• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
12 Қараша, 2013

Балабақшаның іргетасына... 90 миллион!

222 рет
көрсетілді

Құрылыс жұмысын қарқынды жүргізу үшін, ең алдымен, әрине, ақша керек. Ал мемлекетте ақша жоқ емес, бар. Үкімет пен жергілікті бюджеттен тек құрылыс саласы­­­­­­ның өзіне жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. «Алмақ­­­­тың да салмағы бар», осы қаржының арқа­сында көптеген өңірлерде жаңа мектептер, балабақшалар, ауруханалар, спорт сарайлары пайдалануға беріліп жатыр.

Бірақ көңіл өсіріп, көз қуантатын мұн­дай қуанышты мысалдар, өкінішке қарай, барлық жерде бірдей емес. Жос­пар­­ланған құрылыс нысандарын (аурухана, мектеп, балабақша, спорт кешені және т.б.) «ақша табудың» оп-оңай жолына айналдырып, миллиондаған теңгені қалтасына басып, «іс бітті, қу кетті» деп та­­йып тұрған «Догду Билд» компаниясы – соның бірі.

*Үкіметке – сынақ, әкімге – сабақ

Балабақшаның іргетасына... 90 миллион!

Құрылыс жұмысын қарқынды жүргізу үшін, ең алдымен, әрине, ақша керек. Ал мемлекетте ақша жоқ емес, бар. Үкімет пен жергілікті бюджеттен тек құрылыс саласы­­­­­­ның өзіне жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. «Алмақ­­­­тың да салмағы бар», осы қаржының арқа­сында көптеген өңірлерде жаңа мектептер, балабақшалар, ауруханалар, спорт сарайлары пайдалануға беріліп жатыр.

Бірақ көңіл өсіріп, көз қуантатын мұн­дай қуанышты мысалдар, өкінішке қарай, барлық жерде бірдей емес. Жос­пар­­ланған құрылыс нысандарын (аурухана, мектеп, балабақша, спорт кешені және т.б.) «ақша табудың» оп-оңай жолына айналдырып, миллиондаған теңгені қалтасына басып, «іс бітті, қу кетті» деп та­­йып тұрған «Догду Билд» компаниясы – соның бірі.

Жуалы ауданының орталығы Бауыр­жан Момышұлы ауы­лындағы 280 бал­дырғанға арналған балабақшаның құ­рылыс жұмысы былтыр маусым айында басталған. Кесте бойынша ол биылғы қыр­күйек айында пайдалануға берілуге тиіс еді. Бірақ еліміздегі «Бала­пан» мемлекеттік бағдарламасы бо­йынша қолға алынған осы жауапты жұмыстың тізгінін қолға алған «Догду Билд» балабақша іргетасының өзін... бір жыл бойы қалапты. Және осы болымсыз «жұмыстары» үшін құрылысқа қажетті барлық 546 миллион теңгенің алғашқы траншы – 90 миллион теңгені жоқ қылған.

– Мен мұндай келеңсіздікті бірінші рет көріп тұрмын. Олар ә дегеннен-ақ жұмыс уақытының кестесін бұзды. Содан кейін құрылыс мүлде тоқтап қалды. Жергілікті жерден жалданған жұмысшыларға да жалақы төлеген жоқ, – дейді Бауыржан Момышұлы атындағы ауыл әкімінің орынбасары Қайнарбек Беделбеков.

Жоқтаушысы жоқтай қы­ру­ар қар­­­жы­­­­ны бір жыл бойы бір іргетасқа ғана­ ­«жұм­­­са­­­ған» ком­пания басшысы кім екен деген ­ой­мен, Жуалы ауда­ны әкім­ді­гі­нің құрылыс және сәулет бөлімінің қыз­меткерлерімен хабарласқанбыз. Олардың айтуынша, 2012 жылы 15 маусымда Жуа­лыға «Догду Билд» компаниясының директорымын деп келген адамның аты-жөні Николай Иванович Ковылин екен. Ол аталмыш компаниясын Тараз қаласына тіркепті. Мекенжайы: Жел­тоқсан көшесі, 11. Содан Николай 2013 жылдың сәуір айы­на дейін анда-санда төбе көрсетіп тұрыпты да, жоқ болыпты. Оның орнына Фатима Бегасылқызы Нұркенова деген «құрылысшы» келіпті. Ол әкімдік қызметкерлеріне өзін «Догду Билд» компаниясының атқарушы директорымын» деп таныстырған. Бірақ «өтірік айтқан жерде көп тұрма» дегендей, ол да шаруасы шайқалған құрылыс басында көп тұрақтамапты.

