Жер асты құбырлары мен кәріз жүйелерін ауыстыру күрмеуі көп күрделі істердің қатарына кіреді. Мұндай кезде жер үсті төсеніштері қазылып қырық қарыз шұңқырлар пайда болады. Қолайсыз көрініс тұрғындардың жүріп тұруына және автокөліктер қозғалысына әжептәуір кедергі келтіреді. Әрі мұндай жағдайда абайламаса апан шұңқырға үлкендер мен балалардың құлап кету қаупі туындайды. Сондай-ақ күрделі жөндеулер кезінде су жүйелері айырылып бұл үзіліс оны тұтынатын ел-жұрт пен әлеуметтің орынды өкпе-реніші мен наразылығын туғызуы әбден мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz
Осы орайда жер астындағы кәріз жүйелерін ауыстыру мен жаңғыртудың мұндай ескі тәсілінен бас тартып оның әлемдік стандарттарға сай жаңа заманауи тетіктерін тәжірибеге енгізген ақсайлық маман-жұмысшылардың бастамасы бәрекелді деуге әбден лайықты. Жаңа тәсілдің басты өзгешелігі мен артықшылығы жоғарыда айтылғандай жағымсыз жәйттердің бір де бірі болмайды. Нақтырақ айтқанда жұмыс үдерісі кезінде жер үсті астан-кестен болып қопарылмайды. Әрі су жүйелері айырылмайды.
- Бұл салалық термин тілінде сонация тәсілі деп аталады. Оны Ақсай қаласындағы кәріз жүйелерін жаңғырту кезінде тұсаукесер жоба ретінде тұңғыш рет қолданған едік. Оны пайдалану арқылы Халықтар достығы көшесінен Сырым Датов және теміржол көшесіне дейін 1769 метр құрайтын жер асты кәріз жүйелері күрделі жөндеулерден өткізілуде. Қазір құбыр ауыстыру жұмыстары мәреге таяп келеді. Жобаның жалпы құны 553 миллион теңге құрайды, дейді тың тәсіл жөнінде Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов.