• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 28 Қыркүйек, 2020

Бала саны толмайтын орыс сыныбы кімге тиімді?

1973 рет
көрсетілді

Жуырда орыс-қазағы аралас бірнеша ата-ана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­қа «Балаларымыз орысша оқымаса, Баянауылдан көшіп кетеміз...» деп әлеу­меттік желіде бейнеүндеу жолдады. Бейнеүндеу жолдауға өткен оқу жылында ау­дан орталығындағы №2 мектепте орыс тілінде білім беретін 1-сыныптың ашыл­мауы себеп болыпты. Осы мәселеге назар аударып, ауданға барып қайтқан едік.

«Біз балаларымыздың қазақ тілін үйреніп, білуіне қарсы емеспіз. Бірақ олар балабақшада мемлекеттік тілде сабақ оқу түгілі, ауызекі сөйлесу деңгейін де меңгерген жоқ. Балаларымыз қазақ сыныбына барса, үй тапсырмаларын орындауға біз де көмектесе алмаймыз. Сондықтан онсыз да аралас мектепте бір орыс сыныбы ашылғанын қалаймыз. Әйтпесе бір емес, бірнеше отбасы балаларының ресми тілде білім алуы үшін аудан орталығындағы үйін, жұмысын тастап, қоныс аударуға мәжбүр болмақ», дейді Кристина Бабакова бастаған ата-аналар.

Былтыр аудан әкімдігі келер жылы орыс тілінде даярлық сыныбы болмайды дегендіктен Кристина Бабакова 5 жасар қызын 1-сыныпқа берген. Келесі жылы ұлы 1-сыныпқа барады. Сондықтан бұл мәселеге қатты алаңдайтынын айтқан.

«Мен де ата-аналарды қолдаймын. Бір­ден орыс сыныбын жауып тастағаны дұрыс болмады. Мемлекеттік қызмет­кер­лер тарапынан қателіктер кетті. Қалай оқысаңдар, солай оқыңдар дегені ме? Аудан әкімдігі ата-аналармен кездесіп, сөйлесуі керек еді. Уақытша 1-сыныпқа бара­тын бір орыс сыныбын қалдырғаны жөн. Ешкім мемлекеттік тілді үйренуге, оқу­ға қарсы емес. Орыс сыныбына бала­лар­ын әкелген қазақтар да бар, балабақ­шаға барған балалары мүлдем қазақша біл­мейді», дейді мектеп мұғалімі Таисия Наумова.

Әрине, үндеуден кейінгі жайт белгілі. «Баянауылдағы орыс­тардың балаларын оқытпай, құ­қықтарын неге шектейсіздер?» деп жер­гілікті прокурорлар, Ұлт­тық қауіп­сіздік коми­тетінің өкіл­дері аудан әкімдігін, оқу бөлі­мін тексеріп, түсініктемелер ала бас­тады.

Көшем деген жұрт көше бер­сін. Бірақ орыс сыныптарының қатары жыл сайын қазақ балала­рының санымен көбейіп келе жатқанын неге ойламаймыз? Біз­ді алаңдатарлық мәселе – осы. Мәселенің мәнісіне келсек, қара­пайым ауызекі тілде «қазақ­тар тұратын аудан» делінетін Баянауылда қазір өзге ұлт өкілдері бар, бірақ өте аз қалды. Жыл сайын мектеп­ке келетін оқушы саны да азая бастады. Бұ­ған дейін де Баянауылда «орыс сыныптары жабылмасын» деген у-шу жиі шы­ғатын. Орыс сыныптары жабылмасын деп жүрген жалғыз орыс емес, оның ішінде баласын орыс мектебіне оқытқысы келетін баян­ауылдық қазақ отбасылары да бар.

Аудан орталығында, ауданға қарасты Майқайың кентінде де орыс тілінде бі­лім беретін аралас мектептер, сыныптар бұрыннан бері бар. Кеңес өкіметі кезін­де ауданда қаратаяқ белсенді басшы болған­дардың, «интеллигенция» дейтін өз қазағымыздың ұл-қыздары түгел орысша оқыды.

«Ал нақты мәселеге келсек, №2 аралас мектептің баста­уыш орыс сыныптарында мұға­лім жетіспейді. Мысалы, 2, 4-сы­нып­тарға екі мұғалім сабақ береді. Соңғы 4 жылда бастауыш орыс сынып­тарына сабақ беретін мұ­ғалімдерге білім бөлімі тарапы­нан сұраныс жасалғанымен, аудан­ға жас мамандар келген жоқ. Орыс сыныбында сабақ беретін ба­с­тауыш сынып мұғалімдері болмағандықтан, №2 мектепте биыл орысша оқытатын 1-сыныпты ашуға мүмкіндік болмады», дейді аудандық оқу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Сейітов.

