• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 01 Қазан, 2020

Мигранттар мәселесі оңтайлы шешілді

948 рет
көрсетілді

Жаһандық пандемия алқымнан алған кезде амалдың жоқтығынан біздің еліміздің де шекара есігін бекітуіне тура келді. Алайда, Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын негізгі транзиттік дәліз саналатындықтан шекара есігін мүлде шегелеп тастадық деуге тағы ауыз бармайды. Мысал ретінде еліміздің Сыртқы істер министрлігінің 243 мигрантқа транзиттік дәліз ұсыну мәселесінде Өзбекстан мен Тәжікстандағы әріптестерімен келісімге келгенін айтуға болады.

Иә, биылғы наурызда ко­ро­­навирустың Қазақстан аума­­ғына таралуын барынша азай­ту, ұлттық қауіпсіздік пен ха­лық­тың денсаулығын сақ­тау мақ­сатында ел Үкіметі Қа­зақ­стан-Ресей, Қазақстан-Қыр­ғыз­стан мемлекеттік шекараларын өту кезінде отандастарымыз үшін (жеке куәлік, туу туралы куә­лік), Ресей азаматтары үшін (РФ азаматының паспорты), Қыр­ғызстан азаматтары үшін (ID карта) ішкі құжаттардың қол­данылуын уақытша шектеу туралы шешім қабылдаған болатын. Ішкі құжаттар шектелгенімен пандемия өршіп, шекаралар жа­былған кезде ел аумағында қалып қойған мигранттар мәсе­лесі жойылып кеткен жоқ. Рас, вирус етек жайғалы бері талай кәсіпкердің тауы шағылып, қа­ражаттан қағылған-ды. Бұл өз кезегінде жұмыс іздеп келген мигранттарға да кері әсерін ти­гізді. Атамекенде қалған отбасы­ларына қаржы жіберіп тұру былай тұрсын, жеке басты алып жүрудің, отанға оралудың өзі мұңға айналды.

Мигранттар мәселесі Қа­зақ­станның ғана емес, өзге мем­ле­кеттердің де бас ауруына айнал­ғаны белгілі. Алайда, ел билігі мигранттарға транзиттік дәліз ұсыну мәселесіне келгенде тартынып қалған жоқ. Бұл туралы Женевадағы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Жа­нар Айтжанова биылғы мау­сымда өткен вебинарда мәлім­деген болатын. Аталған веби­нар жұмысын Көші-қон жө­нін­дегі халықаралық ұйым ұйым­дастырып, бұл шараға БҰҰ-ға 90 мүше-мемлекеттің, халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғам­ның 300-ге жуық өкілі қатысқан еді. Шара барысында пандемия жағдайында мигранттарды қорғау мәселесі қаралып, одан туындаған жағдайды тұрақ­тан­дыруға қатысты әр елдің үкі­меттері қабылдаған шаралар ай­тылды. Сол шаралардың шең­бе­рінде мигранттарға көмек көр­се­тудегі тәжірибе алмасу жүрді.

Нақ осы онлайн бас­қо­суда мигранттар мәселесіне қа­тысты Қазақстан тарапынан атқа­рылып жатқан жұмыстар баян­далды. Ж.Айтжанова халық­аралық қауымдастықтың алдында Қазақстанның мигранттарды қолдауға, соның ішінде төтенше жағдай мен карантин кезінде шетелдіктердің ел аумағында болу ережелерін әзірлеуге қа­тысты ұстанымын жеткізді. Со­ның ішінде, мигранттар үшін визалар мерзімін ұзартуға, оларға гуманитарлық көмек көрсетуге, сондай-ақ Қырғызстанның 500 және Өзбекстанның жүздеген азаматын мемлекеттік шекара арқылы өткізуді қамтамасыз ету кезінде қабылдаған бірқатар шараларды атап өтті. Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтары­на транзиттік дәліз ұсыну мәсе­ле­сінен бөлек, Қазақстан миг­ранттарға әлемде қалыптасқан күр­делі эпидемиялық жағ­дайда көмек көрсетуді жал­ғас­тыратынын жеткізген еді.

Ел билігі айтқан сөзінде тұ­рып, мигранттарға көмек көр­се­ту жұмысы жалғасқанын айту қа­жет. Мәселен, Қазақстан-Өз­бек­стан шекарасын кесіп өте ал­май жүрген 50-ге жуық тә­жік­­стандық  мигрантты өз отан­да­рына депортациялады. Сон­дай-ақ «Жібек жолы» өткізу пунк­­тінде туған топырағына же­­те алмай әбігерге түскен Тә­жік­­станның тағы 178 азаматы бар еді. Аталған азаматтар ел аума­ғынан үш күнде кетуі керек-ті. Мұндай шешімді сот биылғы 2-3 маусымда шығарғанымен, мигранттар ел аумағынан шыға алмай қалған-ды. Кейін бұл мә­селе де өз шешімін тауып, панде­мия салдарынан жапа шеккендер туғандарымен қауышты. Тә­жікстан билігі Қазақстан-Өзбекстан шекарасынан аса алмай жүрген 237 азаматты маусым айының басында отанына оралта алды.

Транзиттік дәліз ұсынуға Қа­­зақстан қанша жерден да­йын бол­­ғанымен, шекараны кесіп өту мәселесі қашан да күр­делі процесс болып қала бер­мек. Мәселен, осы індеттің ке­сірінен Ресей мен Қазақстан шекарасында бірнеше мың өзбек және қырғыз мигранттары бөгеліп қалған болатын. Ақыры, тамыз айының басында мигранттарға ел аумағынан өтуге рұқсат берілді. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров қырғыз және өзбек тарабы 27 шілдеде және 3 тамызда азаматтарын Ресейден әкелу үшін транзиттік дәлізбен қамтамасыз ету туралы ресми түрде ұсыныс айтқа­нын жеткізді. Осы мәселе кейін оң шешімін тауып, Қазақстан өз рұқсатын берген соң 4-5 та­мызда Ресейден Қазақстан аумағы арқылы Қыр­ғызстанның 2435 азаматы 40 автобуспен, Өзбекстанның 2,2 мың азаматы темір жол көлігімен жеткізілді.