Әзербайжан мен Арменияның Таулы Қарабақ үшін күресі жалғасып жатыр. Әзербайжан Қорғаныс министрлігі аймақта жүрген Армения әскерін қоршауға алғанын хабарлады. Ал Армения бұл соғыста Ресейдің қорғаныс әлеуетін қолданатынын мәлімдеді.
Бұл аталған аймақ үшін 1994 жылдан бері орын алып отырған ең үлкен қақтығыс. Бұл шиеленіс екі мемлекетпен шектеліп қалмай, одақтастары Түркия мен Ресейдің де араласуына әкелді. Түркия Сыртқы істер министрі Мевлут Чавушоғлы «Әзербайжан мәселеге шешім табуды қажет деп тапса, біз тиісті шараларды қолға аламыз» деген мәлімдеме жасады. Министрдің айтуынша, әзірге Әзербайжанның жағдайды шешуге өз әлеуеті де жетеді.
Одан кейін Франция үкіметінің Арменияны қолдайтыны белгілі болды. Франция президенті Эммануель Макрон Түркияның демеуі Әзербайжанның Таулы Қарабақ аймағын өз иелігіне алуға жігерлендіріп отырғанын айтады. Оның ойынша, екі елдің мәселесіне бұлай араласу жөнсіз. «Мен бұл жерде Түркияның қауіпті әрі ойға қонымсыз саясатын көріп тұрмын», деді Э.Макрон.
Бұған дейін Армения премьер-министрі Николь Пашинян Ресей президенті Владимир Путинмен телефонмен сөйлескенде, бұрынғы Кеңес қорғанысынан көмек сұрауды жоспарламайтынын жеткізген еді. Алайда үкімет басшысы мұның мүмкін екенін де жасырмады.
Әзербайжан Қорғаныс министрлігі қақтығыста қарсы жақтың 130 танкісі, 200 артиллериялық жүйесі, 25 әуе қорғаныс жүйесі, 50 танкіге қарсы қаруы жойылғанын хабарлады.
Армения тарапы әзірге Армения, Әзербайжан, Ресейдің біріккен саммитін күтудің орынсыз екенін мәлімдеді. «Келісім үшін қолайлы кезеңді күту керек. Әзірге мынадай жойқын қарулы қақтығыс кезінде мәмілеге келудің басқа жолын іздеу керек», деді Пашинян.