• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Таным 25 Қыркүйек, 2020

Асанәлі және «Ай мен Айша»

2571 рет
көрсетілді

Коронавирустың кесір таңы атқанда мэтр телефон шалып, алабұртқан кө­ңілге шуақ шашып жіберді.

– Сәбитке телефондап, терезеңді ашпа, бұл өзі кез келген тесіктен кіріп кете береді екен, форточкаңа дейін жауып таста десем, «менде бәрі терезе, форточка жоқ қой» деп жатыр.

Сол баяғы екі дос арасында үздіксіз жүретін қағытпа. Есесіне коронавирустан кітап оқып өш алып жатқанын айтып, «Сенің «Шер-шындық» деген кітабыңды да оқып тастадым. Шерханмен қатар өмір сүрдік, бірақ көп араласымыз болған жоқ. Тіпті бір-ақ рет суретке түсіппіз. Аса елпілдей қоймайтын еді ғой. Бір-бірімізге құр­метіміз, көзқарасымыз дұрыс болға­нын сырттай жақсы сезінетінмін. Кі­таптарын оқып жүргеніммен, адам ретіндегі қырын көп білмейді екенмін. Мына кітаптан соны таныдым, айналайын көкебас, рахмет саған» деді.

Мақтағанды кім жек көрсін, коро­на­вирустың ызасы ішімізді мұздатып жүргенде, шыны керек, бұл пікірге кәдімгідей қанаттанып қалдым. Дей­тұрғанмен де мақтау естімей жүрген жоқпыз. Оның қабылданатыны, қабыл­данбайтыны бар. Мен пақырды шексіз қуанышқа кенелткені, мынау көңіл кеңістігін бұлт торлаған күндерде мэтр­дің тосын әңгімесіндегі түбі түп­сіз, терең ой, домбыраның шешен пер­несі шерт­кендей шетін шер еді.

– Шерхан баспасөздің бағына туған адам. Менің «жеті жетім» деп атап кеткен Ақселеу, Оралхан, Кәрібай, Кәдірбек, Қуанышбай, Серік деген достарым оның тәрбиесін көп көрді, тәлімін алды. Олардан «Шерханның шекпенінен шыққанбыз» деген тарихи сөз қалды. Бұлар ұстазға адал болды. Шерхан, Камал, Қалтай үшеуі жұп жазбай жүрді. Бала кезден бірге өскен Қаратай ағамызбен достықтары да көпке үлгі болды. Біздің өнердегі орта секілді бұлар да ортасында зор беделді еді. Қазақ киносын Камалдай басқарған адам жоқ. Кейіннен Шерхан екеуі жазысқан хаттарды да сүйсіне оқыдық қой.

Осы мына көк базарда Димекең салып берген ғимаратта «Egemen» үш қабатты алып отырды. Соның астында Шерхан атын қойған «Камал кафе» деген болыпты. Қайран, Кәмекең талай шақырып, оған да жол түспеді ғой. Жүргенов академиясында сабақ беріп жүрді. Кеңселеріміз жақын. «Бұның білмейтіні жердің астында ғой, оны да біледі-ау» деп Шерхан айтқан Кәмекеңнің қашан көрсең қолында бір құшақ газет жүретін еді. Аяңдап маған келеді. Сол баяғы шахмат. Ол күндер де бір сағыныш болды қазір. Бүгінде өзі мәдениеттің, баспасөздің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын мұндай қайраткерлер де қалмай барады ғой. 

Қалтайдың орны бөлек, екеуміздің қалжыңмен қатар отырып қағысқан кезіміз еске түссе, кемсеңдеп аламын. Кітабыңда Шерханның қаламгер­лігімен қатар қайраткерлік, адами болмысы жақсы ашылыпты. Бүгінгі жастарға осындай әңгіме керек. Ме­нің аса бір қадір тұтқан адамым Бауыр­жан еді. Бұл өзі ешқашан би­лікке де, басқаға да бас имей өткен кісі ғой. Шерхан да осы жолды ұс­тан­ды. «Баспасөздің Бауыржаны» деп жүргенің де дұрыс. Мырзатай «Редакторлардың редакторы» депті, бұл пікірмен де әбден келісуге болады. Қалай болғанда да бұл кісі баспасөзге демократиялық дүмпулерді, реформаны алып келді. Осы жағынан келгенде менің есіме Әзекең түсіп отыр. Ол кісі де әкемтеатрды бұрын-соңды болмаған биікке шығарды. Ол кезең тарихта театрдың «алтын дәуірі» деген атпен қалды. Осы пікірді бұл кісіге де қарата айтсақ, еш қателігі жоқ. Қазіргі заман технологиясы мен әңгімесінің төңірегінен шықпайтын шала туған балалар өз тұлғалары туралы түк білмей өсетін болды. Обал. Сендер осы олқылықтың орнын толтыруларың керек. Мына кітабың маған осындай ой салды. «Тұлғатану» сериясын дұрыс бастапсың. Бұл оқу орындарында арнайы курс орнына жүретін пән болуы керек. Қазір ойлап отырсам, журналистикадағы Мәмбетовтей болған екен Шерхан», деді Асағаң.