Ақырында «неге орыс сыныбын ашпа­дыңдар?» деген мәселеден соң сансыз тү­сінік­темелер жазылып, аудандық оқу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Сейітов және тағы бірнеше басшы қатаң сөгіс алды. Бұған дейін ауданның бұрынғы әкімі Оразкелді Қайыр­гелдінов ата-аналармен кездес­кенде оқушылар санының азды­ғына орай 2020-2021 жылы оқу жылында орыс сыныбы ашылмайтынын хабардар еткен-ді. Яғни бар мәселе – бюджет қара­жатын тиімді пайдалану. «Біз осы жерден көшеміз» деп аттандап жүр­гендердің бәріне бірдей 3-4 оқушыдан құрап, сынып аша берудің дұрыс емес екені ескертілді.

Нұрлан Сейітовтің өзі ауданға «Оңтүс­тіктен – солтүстікке» бағ­дар­ла­масымен қо­ныс аударған мұғалім. Ол жергілікті жермен, тіпті мектептермен де әлі таны­сып үлгермеген де болуы мүм­кін. Жаңа басшы бұған дейінгі жергілікті әкімдерден, оқу бөлім­дерінің басшыларынан қалған, жасырып-жауып, нақты шешімін таппай келе жатқан аралас мектеп мәселесіне тап болды.

Бізге жолыққан оңтүстіктен көшіп келгендер де Баянауылдағы этностық мәсе­лені естіп, біртүрлі алаңдап қалғандай. Қазақ елінде тұрып мемлекеттік тілдің мәр­тебесін сыйламау – өзге ұлт өкіл­деріне де, ұл-қыз­дарын қазақша оқытқысы келмейтін әрбір қазаққа да ой салуы керек. «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілер» деген. Қазақ ойланса, қазақ оянса, өзгелер тілімізді, мекте­бімізді жатсынбас еді.

Енді қараңыз, бейнеүндеуден соң облыс әкімдігі «орысша оқытатын 1-сыныпты ашыңдар» деді. Ашылды. Ал сыныпта қазір Әлихан Абдулдаев, Азат Ақылбеков, Ерсұлтан Байділдә, Алан Маненов деген 4 қазақтың баласы, Валерия Шлыкова, Рамиль Макаров, Расул Пайымов деген 3 өзге ұлт өкілдерінің баласы, жалпы 7 оқушы оқып жатыр. Мұғалім болмаған соң Лунара Маратқызы сынып жетекшісі болып, басқа мектептен жіберіліпті. Ол гуманитарлық-техникалық коллеждің бастауыш білім беру бөлімін қазақша бітірген. Заң жүзінде бала қараумен үйде демалыста отырған бастауыш сынып мұғалімі Таисия Наумова шақырылған.

Биыл мектептің 11-сыныбында бір ғана оқушы қалыпты. Тамыз айында Екате­рина Тамилцеваның ата-анасынан мектеп ди­ректоры Шынар Мұрсалованың атына «қызымызды қазақ 11-сыныбына ауыс­тыруыңызды сұраймыз» деген өтініш түскен. Өтініш жазбастан бұрын ата-анасына бір оқушыға сынып ашылмайтыны, мем­лекет қаражатын мақсатсыз жұмсауға жол берілмейтіні жайлы түсіндірілген. Қазір Екатерина қазақ сыныбында оқуын жалғас­тыруда. Қазақ сыныбының пән мұға­лімдері орыс тілінде де сабақ береді.

Жалпы осы №2 мектептің орыс сыныптарында – 153 бала, ал қазақ сыныптарында 214 бала білім алып жатыр. Орыс сыныптарында 73 қазақ баласы оқиды. Ауданға қарасты Майқайың кентіндегі мектептің орыс сыныбында 203 қазақ баласы оқиды. Бұл балаларды жинап алып, не үшін орыс тілінде оқытып жатқанымыз тағы түсініксіз? Осы мәліметтерге қа­рап, керісінше, орыс сыныптары жабылмайтынын, жыл сайын қазақ балаларының санымен орыс тілінде білім беретін сыныптар көбейіп жатқанын көреміз.

Сондай-ақ бейнеүндеуден соң ата-аналар­дың өтінішіне сай жақында даярлық орыс сыныбы ашылып, Малика Мұха­медиева, Арина Наумова, Айя Чан, Саида Айханова, Сұлтан Нұр­сұл­танұлы, Александр Гор­бач атты 6 бала келіпті. Бұл орыс сыныптарындағы қазақ бала­ларының саны тіпті көбейеді деген сөз. Сондықтан Үкімет алдымен мәселенің мәнісіне мән беріп, республикалық комиссия келіп, өңірдегі орыс сыныптарында оқи­тын қазақтың балалар санына талдау жүргізіп барып, шешім қабылдаса екен дегіміз келеді.

