• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Таным 25 Қыркүйек, 2020

Хаттар, хаттар...

682 рет
көрсетілді

Қазақ қарасөзінің тарланбозы, көрнекті жазушы Тәкен Әлімқұловтың туыстас інісі Сапарбек Еспенбетовке жазған хаттарын оқып отырып, қаламгер өмірінің он жылын, сол жылдардағы көңіл күйі мен сол кезеңдегі оқиғаларды, шығармашылығының хроникасын көреміз. Қарапайым тілмен жазылған хаттардан қаламгердің боямасыз болмысын аңдаймыз. Осы хаттарды көшіріп жазып алып, жиыстырып газетімізге Созақ ауданының құрметті азаматы, журналист Кәрібай Әмзеұлы ұсынып отыр.

Редакциядан

Сапарбек!

Жақында шыққан мына бір кіта­бымды жіберіп отырмын, алыстағы ауданға бара бермес деген ой ғой. Келесі жылы «Шежірелі сахара» деген кітабым шығады. Саған берген уәде бойынша Сопекең туралы әңгіме жаздым. Ел басқарған кісі ретінде суреттелінеді. Емберген ақсақалды да кіргіздім. Үлкен тойда салым сал­ғанын суреттеген жерге сыншылар ырза болды. Ерманның қайда екенін білмеймін. Біреулер басқа қызметке ауысты деген сияқты еді. Оған арналған кітапты өзіне табыс етерсің.

Үй-ішіңе, жеңшеме, Әдебиет інішекке сәлем!

Тәкен, 25.04.1975.

 

Сапаш!

Хал жақсы ма? Үй-ішің аман-есен бе? Мен Ал­матыға келгелі жұмысбасты боп хат жазбадым. Айтарлықтай жаңалықтар болмады. Роман әлі біткен жоқ. Бірақ келесі жылы шығатын бол­ған соң, оншама жанталаспай, сапасын көздеп жүрмін. Сен жіберген бір-екі тарауды өңдеп, тереңдетіп, қайта бастырып алғанмын.

Ұзынқұлақтан (Қарауылдан) естіген шығар­сың. Біз жаңа үйден бес бөлмелі, кең, әдемі пәтер алғанбыз. Балалар қуанып, жеңешең далақтап жүр. Жеке кабинетте өзімнің жұмыс істеуіме мүм­кіндік тиді. Тек, әлі-әзір телефон құрылмай жатыр.

Шылғи тым-тырыс жатып алу жараспас деп, хат жазып отырмын. Келе жатқан мейрам құтты болсын. Жігіттерге дұғай сәлем!

Тәкен, 21.10.1977

Адрес: 480008, Алма-Ата, 08,

ул.Джамбула 165, кв.5.

 

Сапаш!

Мен бүгін «Жартытөбеге» жүріп бара жатырмын. Саған екі өтініш бар.

1) Мекең екеумізді жоғарғы жақтағы, жаптас ағайындар шақырған. Соған машина берсең, өзің бірге барсаң, нұр үстіне нұр. Мейрам күндері оңтайлы болады ма деп те ойлаймын.

2) Алматының издательствосы маған хат жазып, келесі жылы шығатын өлеңдер мен поэмалар жинағының қолжазбасын сұрапты. Екі кітапшаны Шымкентте, өзің білетін машинисткаға бердім. Мен қайтып оралғанша дайын болады. Жаңадан жазылған қырық шақты өлең бар. Сол аудандық газеттің машинисткасы басып бермес пе екен? Баспаса, қайтарда Шымкентте бастырамын.

Тәкен, 05.11.79

 

Сапаш!

1) Мынау орысша очеркті орысша бас­тыр. Егер мен Байқадам жақтан Алматыға ке­тіп қал­сам, машинкадан шыққан екі данасын Москва­ға жібересің. Әрине, оригиналмен салыстырып, оқып жібересің.

