• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 05 Қазан, 2020

Каталониядағы ахуал күрделі

198 рет
көрсетілді

Испанияның жоғарғы соты Каталонияның президенті Ким Торраны қызметінен босатты. Оған 18 айға дейін мемлекеттік лауазым атқаруға тыйым салынып, 30 мың еуро айыппұл төлеуге міндеттелді. Сепаратистік аймақ саналатын өңір басшысының құзіретін тоқтатуға басты себеп – оның Мадрид билігінің бұйрығына бағынбауы.

Былтыр Испанияда өткен жалпы сайлау кезінде азаттық аңсаушылар Каталониядағы мемлекеттік мекемелердің ғимараттарына саяси тұт­қын­дарды босатып, егемендік жө­нін­дегі референдум жасауға шақырған баннерлер мен сары жалау ілген-ді. Жоғарғы сот мұны елдің ішіне іріткі салуға балап, өңір басшылығына оларды алып тастауға бұйырды. Бірақ тәуелсіздік алуды көксейтіндердің бірі саналатын Ким Торра бұған бағынған жоқ.

Сөйтіп, былтыр Испания жо­­ғарғы соты Торраның өзіне қа­тыс­ты іс қозғаған. Бірақ Ката­ло­­ния президенті өзіне тағыл­ған айып­пен келіспейтінін мәлім­деді. К.Торраның сөзіне сүйен­сек, егемендікке шақырған бан­нер мен estelada жалауын алып тастау сөз бостандығын шек­тей­ді.

Енді жоғарғы соттың шеші­міне сәйкес Каталонияда тағы да саяси дүрбелең басталмақ. Өңір парламенті таяу уақытта К.Тор­раның орнына жаңа үміткер ұсынуы тиіс. Алда-жалда палата келісімге келе алмаса, көп ұзамай Каталонияда сайлауға дайындық басталады.

К.Торраның пайымдауынша, жоғарғы соттың шешімі негізсіз әрі Мадрид билігі Каталония үкіметін қызметінен кетіруді көздейді. Сондай-ақ ол өңірлік сайлаудың өтетініне сенімді.

«Біз азаттықты аңсаймыз. Егемендігімізді алғымыз келеді. Бәрінен бұрын, елімізде демо­кратияның жоғары деңгейіне қол жеткізсек дейміз. Алдағы ай­ларда өтетін сайлауда осы бағытта одан әрі жұмысымызды жалғастыруға мүмкіндік бар. Бұл – өзгерістің бастамасы болуы тиіс», деді ол.

Жоғарғы сот К.Торраның құзыретін тоқтатқанына қара­мас­тан, оның саяси көзқарасын біл­ді­руді шектеген жоқ. Яғни ол алдағы уақытта Катало­ния­ның азаттығы үшін күресті жалғастыра бермек. Сондай-ақ Каталония парламенті жаңа бас­шыны таңдағанға дейін прези­денттік лауазымды атқару вице-президент Пере Арагонеске жүктеледі.

Жалпы, Каталонияның тә­уел­­сіздікке талпынысы талай­дан бері әңгіме болып жүр. Мә­­селен, 2014 жылы аймақта тәуелсіздік алу жөнінде халық­тық референдум өткен. Онда электораттың басым бөлігі Ис­­паниядан бөлінуге дауыс бер­ді. «Жеті рет өлшеп, бір рет ке­суді» жөн көрді ме, бір жыл­дан кейін тағы бір мәрте рефе­рендум ұйымдастырылып, қаты­су­шылардың көбі тәуелсіздік жариялауға келісімін берді. Был­тыр Каталония үкіметі еге­мендік жөнінде партияаралық дауыс беру өткізген. Каталония парламентінің 50 пайыздан астамы азаттық алуды қолдайтынын білдірді.

Ақыры 2017 жылы өңірде жал­пы халықтық референдум өтіп, дауыс бергендердің 90 па­йызы егемендік алуды қол­да­ды. Референдумға 5,3 млн элек­тораттың 42,3 пайызы қатысып, 2,26 млн ката­ло­ниялық азаттық алуды жақтап дауыс берді.

Осылайша, сол кездегі Ката­лония президенті Карлес Пуч­демон тәуелсіздігін жария­лады. Бі­рақ Испания бұл ше­шім­ге қарсы келіп, референдум ұйым­­дас­тырғандарды қуда­ла­ған-ды. Сөйтіп, олардың басым бөлігі темір торға қамалса, К.Пуч­де­мон шетелге қашып, бас сауға­ла­ды.

Каталонияның тәуелсіздікке сонша ұмтылуының, оған ресми биліктің қарсы болуының сыры неде? Бұған экономикалық, сая­си және тарихи оқиғалар әсер етіп отыр. Солтүстігінде Фран­циямен шектесіп, шығысын Жер­орта теңізінің суы шайып жат­қан муниципалитет азат­тық­ты күні кеше майшаммен іздей бастаған жоқ, оның тарихи тамыры тереңге кеткен.