Ал енді Баянауылдағы мектептерде білім алатын орыс, неміс, украин, татар, корей сияқты өзге ұлт өкілдерінің балаларының саны – 261. Соның ішінде өзге ұлт өкілдері балаларынан құралған 39 оқушы қазақ сыныптарында оқиды.

Айтпақшы, жоғарыда аталған Таисия Нау­мова сияқты басқа да ұлт өкілдері, Баян­ауылдың орыс­тары қазақ тілінде жақсы сөй­лейді. Таисия – қазақ мектебінде оқыған, рес­публикалық «Абай оқулары» байқауының 2009 жыл­ғы бас жүлдегері, «Мем­лекеттік тіл – менің тілім», «Қазақ­шаңыз қалай?» байқау­лары­ның жеңім­пазы. Әуелетіп қазақ әндерін айтады. Кезінде бізге сұхбат берген Таи­сия «Біз Баянауылдың қазақ­тарымыз» деп еді.

Баянауылдық күйші, тер­ме­ші Александр Верещак, тележүр­гізуші Марина Сахарова, дәрігер Любовь Ағаділова сияқты басқа да өзге ұлт өкілдері бар. Маринаның апалы-сіңлілі төрт апайы да қазақ мектебін бітірген. Қазір олар өмірден өз жолын тауып, осы жерде қызмет етуде.

«Баянауылда орысша сөй­лейтін адам аз. Бәрі қазақша сөй­лейді. Айналамыз, араласатын ор­тамыз қазақ болғандықтан, біз де қазақ тілінде сөйлеп кеттік», дейді Любовь Ағаділова. Бірақ әлі де болса балаларын орыс тілді сыныптарға қарай жетектейтін өз ата-аналарымыздың қатары азаяр емес. Бала­ларын орыс сыныптарында оқытқысы келетін қазақ ата-аналары да «бұл менің өз құқығым, қай тілде оқытсам да өзім білем» дейтіні сөзсіз.

Өңірде жалпы 356 мектеп бар болса, оның ішінде қа­зақ мек­тебінің саны – 136, орыс мектебі – 56, ал аралас мектептердің саны 164-ке жеткен. Екібастұзда 21 аралас мектеп бар. Бұл аралас мектептерде оқитын оқушылардың дені қазақ балалары екені тағы да белгілі. Осыдан-ақ орыс ті­лін­де білім беретін мектептер мен аралас мектептердегі орыс сыныптарында кімдер оқып жүр­генін көріп отырмыз. Аралас мек­тептердегі орыс сыныптарында бала саны жылдан-жылға кө­бей­месе, кеміген жоқ. Орыс сы­нып­тарындағы бала санының кө­беюіне өзіміздің ата-аналар, қара­домалақ оқушыларымыз үлес қосуда.

Кеңестік психология әлі де үстемдік құ­рып тұр. Кезінде өздері орысша оқыған азаматтар ұл-қыздарын, немерелерін әлі күнге орыс сыныбына апарып жатыр. Қаланы айт­пағанда, шалғайдағы ауылдарда да орыс сыныптары бар екені таңғалдырады. Мы­салы, Май ауданы Көктөбе ауылындағы аралас мектепте 208 оқушы оқы­са, оның 113-і – қазақтың баласы. Бұл аудандағы Май­түбек ауылында да аралас сыныптар бар. Мектеп оқушыларына қазақ сы­ныптарының мұға­лімдері сабақ беруде. Бұл жағдай облыстағы барлық аудан орталығына тән, бәрінде аралас мектеп бар, бәрінде орыс сыныбында оқитын қазақ балаларының саны басым.

Өңіріміздегі орта білім жүйе­­сінің ерек­шелігі – шағын мек­теп­тердің көп болуы, яғни 371 мектептің 234-і шағын болып саналды. Мектептердегі бір оқушыға мемлекет тарапынан 400 мыңнан 3,8 млн тең­геге дейін қаржы жұмсалатын болса, бюд­­жеттік қаражатты тиім­сіз жұм­сау­дан ешқан­дай пайда жоқ. Мұн­дай шығындарды азайту мақ­­­сатында шағын мектептер оңтай­лан­дырылып, ресурстық орталықтар дамып, мектеп жа­нын­дағы интернаттар ашылса, балалар тұрғылықты мекенжайларына қара­мас­тан заманауи және сапалы білімге қол жеткізер еді.

Баянауылдан келген соң бізге Таисия Наумова хабарласып: «Апай, бәрі бірте-бірте болатын нәрсе. Үкімет жақтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретін нақты шара­лар­ керек-ақ, сонда ғана мем­лекеттік тіл­ді үйренемін, ба­ламды қазақ мектебіне бере­мін деген талпыныс болады. Ал әрине, бола­шақта бәріміз қазақ тіліне көшеміз», деді.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы