхаир Иохаир, Сейтеков сияқты қосшыларымен Қызылқоға ауданындағы Қойлыбай шағыл-шатқалында жылқы айдап кетумен, барымтамен айналысты.
Ақмола округі
Еркіншілік, Баянауыл аудандарында 1928 жылы 27 қазан-қараша айларында Әуленті өзені жағасындағы Еремел, Нияз, Қашқыната шатқалдарында Өсербай Исин, көмекшісі Жәмшит Омаров елді тонаумен айналысқан еді. 1928 жылы қарашада Өсербайдың жансыздары Әбділдә Рахымберлин, Жамар Бижанов, Малай Ақнұжұқов тұтқындалады. 1929 жылдың басында Өсербай мен Жәмшит күндіз тау үңгірлерінде, түн бата Асанқоға ауданындағы Ыбырай және Қарабай Шөлшебаевтардың үйінде жасырынады. Осылай жүрудің мақсатсыздығын түсініп, олар қыстап шығу үшін көктемде қайтып оралып, одан әрі әрекет ету мақсатымен оңтүстікке бет алады. Осы жылдың 30 наурызында Шу өзені бойында Асанқоға ауданына қайтып келе жатқанда Сырдария округінің Әулие-Ата ауданында Өсербай мен Жәмшит, Жантық Смаилов, Сәрсен, Жұматай Иманов барлығы 6 адам тұтқындалды. Олардың барлық қару-жарақтары, 12 жылқысы тәркіленді.
Асанқайғы ауданында қол астында 70 сарбазы бар Батынбай деген азамат әрекет етсе, Атбасар ауданында 1929 жылы қыркүйек айында құрамында 5 адам бар Рамазан Құсайынов тобы пайда болды. ОГПУ-дің арнайы тобы оларды тез таратып жіберді.
Семей округі
Күршім ауданында 15 адамдық топты Сергей Руденко басқарды. Олар Крутогорск, Буденовский поселкелері маңындағы тауларды, Шыңғыстау ауданындағы Жанқора, Арқалық шатқалын паналады. Бірнеше шағын топқа бөлініп әрекет етті. Бұл топ кейін тарқап кетті. С.Руденко болса 1929 жылы 14 тамызда Сергиополь қаласында ұсталды.
Шыңғыстау ауданында Асымхан Мұсаханов інісі Мұхтар Мұсаханов пен Аяған Нұрғажинді және тағы екі азамат бар, барлығы 4 адамды басқарды. Олар Семей-Сергиополь трактында, Жанқора, Тышқанды шатқалында әрекет етті. А.Мұсаханов болса тау арасындағы Арқалық-Қоқон қыстауында жасырынып жүрді. Оларды ОГПУ жендеттері алғаш қолға түсіреміз дегенде бірнеше адам ұсталғанымен, А.Мұсаханов қашып құтылады. Бірақ кейін 1929 жылы ақпан айында тұтқындалыпты.
Өскеменде Поликарп Алексеевич Иванов басқарған 13 адамнан тұратын топ ұсталады. Барлығының есімі анықталып, славяндықтар болып шықты. Қару-жарақтары тәркіленді.
Адай округі
Мұнда 1929 жылы қаңтарда Құрмаш Қощанов тобы пайда болды. Топ 3-ке бөлінген: 8 адамнан тұратын 1-ші топты – Ізтұрған Усть-Урт-Сам ауданында басқарды. 15 шақты адамнан тұратын 2-ші топты Орынбаев Тұсбаир деген жерде басқарды. Қ.Қощанов басқарған 3-ші топ Түркімен шекарасына жақын Шағала деген жерде әрекет етіпті. ОГПУ сақшыларымен кезекті қақтығыста Қ.Қощанов тобының 9 адам ұсталып, жылқы, түйе, қару-жарақтары тәркіленіпті. Қ.Қощанов болса Қарабақы-Қойсу деген жерге қашып кеткен көрінеді. Қ.Қощановтың көмекшісі − Алшын Мендалиев есімді азамат болыпты. 1929 жылы қазан айында Гурьев округіндегі Жилокосин ауданының Қарақұм деген жерінде жүреді. Бірте-бірте тобының саны көбейіп, адай руын Кеңес өкіметіне қарсы күреске шақырды. «Кеңес өкіметі құлайды, коммунистер кетеді, КСРО қалаларында ақ жалаулар көтеріледі. Орта Азияда соғыс, қытайлар ығыстыруда. Адайлар, өздеріңнің күштеріңді ескеріңдер, бірігіп, жауымыздан кек алуымыз керек», дейді. Қазан айының басында 10 шақты адам «Бек-Беке» мұнай кәсіпорнына шабуыл жасап, тауар, ақша тонайды. Кейін 1929 жылы 14 қазанда Қ.Қощанов пен Қожахмедов топтары бірігіпті.
Мұғалжар тауларында Иван Григорьевич Щербаков, Байназар Жаптақов және Айымбетов тобы пайда болды. Олар 7 жылға сотталып, Шалқар түрмесінен қашып шыққан Мінайдар Құнапов деген азамат және тағы басқалар қосылады. Сөйтіп олардың саны 9 адамға жетеді. Олар 1929 жылы 23 қазанда Абренев деген казактың қыстауында тұтқындалды.
1931 жыл
Қордай ауданында Берғали Әкімбаев бастаған 20 адам 11 ақпанда Қастек ауданына шабуыл жасап, Кеңес өкіметінің 4 белсендісін соққыға жығады. Тіпті, 14 жылқыны да айдап кетеді. Өздері Ұқ-ұршыл тауында (қырғыз тауы болса керек) бекінеді.
Ақсу ауданында 13 қазанда Қытайдан келген 30 қарақшының 5-еуі ұсталды – Жапыспай Бектаев, Бейсен (тегі анық емес), Байсерік Бүркітбаев, Жәңгір Ашбайбаев, Жанбай Исабаев. Олардан 1 ағылшын винчестері тартып алынады.
Талдықорған ауданында Қытайдан келген Құндақ Төлендинов және Қанапия Мұқашев үлкен топ құрыпты. Олар №6 ауылда колхоз төрағасын өлтіреді. Бірақ 18 қыркүйекте Демікпе асуында тәртіп сақшыларымен қақтығыста топтың 70 адамы, 21 қыркүйектегі қақтығыста тағы 10 адамы өлім құшады. 4 азамат тұтқындалыпты. Қ.Төлендинов болса Қытайға қашып кеткен көрінеді. Қазан айының соңында қайта келіп, Шолақ тауларында жасырынады. 4 қарашада топтың тағы бір басшысы Молданазар Ноғайбаев пен Ишан Дүйсенов ұсталды. Оларда төрт ауызды винтовкалары бар екен. 8 қарашада олардың 9-ы ұсталып, тоғыз зарядты жапон винтовкасы мен 1 мылтық тәркіленді.
Еңбекшіқазақ ауданындағы Бақай тауларында Қытайдан келген Исламқожа Кегенбаев және Мәлік Мақасов басқарған 10 қарақшы топтасты.
Шелек ауданында Жалағаш тауларындағы Кен-Су сайында Қытайға көшіріп алу мақсатымен келген Алтыбасар дегеннің тобымен 2 сағаттық қақтығыс болды. 13-і ажал құшып, қалғандары 14 қыркүйекте Талды-Бұлақ шекара заставасында мерт болыпты. 7 қазанда Қытайдан келген Кәдірхан Оқасов, Мәлік Мақасов, Болатбек Шағанов бастаған топта 27 адам болған көрінеді. Олар алғашында Құлық тауларын паналап жүреді. 23 қазанда М.Мақасов бастаған топ Қырғыз аумағына өтпек болады. 30 қазан күні К.Оқасов пен Б.Шағанов Кеген және Шелек аудандарының тұрғындарын Қытайға көшіріп кетпек болғанымен, 26 қазанда Құлық тауында атыс болып, 14 адам тұтқындалады. 8 адам ажал құшыпты. Соның ішінде Б.Шағанов бар. 200 отбасы тоқтатылып, қару-жарақ, 300 жылқы, 1 түйе алынды.
Қаратал ауданында 25 қыркүйекте Қытайдан келген Омарбек Еркімбеков және Қазыбек Комбановпен қақтығыста 5 адам жан тапсырып, қалғандары солтүстік-шығысқа қарай қашады. 18 қазанда Шолақ тауларында 80 адамы бар О.Еркімбековтің тобымен 7 сағаттық атыста 10 шақтысы өліп, 9-ы ұсталады. Олардан 24 жылқы, 21 түйе, 3 сиыр, 1 ағылшын карабині алыныпты.
Қастек ауданында Шалтабай Құдайбергенов, Өмірбек Жантаев, Саматай Арсеков басқарған топ 19 тамыз бен 25 қыркүйек аралығында Қоңыр төбе, Дулан-қара шатқалдарында, Арғайты-Байшы тауларында әрекет етіп, бірнеше партия қызметкерлерін, колхоз уәкілдерін, қызыл әскерді өлтіреді. Сонымен қоймай 20 шақты жылқыны айдап әкетеді. 21 күні бұл топтың 12 сарбазы тұтқындалды. 25 қыркүйекте топ үшке бөлініп, 13 қазанда Саматай Арсековтің тобындағы салт аттылар Отар стансасына жақын Ақ-Терек шелінде қызыл әскермен 5 сағаттық ұрыс жүргізіп, взвод командирі мен 3 жауынгер қаза табады. 4 сарбаз жараланыпты. 22 қазанда Серек-Тас тауына бекінген 2-ші бір топ пулеметпен атысты. Қараңғы түсе «бандылар» қапталдап Дулан-Қора тауына Қордай стансасының солтүстік-шығысына қарай бағыт алады. 24 қазанда қызыл әскер оларға ұшақтан пулеметпен оқ жаудырып, қозғалысқа қатысқан 15 адам мерт болады. 90 адам қолға түседі. Бірнеше малдары тәркіленді. 2-3 қарашада Мұншалы шатқалында С.Арсеков 30 шақты сарбазымен ұрыс жүргізіп, 10-ы өлген көрінеді. Қалғандары тау асып кетіпті. Қараша айының ортасында С.Арсеков тобы екіге бөлінеді. Алғашқысы – Ақтерек панасына, екіншісі – Жаудұшбай Шалғомбаев басқарған Мұншалы панасына бекінді. 26 қарашада түн бата С.Арсековті 8 адамымен қоса ОГПУ ұн, оқ-дәрі береміз деп алдап №12 ауылға шақырып алып тұтқындайды. ОГПУ С.Арсековтің тауда жасырынып жатқан адамдарына тұтқындар арқылы «өз еріктеріңмен беріліңдер» деп хат жібереді. Алайда тұтқындар панаға жақындай бере қаша жөнеледі. Осы кезде милиция барлығын атып өлтірген көрінеді.
Ақтөбенің Жанғақтау деп аталатын жерінде ағайынды Қарамановтар тобы 1 милицияны, 3 тұрғынды өлтіреді. Топтың саны белгісіз.
Орал қаласында ақпан айында Бисенғали, Мамай Беркеновтар, Рамазан Биленғалиев, Досов және Антипов тұтқындалды.
Сырдария ауданында бұрын таратылған топ басшысы Абасбек Қожатаевтың ұлы Орымбай Абасбеков 10 шақты адаммен қаңтар айында бас көтеріп, ақпанның басында барлығы ұсталды.
Арал ауданындағы Өтепберген Тұрымбетов, Бірсүгір Сарыболаев (кей деректе Сариулов), Өмір Сартаев Баршақұм жеріне көшіп кетеді. Оларға 30 кедей, орташа шаруалар қосылады. Қараша айында олар Құйынды құм шатқалына ойысыпты.
Ырғыз ауданын да көшіріп кетуді ұйымдастырушылар саналған Сағынбай Жалпин, Қали Иримбетов, Нәби Өмірзақов сынды барлығы 25 адам ұсталады.
Семей ауданы Қызыл-Кесек тауының батыс жағында ақпан айында Акшаи Тойкин басқарған 50 шақты адамы бар топ шықты. Көмекшісі Мамырбек Мақажанов болды. Олардың көбісі Қытайдан келгендер еді. Топтағы адамдардың саны 200-ге жетті. Олардың ұрандары: «Ет өткізу тоқтатылсын. Тартып алынған малды, нанды қайтарса, ауылымызға тараймыз. Барлығымыз кедейлерміз. Тарбағатай, Үржарға кетеміз. Егер шабуыл сәтсіз болса Қытайға кетеміз», деді.
Көкпекті ауданында 27 тамызда Қытайдан келген 200 адамы бар Садық және Жұмажан Сегізбаевтар Қызыл-Кесек шатқалына шабуыл жасайды. Кеңес өкіметінің 40 шақты адамы оларға ұрыссыз беріліпті. Адам санын 33-ке толықтыра Сарыбұлақ шатқалына бекінді. Алайда 2-3 қыркүйектегі қақтығыста қарақшылар тобы таратылды. 59-ы қолға түсіп, соның ішінде 3-еуі партия адамы болып шықты. Олардан үш және төрт ауызды мылтықтар, 480 жылқы, 150 түйе, 87 сиыр алынды. Ұйымдастырушылар саналған Райымбек Қадыров, Бусалым Ташкембаев, Омарбек Болтаев, басшылары Сегізбаевтар қашып кетіпті.
Жарма ауданында 19 қыркүйекте Мұрғалы Азбақанов, Итұрғалы Алжитов бастаған 300 адам қақтығыста 30 сарбазынан айырылды. Олардан 300 жылқы, 45 түйе тәркіленді. Қалғандары Көкпекті тауларына қашып, қуғын кезінде басшының көмекшісі Мейірқан Жүсіпов ұсталады. Ол топ құрамында 70 адам қалғанын айтып, оның 20-ы қаруланғанын жеткізеді. Тілеухан Шәріпов деген азамат 20 шаруашылықты Қытайға көшіріп кетіпті.
21 тамызда Тарбағатай тауларының етегінде Қытайдан келген Ахметжан Мұхамеджанов бастаған 400 адам көшіп бара жатқан жерден ұсталады. Атыс кезінде олардың 15-і жан тапсырып, 2-еуі жараланады. Басшылары мен ұйымдастырушылары – Жакенов, Сақышев, Ибрагимов, Жалғасбаев, Дүйсенбаев, Камал Сатыбаев болыпты.
Аягөз ауданына 5 қыркүйекте Қытайдан Биғұлжа Тоғылбаев бастаған 9 адамдық топ келіп, Еген-Су пикетіне шабуыл жасайды. Мыңбұлақ совхозынан 100 жылқы, 30 түйе айдап әкетеді. Талды-Құдық шатқалында атыс кезінде олардың 6-ауы ажал құшыпты. Қазан айының ортасында Қытайдан тағы бір топ келіп, үшке бөлінеді. Құрамында 12 адамы бар Байқадия Балғабаев басқарған 1-ші топ Сергиопольдің оңтүстік шығысынан 80 шақырым жердегі Чакурты өзені жағасына орналасады. 16 адамның басын қосып, Асан Мәдінев басқарған 2-ші топ Үржар стансасынан 20 шақырым жердегі Ақтас тауына бекінеді. 3-ші топты Сембай Смағұлов басқарып, ол қарамағындағы 8 адамымен Сергиопольдің оңтүстік батысына орналасады. Қараша айында барлығы бірігіп Қарқаралы шатқалы мен Тарбағатай тауларына бекініпті. Қуғын кезінде С.Смағұлов, Бейсембай Көкмырзаев, Шонаш Бейболов ұсталады. Б.Тоғылбаев Қытайға қайтып кеткен екен. №2, №3 ауылдарда Қытайдан келген Мұқатай Қардыбаев пен Қажан Омарбеков, Қоңыр Қордаев бастаған 10 шақты адамнан құралған топ отбасыларын көшіріп кетуге әрекет етті.
28 тамызда Шұбартау ауданындағы №10 ауылға Қытайдан Қожамжаров бастаған 50 жігіт келеді. Олар ауылсоветті атып, 100 бас малды айдап әкеткен еді. Сонымен қатар Ақ-Үйрек тауы маңында аудандық қызыл әскерді талқандайды. Олардың 4-еуі өлтіріліп, 2-еуі тұтқындалады. 31 тамызда жергілікті тұрғындарды жинап, Тарбағатай таулары арқылы Қытайға өту үшін Үш-Киік стансасына келеді. Алайда 13 қыркүйекте бәрі ұсталып, топ таратылады. Осы ауданда Шәкәрім Құдайбердиев тобы түзіліп, әрекет етіпті. Олар №13, №14 ауылдарға ойысқанда Қарауыл аудан орталығынан оңтүстік-батыс жағындағы 50 шақырымдық жердегі Керегетас тауларында қызыл отрядтың көзіне түседі. Атыс кезінде топ басшысы Ш.Құдайбердиев қаза табады. Одан винчестер қаруы, 2 ат, 1 түйе алыныпты. Қалғандары жан-жаққа қашады.
21 тамызда Күршім ауданындағы Вознесенск селосында Ибраев тобымен атыста 1 адам өлтірілді. Ибраев өзі Қытай шекарасына қашады. Қыркүйек айының басында Кедровый ключ шатқалында осы ауданның қуғын-сүргінінен қашқан Степан және Иван Черемновтар бастаған 6 адамдық топ пайда болды. Ай ортасында Степан ұсталып, тобы таратылды. 19 қазанда Қытайдан келген Әлімжан Нораев бастаған 15 адамдық топ пайда болады. Олардың мақсаты отбасын көшіріп әкету болыпты.
Зыряновск ауданында Сібір өлкесі жағынан келген көпестің ұлы Мещеряков бастаған 10 адамдық топ шығып, олар қараша айында Ертіс өзенінің Қызыл жар кемежайына бекінді.
Қараша айының басында Қарқаралы ауданындағы Ораз шатқалында Әшкер Сарықовтың басшылығындағы 7 адамдық топ әрекет етіп, 3-еуі ұсталады. Қалғаны Боқты тауларына жасырыныпты.
Түркістан ауданында құрамында 7 адамы бар Анқай Баймахановтың тобы 2 қыркүйекте 2 колхозшыны өлтіріп, 1-ін жаралайды.
(БК (б) П Қазақ өлкелік комитетіне жіберіп отырған Қазақстан бойынша бірлескен мемлекеттік саяси басқармасы өкілетті өкілдігінің 1929-1931 жылдардағы аса құпия оперативті-барлау жиынтықтарынан).
Мұндай толқулардың мақсаты 1929 жылы билік талап еткен салық жоспарына қарсылық білдіру еді. 1931 жылы жайлап бара жатқан аштықтан жан сақтап, отбасын, ауыл адамдарын аман алып қалу болды. Басқа амал жоқ еді...
Айнаш СЕЙСЕНБАЕВА,
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің бас сарапшысы