Каталония – Испанияның сол­түстік шығысында орналасқан автономиялық аймақ. Халқының саны 6,5 млн-нан асады. Та­лай қанқұйлы басшының теп­кісіне төзген территория XV ға­сырда жеке патшалық ретін­де жарияланды. Жеріне көз аларт­қан жауларының ортасында қал­ған Каталония патшалығы 1714 жылы тарих сахнасынан кетіп, Испанияның бір бөл­ше­гі­не айналды. Содан бері азат­тық­тың тәтті дәмін татқан катало­ниялықтар тәуелсіздікке талпынысын тоқтатқан жоқ. Генерал Франко биліктен кеткен соң, Испания жаңа даму бағытын ұстанған-тұғын. Ката­лония осы сәтті ұтымды пайдаланып, 1977 жылы автономия мәртебесіне қол жеткізді. Аймақ 2006 жылы автономия атағын тағы да бекітіп алды. Бірақ 2010 жылы Испания би­лігі Каталонияның бірқатар авто­но­миялық құқығын шектеп, бар «бақытынан» айырды.

Тәуелсіздікке ұмтылудың келесі бір қадамы – елдегі эконо­микалық жағдаймен тікелей байланысты. Каталония – Испа­ниядағы ең ауқатты және индус­триясы дамыған аймақ саналады. Сонымен қатар Барселона – туристер ағылатын сүйікті мекенге айналғалы қашан. Ша­һар­ға бизнес өкілдері көптеп келіп, мұнда мемлекеттегі үлкен банктер орналаса бастады. Euro­news арнасының мәліметі бойын­ша, Каталонияның бір өзі елдегі ішкі жалпы өнімінің 20 па­йызға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Испанияда еш аймақ мұн­дай жетістігімен мақтана ал­майды. Әйтсе де, үкіметтен ай­маққа бөлінетін қаражат үлесі ІЖӨ көлеміне сай емес.

The Telegraph басылымының есептеуіне сәйкес, алда-жалда Каталония егемендігін ал­са, онда «су жаңа елдің» ІЖӨ мөлшері 314 млрд дол­лар­ға жетіп, әлем бойынша 34-ші орынға тұрақтайды. Салыс­тыр­малы түрде қарасақ, Катало­нияның ІЖӨ көлемі Португалия және Израильден көп. Жан басына шаққандағы ІЖӨ де кө­бейіп, 35 мың долларды құрай­ды. Яғни Каталония эконо­ми­калық тұрғыда ұтпаса, ұтылмайды.

Тіл мәселесі де катало­ния­лық­тардың азаттыққа ұмты­луының бір себебіне айналған. Ис­панияда каталонша ресми мәртебесі бар кастилия тілімен қатар қолданылады. Бірақ Ка­та­лониядан басқа аймақта ол тілде сөйлейтіндер шамалы. Яғни, қағаз жүзінде құқығы болса да, ана тілі Каталония халқынан басқа ешкімге керек емес.

Енді Ким Торраның қыз­ме­тінен кетуіне байланысты Каталонияда тәуелсіздік алу мәсе­лесі қайта көтеріле баста­ды. Бұған себеп жетерлік. Бірін­шіден, жоғарыда айтып өт­кен­дей, өңірдің тарихи мәсе­лесі әсер етіп отыр. Екін­ші­ден, Испания саяси истеблиш­мен­тіндегі кейінгі кездегі жағымсыз оқиғалар да өз үлесін қоспақ.

Мәселен, Испания монар­хының абыройы халық арасында құлдырап барады. Король Хуан Карлос біріншінің басы дауға қалып, биыл елден кеткен еді. Оған жемқорлыққа қатысы бар деген айып тағылған. Мәселен, Сауд Арабиясынан 65 млн еуро ақша алған. Сондай-ақ 2008-2012 жылдары Швей­цариядағы банктегі есепшотынан ай сайын 100 мың еуро шешіп отырған. Сондай-ақ Хуан Карлостың 2014 жылы тақ­тан бас тартуына да осы мәсе­лелер әсер еткені бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып жүр. Пиреней түбегіндегі елдің бірінші адамының мұндай әрекеті корольдік отбасының да, Испания үкіметінің де абыройына зор нұқсан келтірді.

Оған қоса, таяуда Еуропалық комиссия жасаған зерттеудің нәтижесіне сүйенсек, қарт құр­лықтағы бірқатар мемлекеттің соттары өз қызметін адал атқа­рып отырған жоқ. Солардың арасында Испания да бар.

Қорыта айтқанда, Каталония тағы да егемендік алу туралы бастама көтеретін күн алыс емес. Қазіргі таңда Испанияны әсіреоңшыл популистік партия басқаратынын ескерсек, ел билігі бұған қарсы тұрары сөзсіз.