• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Абай 05 Қазан, 2020

Ұлылар Ұлан-Батырда ұлықталды

134 рет
көрсетілді

Өткен аптаның жұма күні Моңғол елінің астанасы Ұлан-Батыр қаласында Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен ағартушы-ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы және ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Абай және Әл-Фараби тағылымы» атты кеш ұйымдастырылды.

Іс-шараға Моңғолия Үкі­меті жанындағы Мәдениет және өнер істері жөніндегі ат­қару­шы агенттік басшысы Ц.Нацагдолгор, «Абайдың қа­расөздері» кітабының моң­ғол тіліндегі аудармасының авторы, қоғам қайраткері Сұл­тан Тәукей, сондай-ақ жер­гілікті бұқаралық ақпарат құ­ралдары және қазақ диас­пора­сының танымал тұлғалары қатысты.

Кешті ашып сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Жалғас Әділбаев аталған қос тұлғаның еңбегі һәм қоғамды да­мыту тұжырымдамалары жал­­пыадамзаттық құндылыққа, ағартушылық идеяларына не­гіз­­делгенін атап өтті.

«Абай Құнанбайұлы мен Әл-Фараби – көшпенді халықтың, яғни қазақ халқы мәдениетінің көрінісі. Осы екі ұлы ойшылдың арасында мыңжылдықтар жатса да, олардың дүниетанымы және шығармалары бір мезгілде жазылған сияқты» деді өз сөзін­де Моңғолия Үкіметі жанын­дағы Мәдениет және өнер істері жөніндегі агенттіктің басшысы Ц.Нацагдолгор ханым.

Кеш барысында моңғол тіліне аударылған «Абайдың қарасөздері» кітабының тұ­­саукесері өтті. Кітаптың авторы, дипломат, профессор, тарихшы, жазушы және аудармашы Сұл­­тан Тәукейұлы Абай мұрасы – қазақ халқының ғасырлар бойы жинақталған және барлық даналықты бойына сіңірген рухани байлық екенін баса айтып, ақынның шығармалары қанша уақыт өтсе де құндылығын жоймайды һәм әр кез рухани бағытты нұсқайды деді.

Жиын барысында Абай Құ­нан­­байұлының өмірі мен шы­ғармашылығы туралы моң­ғо­лиялық абайтанушылар Т.Етек­бай мен А.Жамбылдың баян­дамалары тыңдалды. Сонымен қатар басқосу кезінде Абайдың «Желсіз түнде жарық-ай», «Айт­­­­тым сәлем, қаламқас» туын­­дылары моңғол халқының ұлт­­тық аспабы моринхурмен орын­далып, қонақтар қазақ диас­порасының дарынды жас­­тарының орындауында көп­шілік сүйіп тыңдайтын «Кө­зім­нің қарасы» және «Сегіз аяқ» әндері, сондай-ақ ақынның мә­нерлеп оқылған өлеңдері мен қарасөздерін тамашалады.

Көрермендер үшін ұлылар­ға арналған фотокөрмелер мен кітап көрмелері ұйымдас­ты­рылып, жиынға қатысушылар Абай мен Әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмді тамашалады.