– Міндеттемесін орындамағаны үшін біз компанияны облыстық эко­номикалық сотқа бердік. Сот біздің пайдамызға шешім шығарды. Енді Николай Иванович Ковылин бізге компаниясының есеп-шотындағы балабақшаға деп бөлінген қаржыны қайтаруы керек, – дейді Жуалы ауданы әкімдігінің құрылыс және сәулет бөлімінің бастығы Жандос Дәуренов.

Бірақ 90 миллионды қайтара салайын деп отырған «Догду Билд» жоқ. Ал оның директоры Николай болса Тараз қаласындағы басқа бір компанияға қызметке орналасып кетіпті деседі.

Ар емес, пайда ойлаған жерде, әрине, осын­­дай «қызықтар» мен «шы­жықтар» жиі болып тұрады. Міне, мынау соның бір мысалы. Компа­ния­сына шығу тегі дүдә­малдау «Догду Билд» деген ат қойған Ко­вылин мырза «бүлдіршіндерімізге бала­бақша салып береді» деп үміттенген ауыл тұрғындарын да, «сендерге керегі ақша ма, мә, қалағаныңша ал да халыққа адал қызмет ет!» деген Үкіметті де алдап кетіп отыр.

Ал Бауыржан Момышұлы атын­дағы ауыл әкімінің орынбасары Қай­нарбек Беделбеков «Догду Билд» компаниясы тастап кеткен жұмысты жалғастыру үшін жаңа мердігер тартып отырмыз дейді. Әрине, ол бұл мысалды жетіскеннен айтып отырған жоқ. Өйткені, жуалылықтардың аузында «жыр» болған «Догду Билд» хикая­сынан кейін, «балдырғандарға арналған балабақша келесі жыл­­­­­дың не жаз, не күз айларында пай­далануға береді» деп, нық сеніммен айтуға енді аудан әкі­мінің орынбасары да жүрексініп қалған.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы,

Бауыржан Момышұлы ауылы.

Сең қозғалды

Өндіріс пен тұрмыста қолданылатын қуат көздері шексіз емес. Оны ұқыпты әрі үнемді түрде пайдалана білмеген елдерде түптің-түбінде оның сарқылу қаупі туады. Бүгінде жиі ауызға алына бастаған «жасыл экономика» ұғымының өзі дәл осындай қауіптен тамыр тартады. Яғни, соған сәйкес қоры шексіз емес жылу, электр секілді қуат көздеріне баламалы тәсілдер іздестірілмек.

Әрине, бұл дәл бүгінгі күннің емес, болашақтың ісі. Сондықтан да, Елбасы «жасыл экономика» туралы айтпас бұрын қазіргі күнде энергия үнемдеудің базалық мәселелерін шешу қажеттігін атап көрсетті. Төрткүл дүниеде қандай істің де қадір-қасиетіне салыстырмалы түрде баға беру арқылы көз жеткізуге болады. Осы тұрғыда Үкіметтің өткен айда өткізілген кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы келтірген салыстырмалы деректер мүлдем бұлтартпайды. Оны оқырманның назарына тағы бір сала кетер болсақ, Қазақстанда жылу желілеріндегі шығын 22,1 пайыз. Ал, Еуроодақта орташа 10 пайызды құрайды. Қазақстандық электр желілеріндегі шығын 14 пайыз болса, Қытай, Корея, Жапонияда ол небәрі 5 пайыз ғана. Рас, халқымыздың ділі мен о бастағы бітім-болмысы, ашылып-шашылып жүретін туа бітті қасиеті – бүгінгі үнемшілдік мәселелермен сыйыса бермейді. Қазақ поэзиясының патриархы Қадыр Мырза Әлі халқымыздың жақсысы мен жаманы бірдей деп кеткен болса, сірә, осы үнем­шілдіктен көбіне сырт айнала беретін қасиетімізді бір жама­нымыздың қатарына қоятын шы­ғармыз. Энергия үнемдеу мен энергия есептеу жөніндегі өзекті мәселелер мемлекеттік органдарға да, республика азаматтарына да ортақ. Әрине, үнем ауадан жасалмайды. Бұл үшін тұрғын үй­лерде жылу есептегіштер орнатылуы қажет. Президент атап көр­сеткендей, бұл көрсеткіштің дең­гейі Батыс Қазақстан облысында 16 пайызды ғана құрайды екен.

Сонда қалай болғаны? Біз бұл сауалға жауап іздеуге тырыстық. Жылу есептегіш құралдарымен қамту Орал өңірінде бірінші кезекте орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету көздерінен жылытылатын көпқабатты тұрғын үйлерге қатысты айтылатынын анықтадық. Сондықтан да, Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында жинақталған деректер тұтастай облыс бойынша емес, Орал қаласындағы көпқабатты үйлерге байланыс­ты болып шықты. Мұндағы соңғы дерек облыс орталығында орнатылған жылу есептегіш құ­ралдар қажетті көлемнің 25 пайызын құрайтынын көрсетеді. Яғни, мұның өзі Елбасы сынынан кейін бұл істің деңгейі 9 пайызға өскенін көрсетеді. Әрине, мұны қанағат тұту қиын-ақ. Деген­­мен, іс орнынан жылжығанын, сең қозғалғанын атап өтуге болатын секіл­ді. Осы арада «Табиғи монополиялар­мен реттелетін нарықтар туралы» Заң­ға сәйкес монополия субъектілері тұты­нушыларға есептегіш құ­ралдарды орна­тып беруге мін­детті екенін айта кеткен жөн. Бұл іс тұтынушылармен алдын ала келісілген келісімшарттарға сәй­кес реттел­мек. Өз кезегінде олар жоғарыда атал­ған заң тар­мақ­тарына сай есептегіш құрал­дар­ды орнату мен пайдаланғаны үшін өз уақытында толық көлемде есеп айырысулары керек.

Орал қаласында аталған іс-шаралар кешенін «Жайық­­­жы­луқуат» АҚ жүргі­­зеді. Бұл кәсіпорынның инженерлік-тех­никалық құрамы қолданыстағы нормативтерге сәйкес есептегіш құралдарды орнатып, белгілі бір деңгейде шығын шығарған. Алайда, оның өтемі көпқабатты тұрғын үй иелері тарапынан өтелмей, төленбей отыр екен. Әрине, төлем жүргізуге тұтыну­­­­­­шы­лардың селсоқ, енжар қарауы, оған мүд­делілік танытпауы, қаржылық қоры онсыз да келісіп тұрмаған жылумен қамтамасыз етуші кәсіпорынды одан әрі тұқыртады.

Сонымен бірге, «Жайық­жылуқуаттың» қаржылық жағ­­дайы одан әрі төмендей түсуіне «ҚазтрансгазАймақ» АҚ арқылы жеткізілетін табиғи газ бағасының дүркін-дүркін өсуі де кері әсерін тигізуде. Мұндай кезде аталған кәсіпорынның қаладағы барлық тұрғын үйлерді жылу есептегіш құралдармен қамтуы күрделене түседі.

Бұл тығырықтан шығудың жолдары қандай? «Жайықжылуқуат» АҚ биылғы жылдан бастап ин­вестициялық қаражаттар есебінен де өзінің қаржы-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды. Оның алғашқы нәтижелері де жоқ емес. Атап айтқанда, мұндай өміршең көзқарас биыл кәсіпорынға өз қаражаты есебінен 100 жылу есептегіш құралдарын сатып алып орнатуға мүмкіндік беріпті. Алдағы жылы акционерлік қоғамда инвестициялық бағдарлама шеңберін одан әрі өсіру көзделген. Түпкі әрі басты мақсат – инвестор қаражаты есебінен көпқабатты тұрғын үйлерді 100 пайыз жылу есептегіш құралдарымен қамту болып отыр.

Мұндай қадамдар әр үйде нақты пайдаланылған жылу көлемі қандай екенін анықтауға мүмкіндік береді. Әрі жылу үнемдеу үрдісінде орын алған олқы­лықтарды анықтауға септігін тигізеді. Тұрғын үй секторындағы энергияның үнем­ділігі мен тиімділігі Елбасы атап көр­сеткендей, оның базалық мәселелерін ше­шуге алғышарт қалай алады деген ойдамыз.

Біз жоғарыда батысқазақ­­­­стан­дық тұр­ғындардың жылу есептегіш құрал­­­­­­дарды тұтынғаны үшін төлем төлеуді қажет деп таба бермейтіні жөнінде жазған едік. Дәл осы жайтты тек есептегіш қондырғымен шектемей электр энергиясын, жылу мен газды үнемді түрде пайдаланбау тұр­ғы­сы­нан да сабақтауға болады. Бұл көрі­ніс­тің өзі облыста пәрменді насихат пен тиісті түсінік жұмыстары өз деңгейінде жүр­гі­зіл­мейтінін көрсетеді. Елбасы сынының әділ­дігі мен ақиқаты да осында болса керек.

Ендеше, облыста бұл мәселеге тікелей жауапты жергілікті мем­лекеттік органдар, Батыс Қа­зақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы ұжымы, облыс әкімінің энергетика мәсе­ле­лерін қадағалайтын орынбасары Алмаз Бадашев шұғыл серпін туғызуы қажет-ақ. Тек сонда ғана Президент тапсырмасы ойдағыдай орындалмақ.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

Батыс Қазақстан облысы.

Ақша бар, жұмыс жоқ

Құдая тоба, ақша жоқ болса ғой. Қаржы жетпей жатса бір бөлек. Қарызданып-қауғаланып құрылыспен айналысса, айналып қана кетпейсің бе?! Бар ғой, ақша деген. Бюджеттен бөлініп жатыр. Мемлекет ауыздарын ашса болды, қажеттерін тауып береді. Бірақ жұмыс жүрмейді. Жыл басынан бері Қызылордада республикалық бюджеттің 3 миллиард, облыстық бюджеттің 2 381,3 миллион теңге қаржысы игерілмей қалған. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Қайратбек Сәрсенбаевтың айтуынша, оның негізгі бөлігі құрылыс саласына тиесілі екен. Ең бастысы, мектеп, аурухана, балабақшалар келісімшартта көрсетілген уақытта салынып бітпейді. «Жобалаушы мекемелердің жобалық-сметалық құжаттарды жасағанда кемшілік жіберуі құрылыстың сапасына әсер етпей қоймайды»,– дейді Қайратбек Сәрсенбаев. Сосын тағы бір түйткіл бар. Мысалы, тендерде бір құрылыс компаниясы жеңіп шығады. Ал жеме-жемге келгенде, ол бүкіл шаруаны қосалқы мердігердің мойнына іліп қояды. Жауапкершілік болмаған жерде сапа туралы әңгіме айтудың өзі артық.

Бұрнағы күні Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаевтың төрағалығымен аймақтағы құрылыс нысандарына қатысты жиын өтті. Осы мәжілісте талай мәселенің басы ашылды. Енді осы турасына оралайық.

Арал ауданында алты нысанның құры­лысында кінәрат бар. Бірінші – Тоқа­бай ауылындағы 140 орындық мек­теп. Нысанның бас мердігері – «Гло­бал­Конс­тракшн» ЖШС. Дирек­торы – М.Ізбасарова деген азаматша, техни­­калық қадағалаушысы – «Строй­Техно­ПроектKZAиK» ЖШС. Ал оның директоры – А.Жаппасбаев мырза. Биыл мектеп құрылысына 379,8 миллион теңге бөлінген. Оның 151,0 миллион теңгесі ғана игерілген. Бүгінде бас мердігер шарт­­тағы міндеттемелерін орындамағаны үшін сотқа талап-арыз жолданып, соттың ше­шімі бойынша құрылыс жұмыстары тоқта­тылған.

Екінші – Сексеуіл кентіндегі 150 орындық клуб. Бас мердігері – «Арғын Құрылыс» ЖШС. Директоры – А.Әж­мұ­­хаммедов, техникалық қада­ға­лаушысы – «Достарстройгрупп» ЖШС. Оның басшысы – С.Қайыров. Бас мер­д­і­гер «Арғын Құрылыс» ЖШС бойын­ша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда мердігер тарапынан дебиторлық қарыздарын жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Үшінші кемшілік, Аралқұм және Қамыстыбас ауылындағы дәрігерлік амбулаториялардың бас мердігері «Май­дан-Құрылыс» ЖШС-нің директоры Е.Смай­лов пен техникалық қадағалушысы «Қызылорда Бах-НурСтрой» ЖШС-нің директоры С.Үрімбаевтарға қатысты. Осы жылы аталған нысандардың құрылысына 170,7 миллион теңге бөлініп, оның 56,3 миллион теңгесі ғана іске асқан. Ны­сандардың құрылыс жұмыстары белгіленген кестеден кешігуде.

