• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Қыркүйек, 2020

Жырымен жігер беріп жетеліге

115 рет
көрсетілді

Адамды алға сүйрейтін өмірге деген шексіз құштарлық екен. Жалаулы жасыл дүниенің бір бөлшегі болып жүрсем деген іңкәрлік қос қанатынан демеп, армандай алыс күндердің көкжиегіне жетелеп келеді.

 

Аяуды білмес қатал тағдыр қырына алғалы тұп-тура 37 жыл. Осыншама уақыт бойы қарға адым жер мұң болып, бойына көзін ашқалы жұққан дертпен тынымсыз алысып келеді. Бар мүшесі сау болғанымен, омыртқасына зақым келген. Туа бітті мүгедек болуы да содан. Әлия табиғатынан жігерлі, қайсар қыз. Ешкімге алақан жа­йып, жайын айтып көрмепті. Қайта өзгеге көмектессем деп ұмтылып тұрады.

Бір емес, бірнеше мамандығы бар. Соның ішінде қапысыз меңгергені – психология. Өзінің айтуынша, алдымен өзі үшін тылсым сырлы ғылымды тола­йым меңгеруге тырысқан. Қайдан деріңіз бар ма, қапелімде, әсіресе жалғыздықтың қара шымылдығы тұмашалап, небір ойлар қаумалағанда, жаныңа жігер бітіру үшін мұны да білген жөн. Әйтпесе сәл ғана нәрсені қиямет-қайым санап, өмірден түңіліп жатқандар қаншама жастар туралы жаман хабар естігенде жаны жүдеп қалатыны бар. Қалай ғана мынау әдемі әлемді қиып кетті екен, он екі мүшесі сау жанның қандай қиындық болса да жеңіп шығуына болатын еді ғой.

Әуел баста ата-анасы Әлия апасындай қайсар да батыр, ержүрек те батыл болсын деген ниетпен азан шақырып осындай ат қойған. Бүгінгінің Әлиясы да тіршіліктің ақбас толқындарымен алысқан, дерт майданымен жағаласқан ержүрек қыздың бірі. Ертеректе дәрігерлер медицинасы мейлінше дамыған шетелдерде ота жасаса, емделіп шығу мүмкіндігі бар екенін айтқан болатын. Бірақ оған қаражат қайда? «Басқа түскен баспақшыл» демекші, өз жанын өзі емдеп, өз дертімен өзі алысып келеді.

– Бала кезімде құрбыларыммен бірге құлдыраңдай жүгіріп, асыр салып ойнағым келетін. Сондай бір сәттерде қаз басып жүре алмайтынымды ойлағанда көзімнің алды еріксіз кіреукеленіп кетеді. Іле бойымды жинап ала қоямын, – дейді бірінші топтағы мүгедек Әлия Хасенова, – болашақ жайлы беріле ойлағанда санаға ащылы-тұщылы небір ойлар шүпілдейді. Сосын жатпай-тұрмай еуропалық мектепті психологиялық маман­дығы бойынша қашықтан оқып бітірдім. Осы бір қадамым өз өміріме үлкен өзгеріс әкелді. Белсенділік, болашаққа деген сенім пайда болды. Боркемік ойларға беріліп, жаным жүдей бастаса, жақсы ойдың жалына жармасуға әдеттендім.

Құрбылары тәрізді мектепке барып білім алуға мүмкіндігі болмаса да, оқуын үздік аттестатпен аяқтаған. Аяулы қызының жағдайына алаңдаған анасы тиісті мекемелердің табалдырығын тоздырып жүріп үйден оқуына жағдай жасаған екен. Орта мектепті бітірген соң Нұр-Сұлтан қаласындағы «Тұран» колледжіне түсіп, экономист мамандығын меңгерген.

Қайсар қыздың көкірегіндегі сан алуан сезім ақ қағаздың бетінде жыр болып өріледі. Оқыған жанға ой салар көркем әңгіме де, жүрек қылын шерте­тін нәзік новелла да жазуға ма­шық­танған. Соңғы жылдары аудан­дық, облыстық «Алтын қалам» байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. 2012 жылы бар еңбегін жинақтап, алғашқы кітабын шығарған. Қазір екінші жинағын топтау үстінде. Негізгі тақырып – өмірге деген сүйіспеншілік, тағдырдың салған ісіне тастай берік болу. Кейіпкерлері де өзі тәрізді жігері жалын атқан жандар. Зер салып оқысаңыз, көкірегіңді қоламтаның шоғын­дай қыздыратын кәусар сезім алпыс екі тамырдағы қызыл қанды қыздырады.

Бүгінде Әлияның Ақмол ауылында косметика және тұрмыстық химия бұйымдарын сататын жеке дүкені бар. Күнкөрістің қамы да. Оған қоса аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болса, жастар ресурстық орталығында маман болып жұмыс істейді. Бәріне уақыт табады, күш-қуаты қаптал жетіп жатыр. Жанындағы адамға жақсылық жасаса, тал бойына айрықша қуат біткендей әсер алады. Мүм­кін­дігі шектеулі азамат Аман­гелді Қапанов жетекшілік ете­тін «Болашақ» қоғамдық бір­лес­тігінде кедергісіз орта құру, мү­ге­дектердің құқығын қор­ғау­мен айналысады.

Осыншама іс тындырып жүр­ген қаршадай қыздың қай­ра­тына қалай сүйсінбессің. Өмір­дің өзі күрес, сол күресте дәті мықтылар ғана сынаққа шыдайды дейді ке­йіп­­керіміздің өзі. Бәлкім, солай да шы­ғар.

 

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы