Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Тәуелсіздігін алғалы бергі уақытта Отанымызды әлемдік қоғамдастықтың белді де, беделді мүшесі етуге ұмтылып, күн-түн демей жұмыс жасап келе жатқаны баршаға мәлім жайт. Мемлекет басшысының осы бағыттардағы ерен еңбегі еш емес екендігі тағы аян. Бүгінде Қазақстан Республикасы әлемдегі аса дамыған 50 мемлекеттің қатарына еніп отыр.
Әрине, кез келген қоғам кемшіліксіз әрі іркіліссіз ілгері жылжымайды. Осындай сәттерде оған оң бағыт-бағдар сілтеп отыру, кей кездері сын тезіне алып, қажет болса, кезек күттірмес шешім қабылдау аса қажет. Үкіметтің соңғы өткен кеңейтілген отырысында да Министрлер Кабинеті мен жергілікті атқарушы органдарға қарата әділ сын айтылды. Ол нәтижесіз де емес. Осыған орай, төменде Елбасына қарапайым ел еңбеккерлері тарапынан білдірілген ризашылықтар жарияланып отыр.
Бәрін біліп отыр екен
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында көптеген мәселелерді сын тезіне алды. Атқарылмай жатқан істер турасында, қолға алынып, орта жолда қалып қойған жобалар жайында еш бүкпесіз айтып, ел игілігі үшін жасалатын шаруаларды ширықтыру керектігін баса ескертті. Жиында бюджеттен бөлінген қаражаттың игерілмей, өз нысанасына жетпей жатқаны да жасырын қалған жоқ. Алдын ала есептеулер бойынша бюджеттен бөлінген 150 миллиард теңге шамасындағы қаржы игерілмей қалғалы тұр екен.
Бұл не сонда? Қолда барды ұқсата алмай отырғанымыз емес пе? Білуімізше, жыл басында бюджет белгіленеді. Әр сала бойынша қажеттілігіне қарай қаржы бөлінеді. Дегенмен, осы кезде көптеген қателіктер кететін сияқты. Әйтпесе елдің пайдасы үшін қазынадан берілетін қаржы неге игерілмейді?
Кеңейтілген мәжіліс кезінде салынып жатқан мектептердің құрылысы туралы да сөз болды. Бірдей салынып жатқан мектептің құрылысына кететін шығынның екі бөлек екенін де аталған жиыннан естідік. Соңғы жылдары елімізде әлеуметтік маңызы бар нысандардың көптеп салынып жатқаны рас. Алыс та шалғай жерлерде мектеп, емхана, балабақшалардың бой көтеруі осы сөзіміздің дәлелі. Дегенмен, бұл жерлерде де бөлінген қаржы әркімнің аузында кетіп, көлденең келген адамдардың қалтасына түсіп жатқан кездердің болып жатқаны жұртқа аян. Бұл да біздің қоғамдағы келеңсіз жағдайлардың бірі.
Елбасы осындай келеңсіздіктерге тоқтау салып, қатаң бақылау керектігін ескертті. Жалпы, кеңейтілген отырыста Елбасының елдегі барлық жағдайдан хабардар екеніне және оларды түзету үшін бар күш-жігерін жұмсап, айналасындағы адамдарды да соған шақырып отырғанына көзіміз жетті. Бақылау бар жерде нәтиже де болады. Біз Елбасымыздың Қазақстандағы барлық мәселені өз назарында ұстап отырғанына қуандық.
Гүлбану АЙДАРОВА,
мұғалім.
Қызылорда облысы.
Халықтың арман-мүддесі қағыс қалмайды
Қазақстандықтардың 98 пайыздан астамы Мемлекет басшысы 11 қазан күнгі өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерген мәселелер халықтың арман-мүддесін білдіреді деп есептейді.
1-7 қарашада Мемлекет басшысы 11 қазанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерген мәселелер бойынша әлеуметтік сауалдама жүргізілді.
Сауалдама нәтижелері бойынша қазақстандықтардың 98%-ы Мемлекет басшысы 11 қазан күнгі өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерген барлық мәселелер халықтың арман-мүддесін білдіреді деп есептейді.
Бұл орайда, сұрау салынғандардың 92%-ы Мемлекет басшысының Үкіметке ауыл шаруашылығын дамыту бойынша тапсырмаларын қолдайды.
Ел Президентінің пайдаланылмай жатқан жерлерге егжей-тегжейлі ревизия жүргізу және оларды айналымға қосу тетіктерін жасау бойынша нақты тапсырмасы әр сұрау салынған екінші адамнан (91,7%) оң пікір тапқан.
Мемлекет басшысының қабылданған барлық бағдарламаларды жөнге келтіру қажеттігі туралы және жекелеген бағдарламалар бойынша қаржылардың толық игерілмеуі туралы сынын респонденттердің 92%-ы қолдайды.
Мемлекет басшысының басы артық көптеген процедуралар мен сәйкестендіруге орай бюджеттердің сапасыз орындалуы туралы сын-ескертпесінің әділдігін сұрау салынғандардың 94%-ы бөліседі.
98%-ы Мемлекет басшысының жоспарлау мен мемлекеттік бюджеттің орындалу сапасын жоғарылату туралы тапсырмасын қолдайды.
Сұрау салынғандардың 97,5%-ы Мемлекет басшысының жаңа жобаларға, әсіресе, құрылыс саласындағы жаңа жобаларға күрделі шығындарды арзандату үшін жаңа технологияларды пайдалану бойынша талаптарымен келіседі.
Респонденттердің 99%-ы Мемлекет басшысының мас күйде ЖКО жасағаны үшін жазалауды қатаңдату қажеттігі туралы тезисімен толықтай келісетінін мәлімдейді.
Сұрау салынғандардың 95,4%-ы Мемлекет басшысының білім беру нысандары материалдық-техникалық базалары, білім беру саласында білікті мамандар санының жеткіліксіздігі сынымен толықтай келіседі.
Мемлекет басшысының өзара міндеттеме қағидаттары бойынша еңбекке қабілетті адамдар үшін әлеуметтік көмек беру қажеттігі туралы ескертпесін қазақстандықтардың 96%-ы қолдаса, 93%-ы – «Жұмыспен қамту-2020» жол картасына қатысты айтылған сынмен келіседі.
Сұрау салынғандардың басым бөлігі Үкіметтің ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы іс-әрекетін өзінің қанағаттанушылық деңгейі бойынша «көп жағдайда қанағаттанбаймын» деп бағалайды.
Алып бәйтеректің бір-бір бұтағымыз
Мен Жамбыл облысының орталығындағы Қабылбек Сарымолдаев атындағы балалар үйінде өстім. Бірақ балалар үйінен түлеп ұшқан 2008 жыл мен үшін өте ауыр болды. Өйткені, қара шаңырағым – балалар үйіне әбден бауыр басып қалыппын. Алдымда: «Енді қайда барып күн көремін? Баспананы қайтемін?» деген жауабы қиын сауалдар тұрды.
Бірақ: «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық», деп қазақ бауырларым айтқандай, өзім ұнататын бойжеткенмен бас қосып, Тараз қаласының іргесіндегі Шөлдала ауылында пәтер жалдап өмір сүре бастадым. Жақында әкімдік қызметкерлері хабарласып, «облыс әкімінің қабылдауына барасың, саған пәтер бермекші» дегенде, шынымды айтсам, өз құлағыма өзім сенбедім. Сөйтсем, еліміздің «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге байланысты жетімдер үйінде тәрбиеленетін балалар мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезектен тыс пәтер алуға құқылы екен.
Пәтер алған кездегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осының бәрі ел тыныштығының, жетімдерін жылатпай, жесірлерін қаңғыртпай дұрыс бағыт-бағдар беріп отырған Елбасы саясатының арқасы деп білемін. Заң да әлеуметтік тұрғыдан қорғалуға тиісті біз сияқтыларға дұрыс жұмыс істей бастады. Міне, мен Елбасы мақұлдаған сол дұрыс заңның нәтижесінде пәтерлі болдым.
Сөздің реті келіп тұрғанда айта кетейін, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында біздің облыста да үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл жыл аяғына дейін 7 тұрғын үй пайдалануға берілмекші. Оның 6-ының құрылыс жұмыстары былтыр басталған. Оның 3-уі тұрғын үй кезегінде тұрғандарға берілсе, 3-уі жас отбасыларына жалға берілмек. Бір үйді ипотекалық деп естідім.
Айтпақшы, Елбасы саясатын басшылыққа ала отырып, өңір экономикасының өте қарқынды дамуына белсене атсалысып жүрген облыс әкімі Қанат Бозымбаев менен басқа да 14 баспанасызға пәтер кілтін табыс етті. Пәтерлеріміз Тараз қаласының «Бәйтерек» шағын ауданында орналасқан. Біз енді өзімізді Қазақстан сияқты алып бәйтеректің бір-бір бұтағымыз деп нық сеніммен айтуға толық құқымыз бар.
Александр МУРАВЬЕВ,
жұмысшы.
ТАРАЗ.
