• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 06 Қазан, 2020

Мұқан мен музыка

756 рет
көрсетілді

Музыка мен Мұқан Төлебаев есімінің егіз ұғымға айналғаны қашан. Ол қазақ музыкасын жаңа әуендермен, тың тақырыптармен байытты, жанрлар аясын кеңейтті, жаңа құралдармен жабдықтады, қазіргі ұлттық операның негізін қалады. Қазақ музыка кеңістігіндегі өзге еңбегін айтпағанда, жалғыз-ақ «Біржан – Сара» операсы ұлт руханиятындағы құбылысқа айналды.

Ізденіс

Әйгілі композитордың ғиб­ратты өмір жолына көз жүгірт­се­ңіз, әсте Мұқан мен еңбекті бөле-жарып қарай алмайсыз. Мұ­қан есімі музыкадан бөлек, ізденіс сөзінің синониміндей де әсер беретіні тегін емес. Еңбек жолын Балқаш жағасындағы туған ауылы Бөрлітөбеде қарапайым есепші болып бастаған болашақ композитордың өмірін халық өнер­паздары слетінде ән айтып шыққан жұлдызды сәт күрт өз­гертеді. Осы оқиғадан ке­йін Мұ­қанның өмірдегі жолы оқыс өзге бағытқа бұрылып, Мәс­кеу консерваториясына сапар ше­геді. Іріктеу комиссиясының құ­рамында болған Евгений Бру­си­ловский, Мұхтар Әуезов сынды қазақ өнерінің бір топ қайраткері талант табиғатын тап басып танып, жас талапкерді бірауыздан қолдап, Мәскеуге аттандырады. Ағалар үміті алдамайды. Ол кез­де композитор 23 жас­та еді. Әуен әлемінің есігін өз құр­дас­тарымен салыстырғанда кешірек ашқанының орнын толтыру үшін де өмірінің соңына дейін үздіксіз ізденісте болды. Композитордың сол ізденісінің шыңы – әйгілі «Бір­жан – Сара» операсында бе­дер­ленді.

 

Құбылыс

Әр ісіне үлкен жауапкер­ші­­­­­лікпен қарайтын музыка май­тал­маны атағын айдай әлем­­­ге паш еткен әйгілі операға кел­­­мес­тен бұрын тәжірибе жи­нау, жанр табиғатын игеру мақ­са­тында білікті маман Евге­ний Бру­силовскиймен бірігіп «Аман­гелді» қаһармандық операсын жазуға бел шеше кіріседі. Бұл із­деніс нәтижесі бүкіл қа­зақ өне­рінің үлкен оқиғасына ай­налған «Біржан – Сара» ұлттық клас­си­калық шығармасының өмір­ге ке­луіне ықпал етеді.

«Мұқан өлең жазбағаны­мен, ақын адам еді». «Біржан – Сара» операсының либреттосын жаз­ған академик Қажым Жұ­ма­лиев Төлебаев еңбегіне осы­лай баға береді. Өзге компо­зи­торлар секілді тек музыкасын ға­на жазып, сол әуенді дайын либ­реттомен біріктіре салу сазгер табиғатында болмайтын. Опе­раның әрбір көрінісін жаны­ның бір бөлшегіндей аялап, әл­пештей дайындапты. Тіпті кейде Қажым Жұмалиевтің өзіне опера либреттосына қатысты пікірі мен ұсынысын да қоса айтып, кемшін түсіп жатқан тұстарының тігісін жатқызып, түзетіп жіберетін кө­рінеді. Яғни операның сәтті шығуына бірден-бір ықпал еткен күш – Мұқан Төлебаев пен Қажым Жұмалиевтің түсіністік һәм үйлесімге құрылған сәтті шы­ғармашылық одағы болса, ке­лесі себеп – туындыға автордың өз жанынан тың көрініс, оқиғалар қосқандығы. Олар – бірінші ак­тідегі айтыс, үшінші актідегі той және төртінші актідегі Аналық ананың жоқтауы. Сол кездегі өнерсүйер қауым тарапынан да, өнертанушы мамандар тара­пынан да бұл тапқырлық өте жо­ғары бағаланған. Бұдан өзге Төлебаев талантының тағы бір қыры – халық әндерін, салт-дәстүр, жоралғыларын жадында айнытпай сақтайтын зейінінің күштілігі. Осы қасиетінің ар­қа­сында қазақтың дәстүр мен құ­нарға бай қазынасы халқымен қайта қауышып қана қоймай, ұлт болмысының ажырамас бір бөлшегіне айнала алғаны.

 

Болмыс

Бір қызығы, Мұқан Төлебаев жаңа шығармасы дайын болғанда алдымен өзі айтып көріп, содан кейін ғана қағазға түсіреді екен. Музыкасы миында әбден жетіліп піспейінше, сазгер роя­ліне жақындамайтын көрінеді. Симфония болсын, ария болсын, мейлі қандай әуен болса да алдымен ойында жазып алып, әбден дайын болды-ау деген шағында нотаға түсіретіндігі де – му­зыка маманының өзіндік ән жазу әдісінен хабар береді. Бі­рақ соған қарамастан, «Бір­жан – Сара» операсы – бұл қалып­тан шығып, композитордың өмі­рінің соңына дейін өзгертулер мен толықтырулар енгізіп келген жалқы шығармасы. Опера жазу үстінде сазгердің үнемі қо­лынан түспейтін клавирлері – Чайковскийдің «Евгений Оне­гин», «Қарғаның мәткесі», Бо­родиннің «Князь Игорь» опералары екенін білу де талант табиғатын тануда өзінше сеп­теседі деп сенеміз. Сондай-ақ Мұқан Төлебаевтың бойында тек композиторлық дарын ғана емес, әншілік, режиссерлік, дра­матургтік таланты да болған. Опе­радағы барлық партиялардың орын­далуының дыбыстық ерек­шелігіне қарамай, түгелдей өзі айтып, күллі кейіпкерлерінің рөлін де төл орындауда тамаша етіп ойнап шығатын көрінеді. Міне, біз білмейтін Төлебаев табиғаты осындай еді.

 

Опыныс

Бір өкініштісі, шығармашы­лығы шарықтау шыңға көтеріл­ген шағында өмірінің тым келте қайырылғаны. Композиторлар одағын басқарып жүрген жылдары қазақтың кесек тұлғалы композиторы небәрі 48 жасқа қараған шағында бақиға аттанды. Бұл – 1960 жылдың 2 сәуірі болатын. Әуен әлемі солай қапыда қара жамылды. Өмірінің соңында сазгер «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» операсын жазуды қолға алады. Алайда мезгілсіз ажал жетіп, ол жұмысын аяқтап үлгермейді. Қиялдағы дүние арман күйінде сөйтіп шорт үзіледі. Композитордың қазасына қатысты бүгінде екіұшты пікірлер көп айтылады. Әуелгі салдар, әрине, соғыс даласында жабысқан сырқатпен байланыстырылады. Біреулер көлік апатынан ұшырап, мәңгілік тыныс тауыпты десе, тағы біреулер қастандықтың құр­­баны болғандығын айтып қа­лады. Қалай десек те, қа­зақтың музы­калық мұрасын қай­таланбас жау­һарларымен ба­йытқан компо­зи­тордың жұмбақ қаза­сының сыры тек бір Аллаға ғана аян. Ал өлмей­тін өнері – ұлттың мәңгілік мұрасы.