Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында «Мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылады», деп мәлімдеді.
Президенттің бұл мәселеге назар аударуы бекер емес. Кейінгі кезде қос елдің азаматтығын алғандар туралы ақпарат та, жауапқа тартылған адамдар да көбейіп барады. Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстанда жыл басынан бері пысықталған алгоритм бойынша қос азаматтығы үшін жауаптылыққа тартылған 284 бұрынғы азаматы анықталды.
Азаматтығынан айырылған адамдар бола тұра, тәртіп бұзушылар Қазақстанға келу және тұру үшін қазақстандық құжаттарды пайдаланды. Олардың бірқатары шет мемлекеттің азаматтығын қабылдағаны туралы уақтылы хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы заң бұзушылықтар үшін 266 адамға (277 800 теңгеден 555 мың теңгеге дейін) айыппұл салынып, 18 адам елден шығарылды. Бұл – Ішкі істер органдарының анықтағаны ғана. Ал ешкімнің көзіне түспей, «көк паспортты» емін-еркін пайдаланып жүргендердің нақты саны белгісіз.
Қос азаматтыққа Ата заңымызда да, «Азаматтық туралы» заңда да тыйым салынған. Заң бойынша, өзге елдің азаматтығын қабылдаған Қазақстан азаматы отыз тәулік ішінде Ішкі істер органдарына немесе Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне осы қадамы туралы хабарлап, қолындағы Қазақстан Республикасының паспортын немесе жеке куәлігін тапсыруы тиіс.
Аталған заң талаптарын орындауға асықпайтындар да бар. Олар бір жағынан Қазақстанның азаматтарына арналған игілікті көріп отырса, екінші жағынан шетелдің жақсылығын пайдалануға тырысады. «Егемен Қазақстан» газетінің тілшілері дайындаған мақалалар осыны дәлелдейді. Ендеше, бұл мәселеге құқық қорғау органдары ерекше назар аударып, ұқыптылық танытуы қажет екені айтпаса да түсінікті.