Үстіміздегі жылғы 10 қараша күні Астанадағы «Астана-Арена» спорт кешенінде Қарағандының «Шахтер» және Тараздың «Тараз» командалары арасында футболдан Қазақстанның 2013 жылғы Кубогы үшін финалдық ойын болып өтті. Онда 1:0 есебімен жеңіске жеткен кеншілер командасы Кубокқа қол жеткізді. Қарағандылықтарға бұл жүлдені матчты арнайы келіп көрген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев табыс етті.
«Шахтер» кездесудің басынан бірден шабуылға шықты. Команданың бұл матчтан көп үміт күтетіні бас жаттықтырушы Виктор Кумыковтың ұстанған тактикасынан байқалды. Ол еліміздің чемпионатында өз шәкірттерінің жүлделі орындардан көріне алмайтыны белгілі бола бастаған кезде бар күш-жігерді бірден Еуропа футбол алаңдарындағы шайқастарға аударып жіберді.

Соның арқасында оның жігіттері Қазақстан командалары арасынан бірінші болып Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсету деңгейіне дейін жетті. Ал жасақтың топтық кезеңде келесі айналымға шыға алмасын білгесін, Қазақстан Кубогы үшін айқасты бірінші кезекке шығара қойды. Сөйтіп, ол бұдан бірқатар уақыт бұрын кәрі құрлық командалары додасының жауапты матчтары алдында қалай Премьер-лига ойындарына кеншілердің екінші құрамын шығарса, осыдан бірнеше күн бұрын Голландияда өткен топтық кезеңнің кезекті ойынына да қосалқы құрамын сала қойды. Бұл аралықта негізгі құрам республика Кубогы үшін кездесуге қызу дайындалып жатты.
Өзін осындай тактик ретінде танытқан Виктор Кумыковтың командасы финалдық ойынның барысында қарсыласына қарағанда тың көрінді. Оның матчтағы қимылына қарап, биыл үш майданда қатар шайқасқан команданың сарбаздарын көргендей бола алмағанымыздың бір себебі, әлгіндегідей оны осы күнге баптап жеткізген бапкердің еңбегінде жатыр еді. Сондығынан болар, бірінші тайм толық қарағандылықтардың белсенділігінде қалды. Ара-тұра тараздықтардың шолғын жасап тұрғандары болмаса, негізінен басымдық солардың тізгінінде тұрды. Алайда, кездесудің бірінші бөлігінде екі жақ та есеп аша алмай, тең тарқасты.
Екінші таймды тағы да «Шахтер» шабуылмен өрбітіп әкетті. Оның ойыншылары қарсы жаққа қысымды бұрынғыдан бетер күшейте түсті. Ақыры 53-минутта олар сол басымдылықты голға да айналдырып үлгерді. Айтатыны жоқ, ол керемет бір үйлесімділікке қоса дәлдікті танытатындай болып соғылды. Осы жерде кеншілердің «Еуропаны көргендері» анық аңғарылып қалды. Оны айып алаңына лып етіп жетіп келген допқа өзін қоршаған екі қорғаушының арасынан сытылып шығып, аяғын тигізіп үлгерген Сергей Хижниченко түсірді. Доптың ұшып келіп, оның аяғына тиюі мен одан қайта серпіліп барып, қақпаның торына гүмп етіп түсе қалуы құдды бір бильярдтың шарын нағыз қас шебері керімі келіскен киймен ұрғанындай әдемі әсер қалдырды.
Қарағанды футболшылары бұдан кейін де есепті ұлғайтатын мүмкіндіктерді талай рет жіберіп алды. Мұндай әттегенайды Александр Симчевич пен Сергей Хижниченко бастарынан кешіп өтті. Бірақ олар Рамиль Нұрмұхаметовті қапы қалдыратындай айла таппады. Кеншілер бұдан кейін де бірнеше рет есепті еселеуге шақ қалды. Соның бәрінде тараздықтар соңғы сәттерде қақпаларын голдан аман алып қалып жатты. Соған қарамастан, «Шахтер» соңғы сәтке дейін шабуылдаудан қайтқан жоқ. Сөйтіп, жоғарыдағы Хижниченко салған жалғыз доп Кубоктың тағдырын шешіп кетті.
Айта кету керек, бұл матчты еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге УЕФА президенті Мишель Платини, оның орынбасары, Украина футбол федерациясының бұрынғы президенті Григорий Суркис, Ресей Футбол одағының басшысы Николай Толстых тамашалады.
Тағы бір айта кететініміз, бұл «Шахтердің» Қазақстан Кубогы финалындағы бірінші жеңісі болып табылады. Ол бұған дейін екі рет – 2009 және 2010 жылдары ақтық айқаста ұтылып қалған еді. Осы жеңісі арқылы қарағандылықтар Еуропа лигасына келесі жылға жолдама да алып қойды.
Соңғы қосарымыз, «Шахтерді» 2011, 2012 жылдары Қазақстанның чемпионы деген атаққа жеткізген Виктор Кумыков биыл оған еліміздің Кубогын да алып берді. Ал мұндай жетістікке жеткен жаттықтырушылар бізде оншалықты көп емес.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.