 Адрес былай: Москва, Г-69, ул.Воровского, 52,

ред.журнала «Дружбы народов» Захорошко Игорю

1) Өлеңдер машинкадан шыққан соң өзіңде тұра береді. Қайтарда аламын. Егер жаңа айтқан­дай, Алматыға кете қалсам, кейін Айжан жеткізіп береді.

Тәкен, 12.11.79

 

Сапаш!

Жұмысым көп боп, Алматыдан шыға алмай жүрмін. Марттың басында қолым босар. Сол кезде ел жаққа барамын. Әзірге жоспарым «Вос­ходта» жатып, жаңа шығарма жазу (аяқтау). «Вос­ход» болмаса, баяғы «Жартытөбе» қашпайды ғой.

Денсаулық, көңіл күйі жақсы. Хабарсыз кет­пейін дегендік қой. Айтпақшы, осы февральдің тоғызы күні кешкі сағат 8:30-да радиодан, бірінші программадан қазақша деректі әңгімем беріледі. Әнеугі күні асығыста диктовать етіп едім. Кімді атағаным есімде жоқ. Шабандоз Емкең кәрияны айттым-ау деймін. Тыңдай салыңдар!

Шымкентке барғанда телефон соғамын. Бұл жерден нашарлау естіледі. Әрі айтатын жұмыс та жоқ. Сұрағанға сәлем!

Тәкен, 04.02.80

Біздің телефон 42-96-16 (жаңадан құрылған)

 

Сапаш!

Мынау кітаптағы «Араша» деген повесте (108 бетте) Сопекең туралы жанама айтылады. Толық нұсқасы келесі жылы басқа баспадан шығады. Орысшаға Мәскеуде Майя Михайловна Иванова деген әйел аударып жатыр. Аудармасы біткен кезде өзім барып, өңдеп, толықтырып бермекшімін. Солай уәделескенбіз де!

Мен осы айдың аяқ шенінде ел жаққа барамын. Шолаққорғанға түсемін ғой деймін. Үй-ішіңе, балаларға сәлем.

Тәкен, 18.10.82

Сапаш!

Сенің ақылың ақыл екен. Жаңатастан тура Алматыға тартамын.

Саған «Казахстанская правдада» мақалам 7 ноябрьде шығашақ деп едім. Ол мақала бүгін, 16 ноябрьде шықты. Өтірікші атанбау үшін осы хатты жаза салдым.

Сен орысша жақсы білесің ғой, Парт­­­ка­­би-­ не­тіңнің тігіндісінен алып, оқып қара! Жаман ағаң­ның орысшасын көр! Балаларға сәлем!

Тәкен, 16.11.82

 

Сапарбек!

Қалай, хал-ақуал жақсы ма? Ауыл аман ба?

Маған «Соц.Қазақстанның» өтініші бар. Азық-түлік программасына сәйкес очерк керек. Сол очеркті өзім тарихын жетік білетін «Құм­кент» туралы жазсам деген ойым бар.

Жұрттың аузы бара бермейтін мынадай проблема көтерсек қайтеді?

1) Совхоздың адамдары өндіріске (Жаңатасқа) кө­шіп жүр. Оларды баянды ету үшін жеке ықыла­сын күшейту керек.

Хатте, екі-үш жылға қарызға мал беруге болады. Жекеменшік мал «жұтқа» да бой бермейді. Кейін шарт бойынша қайтып алу оңай.

2) Совхоз адамдарына, әсіресе, көп семьялы­сы­на жер беру жөн. Егінін түнде суарсын. Бәрі­бір су ысырап етпестік күш аз ғой. Мұрабтың жауап­кершілігі күшейсін. (Сіздерде кім? Қашаннан бері істейді?) Көк егін өсірген дихандар түсімділігін өзі біледі ғой. Жүгерінің паясы малға азық. Са­бақ тегін. Қауыннан қауын-құрт жасайды. Ол шірі­мейді. Дарбыздың қабығынан жылқы семіреді.

