• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 01 Қазан, 2020

Тарихтың тамыршысы

943 рет
көрсетілді

Алтайдан Атырауға, Алатаудан Қаратауға дейінгі Ұлы дала бесігінде үздіксіз ұрпақ өрбітіп өсіп-өнген қазақ ататегінің елу ғасырлық шежіресін шерткен жылнамашы, қазақ халқының қола дәуірден бүгінге дейін кең-байтақ киелі атажұртында кіндігі берік байланып, нәсіл-жұрағатын өсіріп өрбітіп, ел мен жерінің тамырластығы біте қайнасып, біртұтас құбылысқа айналғанын әлемдік ғылымның қазіргі жетістіктерімен өрнектеп айғақтаған тарихтың тамыршысы, сақтардың сарқыты болған қазақ жұрты сан ғасыр сапырылысқан халықтардың ұлы көшіне араласып, алты Алаш атанып, өзінің атақоныс мекенінде ежелден бері бірегей популяция түзіп, тегі мен түр-тұлғасы біртұтас ұлтқа айналғанын дәйектеген ғұлама – бүгін тоқсанның төріне шығып, топжарып отырған тарланбоз тарихшы, ҰҒА академигі, Болония академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғы­лым­дарының докторы, профессор, отандық антропология ғылымының атасы Оразақ Смағұлов.

 

Қазақ халқының туыстық жү­йе­сі, асыл тегін антропология ғылымының арқауына айнал­дырған абыз ғалым салыстырмалы дерек ретінде бауырлас ха­лық­тардың биоәлеуметтік деректерін өнімді пайдалануы түбі бір түркі халықтарының ара байланысын, туысқандық сезімін жақындата түсетін алтын көпір сынды әсер қалдырады. Оның зерттеу нысаны Қазақстанның аума­ғында ғана  шектеліп қал­май, Моңғолияның Баян-Өл­гей аймағы, Ресейдің Қосағаш ауда­ны қазақтары арасында экс­пе­дициялық сапарларға ұласып, маңызды нәтиже беруі алыстағы қандастарға деген патриоттық сезімінің көрінісі десек бола­ды. Ғалымның Мажарстан ан­тро­пологі Тибор Тот жолын жал­­ғастырған жас буын зерт­теу­ші­лермен әріптестік байланыс­тар орнатып, Тұран құрылтайын белсенді қолдауы да достықты ардақтайтын батагөйлік болмысы екені аян. Кісілік парасатына кішіпейіл қалыбы жарасқан, ғылымның ақ сарайының төріне биязы болмыс-бітімімен сән берген, табанды, еңбекқор жігерімен тау қопарып, ғылым кенін аш­қан біртуар ғұламаның кесек тұлға­сы ол негізін қалаған ғылым са­ла­сы­ның күрделі жүйесімен үндестікте өрілген. 

Әлбетте, адамзаттың пайда болуынан бастап бүгінге дейінгі дәуірлерді зерттейтін саланың бірі – антропология ғылымы. Бел­гілі бір аймақтан тұтас кон­ти­нент­тердегі тұрғындардың био­логиялық дамуын толықтай зерт­тей алатын бұл ғылым өзара эволюциялық антропология, палеоантропология, этникалық антропология, тарихи антропология және физикалық антропология деп жіктеледі. Осылардың қатарында физикалық антропология – адамның шығу тегін, дене құрылымын, жасын, салмағын, бойын, тірі кезіндегі әдеттері мен бас­қа да ерекшеліктерін бұлтарт­пас дәйектер арқылы анықтай алатын бірден-бір нақты ғылым.

Ықылым заманғы тарихи оқи­ға­лардың көмескі тұ­сын танып-білуге, байырғы халық­тар­дың бет-бейнесін дөп басуға сүбе­лі үлес қосатын бұл саланы ғалым­дар әлдеқашан мойындаса да, әлем бойынша антрополог ғалымдар саусақпен санарлық екен. Себебі антрополог болу үшін медицина мен археологияны ұштастырып, тарих пен мәдениетті терең білу керек.

