Қандай да бір қарыз алған соң қайтаруға асыққанға не жетсін. Алайда қаржылық жағдайы тығырыққа тіреліп, қайтарғысы келсе де қайтара алмай жүргендер аз емес. Әсіресе қарызды банктен алып, пайызға малтыққандар көп. Мұндайда қарыз беруші көбіне-көп коллекторлар мен жеке сот орындаушыларына жүгінетіні белгілі. Олар өз кезегінде берешекті өндіріп алу үшін барын салып бағады...
Берешекке белшеден батқандар туралы айтудың өзі ауыр. Себебі қаражат тапшылығынан қысым көрген тұлғалардың өз-өзіне қол жұмсағандары туралы жайсыз хабарларды бұған дейін де көп естігенбіз. Әрине, қарызды қайтармаған жақсылыққа апармайды. Адамды ақтық сапарға шығарып салар сәтте жиналған жұртқа қарата қойылатын жалғыз сұрақ та «берем деп жүріп бере алмай кеткен қарызы бар ме еді?» деп қойылатынын жиі естиміз.
Жаһанды жайлаған пандемия кесірінен енді қайтып еңсе тіктеместей тұралап қалған кәсіпкерлер де бар. Банктерден қарызданып-қауғаланып алынған қаражаттың пайызы, қайтарымы жоғалған жоқ. Сан соғып қалып, сандалып жүрген сандаған кәсіпкер енді қарызын қайтіп өтейді? Өтей алмаған соң телефоны күні-түні жеке сот орындаушылары мен коллекторлардың ұзын құрығына айналады.
Мұны біз мысал ретінде айтып отырмыз. Алайда осы мәселеге қатысты прокуратура органдарына келіп түсетін азаматтардың өтініштері де жиілеп кеткен секілді. Осыған байланысты прокуратура органдары жуырда жеке сот орындаушыларының қызметіне тексеру жүргізіп, коллекторлардың қызметіне талдау жасады. Құқық қорғау органдары тексеру және талдау нәтижелері бойынша коллекторлық агенттіктер жеке сот орындаушыларымен бірлесіп борыштарды заңсыз өндіріп алу схемасын қолданғанын анықтап отыр. Яғни коллекторлар өздерінің үлестес тұлғаларына жеке сот орындаушыларының лицензиясын алып отырған. Осылайша коллекторлар берешекті өндіріп алу үшін жеке сот орындаушыларының ақпараттық базасына (атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне) және шектеусіз құқықтық тетіктерге (мүлікке тыйым салу және сату, шығуға шектеу қою, банктік шоттарға қол жеткізу және басқалары) қол жеткізген көрінеді.
Бұл – заңсыз әрекет. Неге? Себебі сот орындаушыларының базасы мемлекеттік ақпараттық жүйе саналады. Онда жеке сот орындаушылары барлық атқарушылық әрекеттерді жасайды. Тараптардың жеке деректері жинақталған бұл ақпараттық базаға бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынған.
Алматы қаласында «өздерінің» жеке сот орындаушыларының ЭЦҚ кілттерін пайдалана отырып, коллекторлар сот орындаушылар базасына 200 мыңнан астам рет кіріп, борышкерлер туралы мәлімет жинапты. Мұндай әдістерді Алматы қаласының 35 коллекторлық агенттігі қолданғаны белгілі болды. Жеке сот орындаушылары өз құзыретін пайдалана отырып ай сайын 250-300 мың теңге көлемінде сыйақы алып отырыпты.
Осылайша тексеру қорытындысы бойынша Бас прокуратураның ұсынысымен республикалық жеке сот орындаушылары палатасынан 18 сот орындаушысы шығарылды. Соның ішінде 2 жеке сот орындаушысының лицензиясы күшін жойып, ал 1 лицензия тоқтатылды. Қалғандарымен жұмыс әлі де жалғасуда. Жүйелік әкімші олардың алдағы уақытта ақпараттық базаға кірмеулері үшін бұғаттады.