Жаңа бағдарлама әзірлеудің қисыны шамалы
Еліміздегі ауылдық аумақтар жан-жақты дамымай, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық деңгейін жаңа сатыға көтеру еш мүмкін емес. Мұндай өміршең көзқарас ел ішінде шағын және орта бизнес пен кәсіпкерліктің өрістеуіне де кең жол аша алады.
Мұндай жауапты да күрделі мәселе бір күннің, немесе бір жылдың еншісіне тиетін іс емес. Осындай бағыттағы байыпты бағдарлама, Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Елбасы атап көрсеткендей, 2004-2010 жылдары жүзеге асырылғанын ұмыта қойған жоқпыз. Соған сәйкес жергілікті жерде ауылдық аумақтарды жаңғырту жұмыстары басталған еді. Бұған Шыңғырлау жерінен де мысалдар келтіруге болады.
Біздің ойымызша, бұл – өте ауқымды, ұзақ мерзімді қажет ететін ілкімді іс. Оны орындау үшін асығу керек шығар, алайда аптығудың қажеті шамалы дер едік. Сондықтан да бағдарламада қарастырылған міндеттер мен межелерді байыппен қарастыра білсе, соның өзі аз олжа емес. Қазір ауданымызда ауылдық аумақтарды дамыту жөнінде алға қойылған мақсат өз жалғасын тауып келеді. Біз соған сүйсінеміз. Яғни, осыдан он жылға жуық уақыт бұрын қолға алынған бағдарлама өзінің мүмкіндігі мен әлеуетін әлі тауыса қоймағаны басы ашық ақиқат.
Соған қарамастан, ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі жаңа бағдарламаны әзірлеудің қандай қисыны бар. Әрине, оның ешқандай қисыны болмаса керек. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Мұндай жаңашылдыққа» күмән келтіруі өте орынды. Оның есесіне басты мақсат, Нұрсұлтан Әбішұлы атап көрсеткендей, бұрынғы бағдарламада көрсетілген міндеттерді аяғына дейін жеткізуге бағытталса, жетіп жатыр емес пе. Жоғарыдағыдай талабы мен тілегі арқылы Елбасы елге деген шынайы жанашырлықтың үлгісін көрсетіп отыр деп есептейміз.
Мемлекет басшысы айтқандай, аталған істің нақты нәтижелері бойынша оған жауапты адамдар мен әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік орган жетекшілері есеп беретін болса, бұл бағдарламаның ажары одан әрі ашыла түсері кәміл. Елбасының мұндай орынды талап-тілегінен кейін дәл солай боларына ешқандай күмәніміз жоқ.
Сөз соңында ауылдық аумақтарды дамытуға қатысты Елбасының үлкен қамқорлық пен жанашырлыққа толы сөздері мен тайға таңба басқандай нақты, қысқа да нұсқа ойлары үшін ризашылығымызды жеткізгіміз келеді.
Мадияр БАЙЖАНОВ,
Шыңғырлау ауданындағы «Жеңіс» шаруа қожалығының жетекшісі.
Батыс Қазақстан облысы,
Шыңғырлау ауданы.
Балаларға тегін болады
Тұңғыш Президент күніне орай Астана балалар үйлерінің тәрбиеленушілері қала кинотеатрлары мен мұз айдындарына тегін баратын болады.
20 қарашада Кәмелетке толмағандарды оңалту орталығының тәрбиеленушілері «Алау» спорт кешенінің мұз айдынына барса, 30 қарашада Тұңғыш Президенттің мұражайында, 27 қарашада суға түсу үшін «Хан Шатыр» жағажайында болады. 29 қарашада «Тұңғыш Президент күні» тақырыбында тәрбие шаралары ұйымдастырылады. 1 желтоқсанда балалар «Арсенал» кинотеатрына барады. Сол күні Отбасылық үлгідегі балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты линейка өтеді. Сондай-ақ «Н.Ә.Назарбаевтың Елбасы және Президент ретіндегі қалыптасу жолы» бейнефильмінің көрсетілімі ұйымдастырылады.
2011 жылдың 10 желтоқсанында Парламент Сенатының пленарлық мәжілісінде Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданғаны белгілі. Жаңа мереке күнін белгілеу туралы ұсынысты Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлау қарсаңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел алдындағы ерен еңбегін атап өту және тану мақсатында бір топ депутат ілгерілеткен еді.
«Егемен-ақпарат».