Қазақстандағы антропология ғылымы кеңестік кезеңнің қызыл саясатына ұшыраса да, тәуел­­сіздіктің арайлы таңы­мен қайта жаңғырып, биік белеске көтерілгені белгілі. Әри­не, мұндай жетістік осы салада ұшан-теңіз жұмыстар атқарып, толайым табыстарға жеткен бел­гілі ғалым, академик, тұңғыш қа­зақ антропологі Оразақ ағаның қа­жырлы еңбегінің арқасы. Ол – еліміздегі физикалық антропология мектебінің негізін қалап, жарты ғасырға жуық қазақ халқының генетикалық құрылымын зерттеуге өлшеусіз үлес қосып келе жат­қан бірегей маман. Биыл тоқсанның төріне шыққан Оразақ аға әлі де осы саланың тізгінін берік ұстап, іргелі зерттеулер жүр­­­гізіп келеді.

Саналы ғұмырын ғылымға арнап, бұрмаланған тарихымыз­ды қайта пайымдауға, жоғал­ған құндылықтарымызды қай­та түгендеуге атсалысып жүр­ген академик ағамыздың қиын­дыққа толы күрделі өмірі мен ғылымдағы жемісті еңбегі бір кі­тапқа жүк боларлық. Осы орайда, қашанда асыл қалпынан айнымай, ақырын жүріп, анық басатын зиялы тұлғаны мерейлі 90 жасымен құттықтай отырып, оның тұлғалық болмысы мен ғылыми-шығармашылық жолы жайында аз-кем толғануды жөн көрдік.

Оразақ Смағұлұлы 1930 жы­лы Қостанай облысы Меңді­қара ауданында дүниеге келген. Жастайынан анасынан айы­рылып, тағдыр тауқыметін көп тартқан оның сәбилік шағы ашар­шылықпен, бозбала шағы қа­сіретті соғыс жылдарымен өріл­ген. Оразақ аға өзінің балалық шағы туралы бір сұхбатында: «Мен сол ашаршылық жылдары ту­ған төлмін. Анам аштықтан бұра­ты­лып өліп жатқанда, бір күн бойы қойнында жатып, ем­шегін еміппін. Көрші Ре­сей­ге тамақ іздеп кеткен әкем келіп, мені ажалдан аман алып қалып­ты», дейді.

Сол кезде ойын баласы болса да, қазақ дала­сын жайлаған аш­тық пен қуғын-сүргіннің сал­қын ызғары қай­дан есіп тұрға­нын іштей бағам­дап, зобалаң жыл­дардағы қасіретті оқиғаларды жадына түйіп өседі. Ағамыз жас­­­­тайынан ауыр жұмыстарға же­гі­­ліп, шаршап-шалдықса да, оқы­сам, білсем деген ілімге құш­­тарлығы оның Қазақ мем­лекеттік университетінің тарих факуль­тетіне оқуға түсуіне себеп болады. Университет қа­быр­ғасында жүріп өз ұлтының өткен тарихы мен шығу тегін зерттеуді мақсат етеді. Әр жаз сайын археологиялық қаз­ба жұ­мыстарына қатысып, мол тәжі­рибе жинайды. Ғалымның антрополог ретінде қалыптасуына да осы археологиялық экспедиция­ларда көрген-түйгендері үлкен ықпал етсе керек. Ол туралы өзі былай деп еске алады: «Бірде кезекті археологиялық практикада жүр­генімізде, археологтердің табылған артефактілерді жинап алып, адам сүйектерін қалдырып кететінін байқадым. Олардан адам сүйектерін неге жинап алмаймыз, бұл деген нағыз дәлел-дәйектер ғой деген сұрағыма «мұ­ны зерттейтін бізде маман жоқ», деп қысқа қайырды».

Осы оқиғадан кейін жас маман Алматыдағы мединститутқа барып, «Адам анатомиясы» кафе­драсының меңгерушісі профес­сор Нұрыш Бөкейхановқа жо­лы­ғып, сүйектердің зерттелмей жатқанын және өзінің осы са­ланың маманы болғысы келе­тінін жеткізеді. Сонда Нұрыш Бөкейханов: «Апыр-ай, қазақтың сүйегін зерттейтін бір адам та­был­ды-ау», деп балаша қуанып, осы оқу бөлімінің жауапты адамын шақыртып, дереу оқуға қабылдатқан екен.

