• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Медицина 28 Қыркүйек, 2020

Алексей Цой орфандық ауруы бар балаларды дәрімен қамтуды өз бақылауына алды

184 рет
көрсетілді

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қорлар мен Қазақстанның барлық өңіріндегі Денсаулық сақтау басқармаларының өкілдерімен орфандық ауруға шалдыққан балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz

"Біз бүгін өте маңызды мәселені қараудамыз. Бұл көптеген факторға байланысты жылдар бойы іске асырылмай келген проблема. Осы мәселеге ерекше көңіл аударғымыз келді, оны жүйелі шешу үшін кемшіліктерді немесе нормативтік проблемаларды қарауымыз тиіс", деді А.Цой.

Орфандық аурулардың тізіміне 59 нозология кіреді. Бірыңғай дистрибьютордың 2020 жылға арналған тізімінде сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 1 415 атауы бар. Оның ішінде стационарлық көмекке – 1 177 атау, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге – 649 атау арналған.

Қазақстан Республикасында диспансерлік науқастың электрондық тіркелімінің деректері бойынша, 2020 жылғы 25 қыркүйекте орфандық аурулары бар 13 863 бала есепте тұр. Министрліктен мәлім еткендей, елімізде орфандық ауруға шалдыққан балаларға арналған дәрі-дәрмекке қатысты бірқатар проблема бар – кейбір препарат тіркеуден өтпеген, дәрілік заттарды сатып алу үшін шекті баға белгіленбеген, дәріні жеткізу жолындағы кедергілер, денсаулық сақтау басқармаларының салғырттығы тағы бар.

Сондай-ақ бүгінгі таңда орын алып отырған тағы бір проблема - сирек кездесетін аурулары бар пациенттерге қажетті көптеген препарат Қазақстанда тіркелмеген.

"Бұл мәселені біз жылдар бойы шеше алмай келеміз. Әкімдерге талай рет хат та жаздық. Енді Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті әкімдіктерге нақты ұсыныс берсе. Өйткені ауру балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жауаптылар жұмысына салғырт қарағаны үшін жазалануы тиіс. Ата-аналардан, қоғамдық қорлардан келген шағым, өтінішке немқұрайлы қарауға болмайды. Сонымен қатар, саяси шешім қабылдауды және бұл дәрі-дәрмекті мәжбүрлі түрде тіркеуді сұраймын", деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин.

Денсаулық сақтау министрі бұл мәселені, әсіресе өңірлерде ерекше бақылауға алу қажет екенін ескерді.

"Бір реттік тасымал, тіркеуге қатысты проблемалар бар – бұл таза бюрократиялық рәсімдер. Сондай-ақ, логистика мәселесі де бар. Сондықтан біздің міндетіміз – дұрыс жоспарлау және алдын-ала болжам жасау. Бірінші кезекте дәрі-дәрмекті жеткізу, бірреттік тасымал бойынша мәселені шешу керек. Біз бұл препараттарды ерекше бақылауға аламыз. Қазақстанға келген дәрі-дәрмектің мүмкіндігінше тіркеуден тез өтуін қадағалаймыз", деді министр.

Сондай-ақ, А.Цой балаларды дәрі-дәрмекпен қамту мәселесіне қатысты осындай кездесулер алдағы уақытта тұрақты өткізілетінін айтты.