Интернет желісінде алаяқтық қылмыс белең алып тұр. Жыл басынан бері Атырау облысының полицейлері азаматтардан виртуалды шындыққа бергісіз айламен әрекет ететін алаяқтардың ісіне қатысты шағымданғандардың 400-ге жуық өтінішін тіркеді. Әсіресе пандемия қаупіне байланысты карантин мен қозғалыс шектеулері интернеттегі алаяқтықтың өсуіне ықпал етіпті. Бейқамдықтан ба, әлде басқалай себебі бар ма, әйтеуір тұрғындардың интернет-алаяқтар көбірек ұсынатын тауарлар мен қызметтерге белсенді тапсырыс беретіні анықталып отыр.
– Қылмыскерлер қай кезде де азаматтардың ең осал тұсын тап басуға дағдыланған. Бұл – тез әрі оңай пайда табуға, үнемдеуге, қымбат заттарды арзан бағамен сатып алуға деген ұмтылыс. Мәселен, соңғы кезде ақшаны «айналдыру» деп аталатын алаяқтықтың түрі таралды. Алаяқтар азаматтарға ақша салып, қаржысын бастапқы жарнадан екі не, үш есе артық пайдамен қайтарып алуды ұсынады. Бұған сенген азаматтар алаяқтарға ақша, өздерінің деректері мен карта нөмірін жібереді. Ал алаяқтар оларға үстеме соманы жіберуге уәде береді, – дейді облыстық полиция департаменті криминалды полиция басқармасының аға жедел қызметкері Закария Разғалиев.
Оның мәлім етуінше, алаяқтар ұсынған жарнаны төлегендер ешқандай пайда көрмейді. Тіпті өзінің ақшасын қайтара алмайды. Адамдардың сенгіштігін пайдаланған қылмыскерлер жеке деректерге қол жеткізген соң тағы бір алаяқтық әрекетке барады. Бұлар банктерден құрбандарының атына несие рәсімдейді. Банктер несие ақшасын азаматтардың карточкаларына жібереді.
– Міне, дәл осы кезде алаяқтар өз құрбандарының телефонына қоңырау шалып, «қайырымдылық қорына арналған қаражат сіздің атыңызға кездейсоқ жіберілді. Ақшаны қайтарыңыз, өтінемін» дейді. Тағы да алданған адамдар бұл қаражатты алаяқтардың QIWI әмиянына жібереді. Осылайша, алаяқтар бір адамды екі рет алдайды. Аңғалдық адамдарды «айналдыруға» салған қаражатын жоғалтуға, тіпті өз атына ресімделген несиені төлеуге мәжбүр етіп отыр, – дейді Закария Разғалиев.
Алаяқтардың жиі қолданатын тағы бір «сүйікті» амалы – өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстыру. Олар өз құрбандарына қоңырау шалып, шотына шабуыл жасалғанын хабарлайды. Сол себептен, тексеру жүргізген кейіп танытып, азаматтардың жеке дерегін, олардың шотында сақталған қаржының сомасын біліп алады. Осылайша сенімге кіріп, телефонға келетін құпия кодты жіберуді сұрайды.
– Біз азаматтарға бөгде адамдарға өздерінің жеке дерегін, карта нөмірі мен құпия кодты хабарламауға кеңес береміз. Алаяқтар бұл ақпараттың барлығын басқа адамдардың қаражатын иемдену үшін пайдаланады, –дейді криминалды полиция басқармасының қызметкерлері.
Полицейлердің айтуынша, былтыр алаяқтар мұғалімдердің атын жамылып, ата-аналардан мектептің қажеттіліктері үшін ақша аударуды сұраған деректер көбейіпті. Осыған орай түскен шағым саны да артып отыр. Әдетте алаяқтар интернетте басқа адам ретінде көрінудің жолын жетік меңгеріп алған. Алаяқтар адамдардың фотосын жүктеп алып, олардың атынан жалған парақша ашады. Содан кейін құрбандарымен сөйлеседі. Интернеттегі алаяқтар сұрайтын сомалар қомақты емес. Сол себептен, зардап шеккендер мұндай фактілерге қатысты полицияға жүгінуді қажет деп таппайды.
Желіде жаңа гаджеттерді сатып алу немесе пәтерді жалдау да алаяқтардың жиі қолданатын әдісіне айналып барады. Алаяқтар жалған парақшаларда iPhone телефонының түрлі маркасын нарықтық құнынан төмен бағамен ұсынады. Олар телефонның жаңа екенін, жақында сатып алынғанын, немесе сыйлық ретінде берілгенін түсіндіреді. Бірақ шұғыл ақша қажеттігін, сондықтан арзан бағаға сатуға мәжбүр болып отырғанын айтады. Карточкаға ақша түскен соң олар «көкжиектен» тез жоғалатыны даусыз. Қоңыраулар мен sms-хабарламаға жауап бермейді. Тіпті алданған құрбанын бұғаттап тастайтыны бұлжымас әдетке айналған.
– Алаяқтар жылжымайтын мүлік иелерінің бетпердесін киіп те әрекет етеді. Олар жақында жөндеуден өткен пәтерді көңілге қонымды бағамен жалға берушінің рөлін ойнайды. Жалға алушымен телефон арқылы сөйлескенде алдын ала төлем жасаған клиенттің пәтерге келетінін алға тартады. Ұнаған пәтерді алып қалудың бір ғана жолын ұсынады. Бұл – картаға алдын ала төлем жіберу. Нәтижесінде, аңғалдық құрбаны ақшасыз, әрі жалдамалы баспанасыз қалады. Алаяқтар басқа адамдардың парақшасынан бөлек QIWI әмияндарын өте жақсы көреді. Өйткені мұны ашу үшін телефон нөмірінен басқа дерек қажет емес. Бұл виртуалды түрде ашылады. Оны бақылау да қиын. Алаяқтар банк карточкасын ашса, онда оны белгілі бір тұрғылықты жері жоқ, алкогольдік ішімдікке салынған кезбе адамдардың атына рәсімдейді. Өйткені, үнемі ішімдікке «тойып» жүретін мұндай адамдар құжатын кімге бергенін есіне түсіре алмайды, – дейді Закария Разғалиев.
Бейқамдыққа бой алдырып, аңғалдыққа ұрынған адамдарды интернеттегі алаяқтар иіріміне тартып барады. Арам ойлылардың арбауына түскен аңғал жандар ақшасынан айырылып, қарызға белшесінен батса да бұдан сабақ алар емес. Олардың арасында алаяқтарға бірнеше рет алданатыны бар. Ал адамдардың сенгіштігін сәтті пайдаланатын алаяқтар алдын ала құрылған жоспарын іске асыру үшін өзге қалалар мен елдерді таңдайтыны белгілі. Қылмыстық полиция басқармасының жедел уәкілдері ақша аударымдары айналымының Алматы, Шымкент, Қостанай қалалары мен көршілес Ресейде артқанын анықтап отыр. Полицейлер биылғы жыл басынан бері осындай 60 қылмыстық істі ашып, алаяқтардың жолын кесті.
Атырау облысы