Оразақ Смағұлұлы тарих ма­мандығын тәмамдаған соң,  ҰҒА Тарих және этнология институтында және Алматы медицина институтында қосымша жұмыс істеп, екі мамандықты қатар алып жүреді. Әрине, ғалымның бақ-талайына орай, Одақтың жергілікті ұлт өкілдерінен антропология саласына маман даярлау тапсырмасымен 1957 жылы ҚазКСР Ғылым Академиясының  жолдамасы бұйырып, Мәскеуге аттануы – оның ғылымдағы жар­қын болашағының бастауы еді. Болашақ антрополог Мәскеу мем­­лекеттік университетіне ба­ры­сымен Ғылыми-зерттеу инс­­титуты мен биология фа­куль­те­тіндегі антропология му­зейін­де тәжірибе жинақтауға жі­бе­ріледі. Тәжірибе барысында май­­мылдардың анатомиялық құ­рылымын зерттеп, кейіннен Ленинградтағы белгілі ғалым, профессор В.Л.Гинзбургтің қара­мағында I Петр кезеңінен бері сақталған адам сүйектерінің құ­ры­лымымен танысады, адам­ның физиологиясы бойынша білімін жетілдіреді. Осылайша, жан-жақты мол білім мен бай тәжірибе жинақтаған жас зерт­теуші 1958 жылы аспиранту­раға қабылданады.

Оразақ Смағұлұлы кандидат­тық зерттеу тақырыбын Қазақ­стан антропологиясымен байланыс­тырмақ болғанда ғылыми кеңес мү­шелері Қазақстанда көне дәуір адам сүйектерінің базасы жоқтығын алға тартады. Осы тұс­та ұстазы Г.Дебец Мәскеудегі үлкен жиынға академик Қаныш Сәтбаевтың келгенін, сол арқылы бұл мәселені біржола шешіп алуын­ айтып кеңес береді. Болашақ антрополог қазақ ғылымының тау тұл­ғасы, академик Қ.И.Сәт­баев­пен жолығып, елі­міз­де физикалық антропология ғылымын дамытып, осы ар­­қылы қазақтың арғы-бергі тари­хы мен генетикасын зерттеу ісін қолға алғысы келетінін жеткізеді. Осы кездесу туралы ғалым өз естелігінде: «Қаныш Иман­тайұлы сол кездесуде мені қолдайтынын жеткізіп тұрып: «Әй, Оразақ, сен қазақтың био­логиялық әке-шешесін (шығу тегін) анықта», деп қадап тапсырды, сол аманаты бүгінге дейін құлағымда жаңғырып тұрады»,  дейді. Көп өтпей ұлы академиктің қолдауымен ұйымдастырылған алғашқы экспедиция Семей облысының Шұбартау ауданынан басталып, Баянауыл өңірінде және Қазақстанның басқа да ауыл, аудандарында жалғасады. Осы орайда, «бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, Қаныш ағаның қолдауы мен сенімі жас ғалымға қанат бітіріп, кейіннен кеңестік шең­берден шығып, әлемдік дең­гейдегі белгілі антрополог-ға­лым ретінде танылуына тікелей ық­пал етеді.

Осы оқиғадан кейін Қазақстан бойынша антропологиялық ірге­лі зерттеу жұмыстары О.Сма­ғұл­ұлына табысталады. Бұл уақыт­та ол кандидаттық зерттеуін сәт­ті қорғап, ғылыми дәрежесін ал­ған кәсіби антрополог-тын. Мәс­кеуде жүргенде тәлім алған Г.Ф.Дебец, Я.Я.Рогинский, В.В.Бунак сынды антрополог ға­лым­дармен қа­наттаса зерттеу жүргізіп, ұзақ жылдар Орталық Азиядағы түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының да физикалық антропология­сын зерделеп, тың деректер мен мол жаңалықтарға қол жет­кізеді. Ғалым үлкен жобаларды одан әрі дамыту үшін Жапо­ния, АҚШ, Үндістан елде­рінде болып, халықаралық ға­лым­дармен тәжірибе алмасып, бірнеше антропологиялық экс­пе­дицияға қатысады. Осы жылдарда жинақталған дерек­көздердің қорытындысы ре­тінде 1970 жылы «Қола дәуі­рі­нен қазіргі заманға дейінгі Қазақ­стан тұрғындары» деген палеоантропологиялық зерттеуі жарыққа шығады.

