• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 28 Қыркүйек, 2020

«Брекситтің» жыры бітпей тұр

237 рет
көрсетілді

Жаңа жыл жақындаған сайын Ұлыбританияда сабылыс күшейе түсті. Басты себеп – «Брексит», яғни аталған елдің Еуропалық одақ құрамынан шығуы. Ұзақ уақыт бойы шешілмей келген бұл мәселе коронавирус дағдарысына байланысты тіптен қиындай түсті.

Биылғы жылдың басында Ұлы­бри­танияның премьер-министрі Борис Джонсон Еуропалық одақтан шығу жөніндегі келісімге қол қойды. Брюс­сельдегі атқамінерлермен басы піспеген Британия басшылары «Брексит» мерзімін бірнеше рет ұзартты. Межелі уақытта түк тындыра алмаған ағыл­шындар Еуропалық одақтың астанасы Брюссельден 2020 жылғы 31 қаңтарға дейін мұрсат сұраған.

Осылайша қарт құрлықты әуре-сарсаңға салған келісімге қол қойылып, 31 қаңтар күні Ұлыбритания ресми түрде Еуропалық одақтан шықты. Дегенмен, Ұлыбритания қарт құрлықтан біржола қол үзген жоқ. Екіжақты келісімге сәйкес, биылғы 31 желтоқсанға дейінгі уақыт «транзиттік мерзім» саналады. Осы уақытта Даунинг стрит «Брек­ситті» аяқтауға қажетті ресми құжат­тарды, келісімдерді пысықтап, ортақ мәмілеге қол жеткізуі тиіс.

Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылы Тұманды Альбионда жалпыхалықтық рефе­рендум өтіп, қарт құрлықпен қош­тасуды аңсайтындар басым шыққан-ды. Осылайша ресми түрде «Брексит» басталды. Бірақ референдум өткізу күрделі түйткілдің басы ғана. Өйткені Ұлыбритания Еуропалық одақпен қоштасу үшін көптеген келісімді қайта қарап, өзекті мәселелердің оңтайлы шешімін табуы тиіс.

Мәселен, Еуроодақтан шыққаннан кейін Солтүстік Ирландия мен Ир­лан­дия арасындағы шекара, одақпен қош­тасқаны үшін төленетін айыппұл секілді сұрақтар Еуропа саясаткерлерінің де, Даунинг стриттің де әбден басын қатырды.

Ирландия мен Солтүстік Ирландия арасындағы шекара мәселесі әлі де тал­қылауды қажет етеді. Бұған себеп жетерлік. XX ғасырдың екінші жартысында Ирландия аралы тынышсыз еді. Ирландияның бірігуін қолдап, брита­ниялық басқаруды тоқтатуға қарсылар мен Ұлыбританияны қолдайтындар арасында қарулы қақтығыс жиі болатын. Шиеленісті реттеу үшін 1998 жылы Белфаст келісімі жасалды. Соған сәйкес, екі тарап та қаруын тастап, 30 жылға созылған текетіреске нүкте қойылды.

Кей сарапшылар «Брекситтің» рес­ми аяқталуымен өткен ғасырдың енш­і­сінде қалған қақтығыс қайта баста­луынан қауіптенеді. Өйткені Тұманды Альбионды үрейде ұстаған Ирландия республикашылар әскері (ИРА) тарағанымен, оның мүшелері ешқайда кеткен жоқ. Олардың кейбірі суық қаруларын жасырып қалғаны бұқаралық ақпарат құралы бетіне ара-тұра шығып тұрады. Оның үстіне, қаруын тәркілегенмен, соғыс өнеріне ма­шық­танған адамның әскерде үйрен­генін ұмыта қоюы екіталай. Яғни, алда-жалда Ирландияда қайта қақтығыс туа қалса, ИРА-ның қайта топтасуы әбден мүмкін. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, шекара дауы мұнымен аяқталмақ емес. Ирландия мен Солтүстік Ирландия түйіскен жерде көптеген ауыл бар. Мысалы, дәл шекарада орна­ласқан елді мекеннің британиялық жағы Белку, ал ирландиялық жағы Блэклайон ауылы деп аталады. Екі ортаны Белку өзені бөліп жатыр. Ауылдың тұрғындары да көп емес. Белкуде бес жүзге жуық, Блэклайонда үш жүзге жуық адам бар. Екі мемлекетке тиесілі екеніне қарамастан, халықтың «ауылы аралас, қойы қоралас». Елді мекендегі жалғыз ет дүкені ирландиялық тарапта орналасқан. Ал шаштараз, шаруашылық дүкені Ұлыбритания аумағында тұр. Тұманды Альбионда мұндай елді мекендер жетіп-артылады. Яғни, Ұлыбритания қарт құрлықтың есігін жапқаннан кейін, мұндай ауылдардағы жағдай қалай болмақ? Әлі күнге дейін бұл мәселе шешімін тапқан жоқ.