– Медианың Мәмбетові, – дейсіз ғой.

– Қайдан білейін, ол сендердің тілдерің ғой.

Бәрінен де Асағаңның менің кіта­бым туралы емес, өзінің тұлға, тұстасы туралы ұстанымы, көзқарасы маңызды еді. Бұл тұрғыдан келгенде аға толқын бір-бірі туралы пікір білдіргенде жо­март болған сыңайлы және бір-бірі­нің бағасын жақсы білген. Кейінгі кездері академик Серік Қирабаевтың ағалары, әріптестері туралы жазып жүрген естеліктері соншалықты терең, тағылымды ғой. Әр кейіпкерінің тура бағасын береді. Әлдекімдердей өзін жоғары қойып, жақсылықтан жұрдай етіп жазу жоқ. Кемшілігін көрсетуінің өзінен өнеге түйесің. Қоңыр жазады, қыңыр жазуының өзі қоңыр жазуға бергісіз. 

Байқағаным, Асағаң сөз арасында «Шерағаң» деп қалды. Жас мөлшеріне келсек, біз айтсақ бұл сөзге мән беріл­мес еді. Ал Шерағаңмен арасы 4-5 жас атақты адамның осылай деуі оның жоғары сыйластық, құрмет дең­гейінен хабар бергендей. Тіпті бірде осы Шерағаң деген сөзді өзінің қатарластары Әкім Тарази, Камал Смайыловтың да аузынан естіген едім. Қазақта «ақылы асып тұрса аға де» деген сөз бар. Ш.Мұртаза, Қ.Мұхамеджановтар үлкен жасқа жетпей жатып-ақ осы аға деген атақты, титулды ерте иеленген адамдар. Ме­ніңше, елдің үлкен-кішісі жаппай осылай атаса, оған жетер атақ жоқ. Ресми атақсыз да атақты болу деген осы. Ал Асағаңның осылай деуі – бұл ойымыздың бұлтартпас дәлелі.

Таразда Асанәлі Әшімұлының атына байланысты біраз игі істер атқа­рылған. Жоғары құрмет көрсетілген. Атағы қанша жер жарып, қандай құр­метке де лайық болса да, басқа тұлғаларға, әсіресе алдындағы ағаларына осы деңгейде дер кезінде көңіл бөлінбей жатқаны даңқты өнерпаздың жүрегіне салмақ салып жүретінін де сезетінбіз. Мұндайда «бұл қалай?» деген пендешіліктің де дызылдап кететіні бар ғой. Қайда барса да кемеңгердей күтіп алатын Ше­рағаңа да бұл құрметтің кештеу басталғаны рас. Алайда жергілікті биліктің, белгілі адамдардың ойында жүрген осы игі істің тездетіп басталуына Асағаңның да біршама ықпалы болғаны байқалады. Атақты адамдар мұндай ойын айқайлап айтпайды ғой, бірақ оны біз білгендей едік. Бұл жолы «осы бір жағдай қабырғама батып жүретін еді, соның сәтімен қолға алынғанына қуанып қалдым» деп ашық айтты. Бүгін сәті түскен соң айтуға тура келді. Таразда Шерхан Мұртаза атындағы рухани орталық ашылып, қазір шаһар аспанын ұлт рухы кернеп тұр. Жазушының туған жері Талаптыдағы тұрған үйін мұражайға айналдыру жұмыстары басталғалы тұр (бұл жөнінде «Egemende» жазылды). Айтпағым, ұлы актердің (бұл бағаның бұдан көп жыл кейін жиі айтылатынына әбден сенімдімін) жүрегін беймезгіл тербеген ұлы сағыныштың мен сезген лебі. 

Ұлы ұстазым Ақселеу Сейдімбек тарихты тұлға арқылы зерттеуіміз керек деп, осы концепцияны ғылымға енгізіп, өзі осы соқпақты бастап бер­ді. Әзелден белгілі бір қағида бар. Тұл­ғаны тұлға ғана таниды я болмаса сол биікке жетеқабыл адамдар ғана шын түсініп, шын бағасын біледі.

Бір-бірінің бағасын білген, бір-бірін ардақ тұтқан ағалар-ай! Есіме Камал Ормантаевтың аяғын сүйген Әбді-Жамил аға түсіп отыр. Бұл жөнінде кезінде жарықтық Сейілбек Шаухаманов «Egemende» толқып жазды. Осы ұлы достық, осы бір ұлы тілеулестік енді жалғаса ма екен?! Фейсбукте бір-бірін мақтаудан жарысып жатқан бүгінгі зиялы дейтіндер, атақ-даңқ жолында жанталасып жүргендер, бесіктен белі шықпай жатып өзін-өзі шімірікпей мақтайтындар, үйін, қазіргі күйін көрсетіп күйлеп жатқандар, бір ауыз өлең жазып, кешегі ақындардың бәрін сызып тас­тайтындар, әлеуметтік желіні ақ­парат, арандату алаңына айналдырып алғандардың ертең қандай аға болатынын болжай аласыз ба?!

«Жүсіпбек әншіліктің ғана емес, адам­гершіліктің де академигі» деп Әуезов айтқандай, осылар адамгер­шіліктің академигі бола ала ма, жоқ па? Шерағаңды айтып көңілі боса­ған Аса­ғаңның көңілді әр қияға сам­ғат­қан осындай бір ой жосығынан соң Шерағаңның қаншама жасты қанат­тандыр­ғаны, Оралханның «аға» деп жүрек­ті жұлқып кетер сөз жазғаны есіңе түсіп елжірейсің.

Біреу олай дер, біреу былай дер, бірақ сол алпыстан асқан біздерге енді «Аға» деген титул бұйырар ма екен?!      

– Басқа шаруам жоқ, осы ризашы­лығымды білдіргім келді. Шерағаңның «Ай мен Айшасын» бір түнде оқып бітіріп, бір түн жылап едім. Біздің заманның айна-қатесіз жазылған кар­тинасы, тура біздің өмір. Бір фальш жоқ. Бүгінде бұл кітап менің пер­вый источнигімнің бірі. Асып-тасы­ғандарды тәубесіне келтіретін кітап. Әрине бұл кісінің Тұрар жөніндегі «Қызыл жебесі», тағы басқа туын­дыларының орны бөлек қой. Кейде ойлаймын, шіркін режиссері табылса «Ай мен Айша» қазіргі қаптаған сериалдардың аузын ұрып кететін ұзақ сериалы кинодастанға айналар еді, –деп және бір толқыды тарлан.

Оны-мұныға оңайлықпен селт етпей­тін Алаштың Асанәлісін жылат­қан «Ай мен Айшаны» осындай көңіл күйде оқымаған оқырман жоқ шығар.

Қайран, Шерағам! Дүниенің төрт бұрышын шарлап, нешеме кере­меттерді көрсе де, тіпті Мәскеуде оқы­­­са да, соның бірде-бірі түсіме кірмейді, түсімде тек Мыңбұлақты көре­мін деуші еді. Бұл ойын есті жан­ның есінен кетпестей етіп жазған да еді. Ендеше, сол милләтіміздегі Мың­бұлақтың тағ­дырын кешкен мың ауыл­дың мың тағдыры, мың мұңы неге көр­кем кар­ти­наға айналып, көңілімізде мәңгі­лікке қалмайды? Соны қолға алатын аса дарынды қазақ халқының бір өкілі жоқ па? Бүгінде сол Мыңбұлақпен тағ­дырлас, іргелес жатқан Шекер айылын Шың­ғыс арқылы әлем таныған жоқ па? Қырғыздар Шықаңның шығар­ма­сынан 28 фильм түсіріпті. Соның бірі болмаса бірінде Шекер көрінеді. Ал Мыңбұлақ ше? Мыңбұлақ арқылы бар қазақтың мұңын айтуға болмас па еді?! Бұл ойымды мэтр үнсіз тыңдады. Күр­сінді. Бәлкім ғұмыр жетсе өзі де кірі­сіп кетуі әбден мүмкін-ау деп ойладым. 

 

Қали СӘРСЕНБАЙ