Ғалымның тырнақалды туын­ды­ларының бірі – «Қазақстанның этникалық геногеографиясы» кі­табы сол кездегі қоғамдық және ғылыми ортада ерекше қы­зығушылық тудырды. Бұл кітап­қа ғалымның ширек ғасыр бойы жинақтаған бай материал­дары енген. Алайда Орталық Комитет бұл кітаптың мазмұны партияның идео­логиясына сай емес деген желеумен оның тара­тылуы­на тыйым салады. Тағылған айып: «О.Смағұлов шетелдік бур­­жуазияның идеологиясымен улан­ған әрі қазақ­тарды руға, жүзге бөлiп, ескiлiктi дәрiптеді» деген негізсіз жалалар. Ғалымның «мен ру, жүз­дерді тәсіл ретінде пайдаландым, сол арқылы әр аймақ­та­ғы қазақтардың биологиялық қан құрамы мен генетикасын зертт­еп, олардың бір­тұтас ұлт екенін дәлелдедім» деген пікі­ріне ешкім құлақ аспайды. Осы тұста жалғыз академик Әл­кей Марғұлан ғана сыңаржақ пiкiр­лерге қарсы тұрып, Оразақ Смағұловтың «Қазақ­станның этникалық геногеографиясы» кітабы жалпыға түсiнiктi әрі қазақ халқының арғы-бергі тарихы мен шежіресін толық тануға мүмкіндік беретін өте жо­ғары деңгейдегі ғылыми еңбек  деген жоғары баға береді. Алайда аталмыш еңбек партияның қау­лысымен сөрелерден алынып, тіпті шетелге таратылып кеткен нұсқаларының да кейбірі кері қайтарылып, өртеледі. Тек 1991 жылы Орталық Комитет тара­тылғанда ғана ғалымның кітабы ресми түрде ақталып, өз бағасын алады. Шынтуайтында, бұл ең­бек сол кезде-ақ халықаралық бедел­ді ғалымдар тарапынан мойын­далып, үлкен сұранысқа ие болған еді.

Осы оқиғалардан кейін де ғалым­ның қаламы мұқалмай, 1982 жылы «Қазақстанның этни­калық антропологиясы», 1989 жылы «Қазақстанның этникалық одон­тологиясы» деген ғылыми зерт­теулері жарияланады. Оның антро­пология саласында атқар­ған толағай еңбектерінің бірі – тұғырлы тұлғаларымыздың бет-бейнесін қалпына келтіріп, ха­лыққа қайта қауыштыруы. Мәсе­­лен, Ұлық Ұлыстың атасы Жошы хан мен Алаша хан кесенелеріне жүргізілген ғылы­ми жұмыстардың бел ортасын­да жүріп, табылған адам сүйек­­теріне зерттеу жүргізеді. Ға­лым  Алаша хан кесенесінен қазып алынған бассүйектің негі­зін­де жасалған мүсіннің антропо­логиялық анықтамалары қазаққа келетінін дәлелдеді. Сон­дай-ақ ол Қобыланды батыр кесене­сіне де археологиялық қазба жүргізіп, әдебиетші, тарихшы, археолог ғалымдармен бірлесе отырып, әйгілі батыр тұл­ғаның антропологиялық бейнесін қал­пы­на келтіреді. Ол табылған сүйекті зерттей келе, Қобыланды батыр­дың бет-бейнесінде Орта ға­сырлар кезеңінде қалып­тасқан қазақтарға ортақ антропо­ло­гия­лық ерекшеліктер бар еке­нін айтады. Академиктің дәл осындай Абылай хан мен Әй­теке биге қа­тысты ғылыми зерт­теулері отан тарихындағы тұлғатану саласына қосқан зор үлес деп бағалауға болады.