Орынды талап
Қазір жұрттың көбі жол үстінде жүретін заман ғой. Қалаған жерге тез, аман-есен барып-қайту тіленеді. Әрине, бұл жолдардың жайлы және қауіпсіз болуына байланысты екенін білеміз. Өкінішке қарай, осы орайда ішашырлық жайлар әлі жеткілікті. Мәселен, біз жұмыс бабына сәйкес Қарағанды – Жезқазған бағытында жиі қатынаймыз. Жол ескі, ойқы-шойқы, жыл сайын жөнделіп жатса да қайта кедір-бұдырланып шыға келеді. Әр сорабын жатқа тоқысақ та, әсіресе, түн мезгілінде қауіптеніп отырамыз.
Мұның сыртында жолаушы тасымалдаушы жеңіл көліктер пайда табуға жарыса әрлі-берлі басып озып, үрей ұшыратын жайттар бар. Апаттар жолдың жарықшақтарға толы болуымен бірге осындай өрескелдіктер салдарынан да орын алып жататыны жасырын емес.
Жолдар жай-күйін жақсы білетіндіктен, Елбасы сынын өте орынды санаймыз. Кім-кім, біздерге сын шындығы мәлім. Сондықтан қыруар қаржы сарп етіп салынатын жолдардың сапасы да соған сай болу қажеттігі қатаң талап етілуін қолдаймыз. Жағдайды түзеуге мүмкіндік жеткілікті. Бұл істі атқарушылардың жауапкершілігі енді білінбей қалмауға тиіс. Солай болуы керек.
Ерден ҚҰДАБАЕВ,
жолаушылар автобусының жүргізушісі.
Қарағанды облысы.
Кәсіпкер көкейіндегіні қозғады
Мен еліміз жоспарлы экономикадан нарыққа көшкен жылдардан бастап кәсіпкерлікті дамытуға өз ісіммен үлес қосып келемін. Қаңқасы ғана қалған ғимаратты жөндеп, ет өнімдерін өңдеу өндірісіне айналдырдым.
Содан бері шұжықтың бірнеше түрін, ет консервілерін жасаймыз. Ет өнімдері – ішкі нарықта ылғи да сұранысқа ие азықтың бірі. Өзіндік құнын төмендете алсақ, сыртқы нарық үшін де бұл қоймада жатпайтын өнім түрі. Осындай кәсіпорын жұмысын ақсатпай, ырғақты жолға қою, оның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету кәсіпкерге оңай тірлік емес. Қиындықтар шаш етектен болғанын да жасырмаймын.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің экономикасы мен әлеуметтік дамуына кедергі болып отырған көптеген мәселелерді ашық айтты. Ең бастысы, Президент өте дұрыс айтты. Кәсіпкерліктің мақсаты өнім молшылығын жасау, адамдарға жұмыс беру және бюджет қоржынын толтыру ғой. Егер кәсіпорын жұмысы жанданса, мемлекетке түсетін салық мөлшері де ұлғаяды, кідіріс болмайды.
«Тексерулер кезінде заң бұзушылықтар әлі де сақталып отыр», деді Президент. Ақиқаты да осындай. Тексерулер тоқтамайды, ол тоқтасын да демейміз. Тексерсін. Алайда, өндіріске де, адамдар өміріне де залалы жоқ, сәл ғана кемшілікке үлкен айыппұл салады. Салық төлеп отырған кәсіпорынға негізсіз айыппұлды тағы төлеу оңайға түспейді. Жұмысшылардың жалақысын уақытылы төлеуіміз қажет, өндірістің басқа шығындары да жеткілікті. Жаңа технологиялар енгізбей, жабдықтарды жаңғыртпай бәсекеге қабілетті бола алмаймыз. Мұның барлығын орындау алдымен қаржыға түседі, екіншіден, басшы мен мамандардың уақытын, іскерлігін талап етеді.
Біздің тексеруші органдар салып кеткен айыппұлдың негізсіздігін дәлелдеудің соңында айлап сот жағалайтын кезіміз болады. Осындай шапқын жүгірісі көп уақытта кәсіпкер өндірісін қалай дамытады? Тапқан пайданы жұмысшылардың жалақысына бере ме, өндірісті кеңейте ме, салық төлей ме, әлде айыппұл төлей ма? Тексеруші органдардың тапқан кемшілігі, салған айыппұлы алдағы уақытта кәсіпорынның дамуына тетік болса игі еді. Бірақ олай болмай отыр, істің алға жылжуына тұсау болатынын жасырмаймын.
Нұрсұлтан Әбішұлының кеңейтілген отырыста айтқан, жіті назар аударуды талап еткен жағдайлардың барлығын өзіміз бастан кешіп отырмыз. Президентке сол үшін рақметімді айтамын. Алдағы уақытта орынсыз тексерулер түзелер, тыйылар деген үміттемін.
Александр КОРЧИНСКИЙ,
«Ирина и К» агрофирмасы»
ЖШС директоры.
ҚОСТАНАЙ.