Карантиннен кейін қайта түлеген «Астана Опера» театры балет маусымын зор жетістікпен бастады. Балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова әр күндері елордалық көрермендер назарына труппа этуальдерінің қатысуымен бірегей Гала-балет бағдарламасы және Н.А.Римский-Корсаковтың музыкасына жазылған М.Фокиннің «Шехеразада» бір бөлімді балетін ұсынды.
«Астана Опера» балет маусымының ашылуы көрермен қауымды ғана емес, сонымен қатар қазақстандық жетекші бұқаралақ ақпарат құралдары өкілдерінің де зор қызығушылығын тудырды. Іс-шараның басталуына дейін журналистер Алтынай Асылмұратоваға өз сұрақтарын жаудыртты. Әлбетте, «Карантин кезінде труппа қалайша жақсы жұмыс қалпын сақтай алды?» деген сауал басты назарда болды. Балет труппасы көркемдік жетекшісінің сөзінше, бұл оңай шаруа емес, карантин талаптарын жеңілдеткен соң ғана барлық санитарлық нормаларға сәйкес әртістер залда бар күшімен дайындықтарын бастай алды.
– Керемет сахнамыз бен көрермен қауымды қалайша сағынғанымызды сөзбен айтып жеткізу қиын. Балет маусымының ашылуы баршамыз үшін үлкен қуаныш. Маусым жарқын әрі мазмұнды, мәнді, ең бастысы жемісті болсын, – деп тілегін білдірді Алтынай Асылмұратова.
Шымылдық түрілді, шаттанған көрермен тына қалды. Алдымен барлығы сахна жабдықтарына – атақты италиялық сценограф Эцио Фриджерионың декорацияларына тамсанды. Содан кейін көрермендер аудиториясының назары әлемдік хореография жауһарларын, атап айтқанда, П.Чайковскийдің «Аққу көлі», Р.Петидің хореографиясындағы «Париж Құдай анасының соборы», М.Петипаның хореографиясындағы А.Аданның «Корсар» және т.б. балеттерден үзінділерді ұсынған балет труппасының әртістеріне ауды. К.Звереваның хореографиясындағы «Заман тынысы» балетінен дуэт пен А.Садықованың хореографиясындағы Steppe Sons «Қорқыт» қойылымы кештің көркін одан сайын қыздыра түсті.
Бұл кеште Әйгерім Бекетаева, Бақтияр Адамжан, Әнел Рүстемова, Гаухар Усина, Олжас Тарланов, Арман Оразов, Еркін Рахматуллаев, Ақарыс Бейбарыс, Серік Нақыспеков, Шұғыла Әдепхан, Сұлтанбек Ғұмар, Еркежан Жүнісова, Далер Запаров, Әсел Шәйкенова бастаған талантты әртістер ансамблі жұртшылыққа өз өнерін паш етті.
Келесі күні «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында Н.А.Римский-Корсаковтың музыкасына М.Фокиннің «Шехеразада» бір бөлімді балеті ұсынылды.
«Шехеразада» спектаклі ХХ ғасырдың басында – балет өнерінің қарқынды даму кезеңінде қойылғаны белгілі. «Астана Опера» сахнасына бір бөлімді толыққанды балетті Ресейдің Халық әртісі Андрис Лиепа алып шықты. Балетке Шахрияр патша мен оның інісі туралы «Мың бір түн» ертегісінің желісі негіз болған.
Салтанатты шығыс нақыштары мен құштарлыққа толы махаббат оқиғасы залдағы бірде-бір көрерменді бейжай қалдырған жоқ. Лев Баксттың қалпына келтірілген декорациялары мен костюмдеріне көрермен қауым таңдай қақты. Алтын құлдың партиясын «Астана Опера» театрының жетекші солисі Бақтияр Адамжан, шығыс сұлуы Зобеиданың бейнесін театр солисі Анастасия Заклинская ұсынды. Олар партияларын жай орындап қана қоймай, сахна төрінде өз кейіпкерлерінің өмірін бастан кешірді. Солистердің дарыны арқасында сахна нағыз таңғажайып ертегіге айналды.
Шахриардың партиясындағы Жәнібек Иманқұлов, Шахезман – Ильдар Шакирзянов, бас белсіз рөліндегі Олжас Маханбетәлиев, сонымен қатар балет труппасының барлық әртістері талғамы биік көрерменнің жүрегін жаулап алды.
– Балеттен керемет әсерге бөлендім. Әртістердің тер төгіп еңбек еткені көрініп тұр. Бұл, ең алдымен, труппаның премьері Бақтияр Адамжан мен Анастасия Заклинскаяға қатысты. Әртістер ертегіні сахна төрінде шындыққа айналдыра білді, – деп пікірімен бөлісті театрдың тұрақты көрермені Данияр Оспанов.