Антрополог-ғалымның әр жыл­дары Қазақстанның түк­пір-түкпіріне жүргізілген экспеди­цияларының нәтижесін­де «Абы­лай хан: тарихи-антро­по­ло­гиялық зерттеулер», «Алтай қа­зақ­­тары», «Қазақ халқының этникалық антропологиясы», «Қазақ халқының тарихи антропологиясы», «Қазақ халқының ан­тропологиялық тарихы», «Қазақ халқының шығу тегі» және «Қа­зақ халқы және ататегі» атты ір­гелі зерттеулері жария­ланып, 300-ден аса ғылыми мақала­сы алыс-жақын шетелдерде жарық көрді. Академиктің шоқтығы биік туындыларының бірі – қызы Айнагүл Смағұлова­мен бірлесіп жазған «Қазақ хал­қы және ата­тегі» атты кіта­бы. Аталған ғы­лыми еңбекте ғалым­ның 50 жыл­ға жуық жинақтаған материалдары негізінде қа­зақ халқы­ның бет-бейнесі, қан жүйесі, тіс морфологиясы, тері бедерлері мен қаңқа сүйек­те­ріне жасалған салыстырма­лы зерттеулерінің ғылыми тұжы­рым­дары топтастырылған. Сон­­­дай-ақ кітаптың жалпы маз­мұны байырғы қазақтардың атамекені мен оның тұрғында­рының шығу тегіне, олардың та­рихи-биологиялық дамуына байланысты этноантропологиясына, түркітектес халықтардың лингвистикасы мен антропологиясына арналған.

Ғалымның қай еңбегін алып қара­саңыз да терең пайым­дау­­ларға, ғылыми тың тұжы­рым­дар мен нақты дәлел-дәйек­терге негізделген. Ол қай тақы­рып­ты жазса да ұғынықты тіл­мен жеткізіп, оқырманын тарих­тың терең иіріміне иіріп әке­теді. Ора­зақ Смағұлұлының еңбек­терін оқып отырып, байырғы баба­лардың батыр келбетін көз ал­дыңызға елестетесіз, Ұлы да­­­ла­­ны көктей өтіп жөңкілген ха­лық­тардың дүбірлі дабысы мен сыр-сымбатын сезінесіз. Ға­сыр­лар қойнауына сүңгіп, тарихты ұғасыз, тұлғаларды  жа­қын­нан тани түсесіз.

Түйіндей келгенде, ғалымның қажырлы зерттеулерінің арқа­сында қазақ халқының тарихи-биологиялық даму сатылары сонау тас дәуірінен бастау алып, кейін мыс, қола, ерте те­мір және түркі кезеңі арқылы үзі­ліс­сіз жалғасып келгендігі анық­та­лып, тұңғыш рет қырық ғасыр­лық тарихымыз түзіліп отыр. Сондықтан да Оразақ Смағұл­ұлын­дай әлемдік деңгейдегі ан­трополог-ғалымның маңдайы­мыз­­ға бұйырғанын мақ­таныш ету керек.

Оразақ Смағұлұлы – бүгіндері отандық тарих ғылымының абыз ақсақалы. Ол бір институттың жүгін арқалап, елімізде кенжелеп қалған антропология саласына жан бітірген әлемдік деңгейдегі көшбасшы маман, рухани өмірі­міздегі көкейкесті мәселелерге салиқалы ой, байсалды пікір айтып жүрген ұс­танымы берік зиялы, ғылым­ның қамқоршысы. Қашанда бойынан әділеттің жолында жүріп, әділ сөйлейтін, жанынан ізгіліктің лебі есіп тұратын Оразақ аға кешегі Алаштың айбоз оқымыстыларының сарқыты сын­ды дегдар табиғатымен хал­қына ғылым нәрін шашып жүр­ген терең парасат иесі, сирек кез­десетін интеллектуал тұлға.

Жасай беріңіз, жақсы аға!