Келесі түйткіл – Ирландия мен Сол­түс­тік Ирландияға келетін тауарларды кедендік рәсімдеу. Еуропалық одақ­тың басқа елдерінен әкелінген тауар­ларға Ұлыбританияның баж салығы салы­на ма? Әлде, Дүниежүзілік сауда ұйы­мының бекіткен ережелері қолданыла ма? Бұл да әлі басы ашық тұрған мәселе.

Былтыр Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігі «транзиттік мерзім» аяқталғаннан кейін Еуропалық эко­номикалық аймақ пен Швейцария азаматтарына Тұманды Альбионда қалуы үшін арнайы бағдарлама ашып, жарты жылға мұрсат беруге келіскен.

Сыртқы істер министрлігі әзірлеген құжатта қарт құрлықтың экономикалық белсенді тұрғындары Ұлыбританияда бұрынғыдай жұмысын жалғастыра бермек. Бастысы, 2021 жылғы 30 маусымға дейін бағдарламаға өтініш беруі тиіс. Бірақ бұл құжаттың шикі тұсы көп болып тұр. Мәселен, осы заң жобасына сәйкес, студенттер, зейнеткерлер және коронавирус пандемиясына байланыс­ты жұмысынан айырылғандардың Англияда қалуы қиындай түспек. Ұлыбританияда заңды тұруы үшін олар биылғы 31 желтоқсанға дейін арнайы сақтандырудан өтуі керек.

Бұл көптеген түйткілдің бір парасы ғана. Борис мырза бастаған ағылшын атқамінерлері жаңа жылға дейін қарап отырмауы тиіс. Осы уақыт аралығында көптеген келісімді біржақты шешіп алуы қажет. Мәселен, Ирландия шекарасы, Еуропалық одаққа кіретін елдер азаматтарының құқығы, төлемақының нақты сомасы әлі де толық шешілген жоқ.

ЕО азаматтарының құқығы да әлі талқылауды қажет етеді. Одақ құрамына кіретін мемлекеттердің тұрғындары ұйымға мүше елдердің аумағында еркін жүріп-тұруға, көшіп-қонуға, жұмыс істеуге құқылы. 2021 жылдан кейін Тұманды Альбиондағы еуропалықтар мен қарт құрлықтағы ағылшындардың жағдайы қалай болмақ? Бұрынғыдай емін-еркін жүре бере ме, әлде арнайы виза әзірлетуі керек пе? ЕО құрамындағы бір елде жұмыс істеп, басқа мемлекетте зейнетке шыққандар зейнетақыны қалай алады?

Мұның бәрі жан-жақты талқылауды қажет етеді. Алда-жалда 31 желтоқ­санға дейін бұл мәселелердің бәрі ше­шілмесе, Ұлыбританиядағы жағ­дай қиындайды. London School of Economics университеті ғалымдарының есептеуінше, Англия ЕО-дан келісімсіз шықса, оның салдары коронавирус пандемиясынан да ауыр болмақ.

Оның себебі мынада. Қазір Еуро­палық одақ пен Ұлыбритания ортақ нарық арқылы жұмыс істейді. Яғни, екі тараптың тауарларына салық салынбайды. Кедендік талаптар да ортақ. Егер Даунинг стрит межелі мерзімде Брюссель шенеуніктерімен келіспесе, қарт құрлықтан Ұлыбританияға келетін тауарларға немесе кері бағыттағы өнім­дер мен қызметтерге Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелері қолданылады.

Өз кезегінде, мұның бәрі тауардың қымбаттауына әкелмек. Яғни, Ұлы­бри­тания өнімдерінің бағасы өсіп, Еуро­палық одақ елдерінде бәсекеге қабілетті болуы қиындай түседі. Мысалы, ағылшындар тұтынатын тауардың 30 пайызы Еуропалық одақ елдерінен әкелінеді. «Брексит» келісімсіз аяқтал­са, аталған тауарлардың бағасы өспек. Ағылшын банкі басшысы Марк Кэр­нейдің болжауынша, азық-түлік бағасы 10 пайызға қымбаттайды.

Сонымен қатар Ұлыбритания мен Еуропалық одақ елдері азаматтарының өзара қатынасы қиындай түседі. Кеден бекеттерінде паспорт тексеру уақыт алып, банк карталарын, мобильді желіні қолдану барысы өзгеріске ұшырайды. Пәтер құнының қымбаттауы, кедендік өткізу бекеттеріндегі кезектердің ұл­ғаюы секілді мәселелер туындамақ.

Қорыта айтқанда, коронави­рус пан­демиясы салдарынан Ұлы­бри­тания­ның Еуропалық одақпен «қош­тасуы» қиындай түсті. Бұған дейін Ирлан­дия­дағы шекара, кедендік одақ се­кілді мәселелермен басы қатқан пре­мьер-министр Борис Джонсон енді жаһандық індеттің кері әсерін де, «Брекситтің» кемшілігін де болдыр­мауға тырысуы тиіс.