3) Жылқының жазғы өрісі тар. Басқа аудан­дағы жайлау құлазып жатады. Бір мысал «Алға­бас» ауданына қарасты Аюлы төбеден жоғары қарай қат-қабат сай, шатқал. Шүйгіні орылмайды. Неге? Шөп машинасы жүре алмайды. Аяғынан жайылатын жылқы некен-саяқ. Бұны узковедомственные интересы дейді. Дәлелмен келтіремін. Ақылдасудың зияны жоқ қой.

Очеркте мәселе көтеріп, ой айтуға автордың еркі бар. Жарияланған соң басшылар, оның ішінде аудан басшылары да шара қолданады.

Очеркке керекті деректер:

1) Қой саны. Міндеттеме. Сиыр, жылқы, түйе саны. Міндеттеме.

2) Озат малшылар. Қашаннан бері істейді? Семьясы.

3) Ақ егін, көк егін көлемі. Міндеттеме.

Екі шопан, бір жылқышы, бір түйеші, бір жүге­ріші туралы дерек болса жетеді.

Автолавка, Культлавканың жай-жапсары қандай?

Аудандағы озат совхоз кім? «Құмкент» кім­мен социалистік жарыста? Созхозда самодеятель­ность бар ма? Аудандық газетке жұрт қалай қарайды?

Газеттің меселін қайтармай жаза салайын дегенім ғой. Жігіттерге сәлем.

Тәкен, 17.01.1983ж.

 

Қосымша: Құмға тасылған шөп жеткілікті ме? Шопандардың тәжірибесі? Олар не қалайды?

Көгала кенде тұз запасы бар ма? Көкжөн қаласы салынбайтын болды ма? Бұны айтып жатқаным – жаңа қалаға қандай атау лайық деген менің пікірімді («Соц.Қазақстанда» басылған) біреулер «Қазақ әдебиетінде» қайталапты...

Қосымша: ноябрьде мен барғанда Шымкент­тен біреу келіп, құлазып жатқан Ақтөбе бұлағын сұра­ған. Меніңше, иесіз әрбір бұлақтың, көздің, хатте, бастаудың басына семьялы үй орналастыру керек. Сауранбайдың құйылысында дүкен бар. Тек ішкілік сатады. Оның керегі не? Сол жерде дихан отырса, шіркін!

Сен құптасаң, осының баршасын проблемаға айналдырып жазамын.

Тәкен.

 

Мен сұраған көрсеткіштерді актуальная тема дейді. Оған Сопекеңнің, Әлекеңнің (есімі өзгереді, әрине) Жарылқасын Отарбаевтардың Кеңес Үкіметін орнатысқан қызметін қоспақшымын.

Көңіл хошы жақсы.

Тәкен.

 

Қадірлі Сапаш!

Үй-ішің, ауыл-аймақ аман ба? Мен Төлеген Момбековтің тойына барып едім. Жұрт қаумалап, ішкілік өтіп кетті. Сосын есім барда ел табайын деп Алматыға қайттым. Қазір үйде жұмыс істеп жатырмын. Денсаулық түзеледі.

Елге июльдің бас шенінде баруым ықтимал. Екі баламды ертіп бармақшымын.

Сау бол. Жігіттерге сәлем.

Тәкен, 09.06.1983ж.

 

Айтпақшы, менің «Замана екпіні» деген романым шықты. Шымкентке бара қалсаң, «Восходтың» алдындағы кітапханадан табылады. Ерекеңе де айта сал. Оқысаңдар түсінесіңдер.

Тәкен.

 

Сапаш!

Мынау кітап қысқарып шығыпты. Ол кезде мен Шымкентте жазу жазып жатқан едім. Бұл кітап­ты толықтырып, Мәскеуден шығармақшымын. Мәскеуге апрельде бармақшымын. Бұл кітапта Сопекең туралы, Емберген (шабандоз) туралы жазылған. Өзіңнің қолың тимесе, балаларға, мүмкін, Ақашқа оқыт.

Мен жаңа пәтер күтіп жүрмін. Февральдің орта шенінде берешек. Денсаулық жақсы.

Пәтер алғанда хат жазамын.

Тәкен, 31.01.1985