Төртінші – Арал қаласындағы 300 орындық мектеп. Бас мердігері – «ИнжСтрой Қызылорда» ЖШС. Ди­­­­рек­торы – Ү.Балатаев. Бұл нысанның да тех­никалық қадағалаушысы жоға­рыда айт­қан С.Қайыров басқаратын «Дос­тар­­стройгрупп» ЖШС. Мектеп құры­лы­сына 135,5 миллион теңге бөлініп, оның 46,8-і­ игерілген. Құрылыс-монтаж жұ­мыс­та­р­ы­ның қарқыны өте төмен. Ақша бар. Жұмыс жүрмейді. Күлкілі екен, біртүрлі.

Бесінші – Жалаңаш ауылындағы 90 орындық балабақша. Бас мердігері – Ү.Балатаев басқаратын «ИнжСтрой Қы­зылорда» ЖШС. Ал техникалық қада­ғалаушысы – «Аймереке» ЖШС. Дирек­то­ры – А.Байкенже. Бұған да 220,3 миллион теңге бөлініп, оның 90,2 миллион теңге­сіне ғана жұмыстар атқарылған. Сонда жүз миллион теңгеден артық сома құр жатыр деген сөз. Бүгінде бас мердігер «Инж­Строй Қызылорда» шарттағы мін­дет­темелерін орындамағаны үшін сотқа талап-арыз жолданып, дебиторлық қарыз­дарын жабу жұмыстарын жүргізуде. Ал нысан салғырттықтың кесірінен биыл тап­сырылмайтын болды.

Алтыншы – Қара­ша­лаң және Қосаман ауылдарындағы 100 орындық мектеп. Мұндада белгілі бір про­б­лемалар бар. Дегенмен, нысандарды жыл­дың аяғына дейін пайдалануға беру бо­­­йынша тиісті жұмыстар атқарылуда екен.

Байқап отырсақ, құрылысында кінәрат бар нысандар осы Арал ауданында көп екен. Облыс орталығынан шалғай жатқаннан соң ба, әлде басқа себептері бар ма, неге бұлай екенін білмедік. Сондай-ақ, аудан басшылығына «неге қадағаламадың?» дей алмайсыз. Өйткені, оған олардың құзыреті жүрмейді.

Жалағаш ауданында бір проблемалық нысан бар. Ол – Жалағаш кентіндегі 250 келушіге арналған емхана. Бас мердігері –«Достық-Н» ЖШС. Директоры – Ә.Шын­таев. Техникалық қадағалаушысы – әлгін­де ғана екі мәрте тілімізге оралған «Дос­тарстройгрупп» ЖШС. Құрылыс басқармасы мердігерге нысанды уақы­тында аяқтап, өткізуді тапсырып отыр екен. Дейтұрғанмен, жұмыс баяу жүріп жатқандығын ескерсек, талаптың қанша­лықты орындалатыны белгісіз.

Сырдария ауданында Тереңөзек кен­тін­дегі спорттық-сауықтыру кешенінің құр­ылысы да ақсап тұр. «Айдана» ЖШС дейтін бас мердігердің директоры – А.Кішкенеев. Техникалық қадағалаушысы – «Аймереке» ЖШС. Бұған да талаптар қойылған. Нәтижесі «әй, қайдам?»

Шиелі ауданындағы шикі құрылысқа Еңбекші ауылындағы 300 орындық мектеп жатады екен. Бас мердігері – «Дарын-Ж» ЖШС. Директоры – Ж.Атеев. Құрылыс мекемесінің басшысы жұмыс басталғанда бір келген көрінеді. Одан кейін төбесін көрсетпеген. Осыдан-ақ жауапкершіліктің қаншалықты екенін біле беріңіз. Нысанның техникалық қадағалаушысы – «Жайық Строй Инжиниринг» ЖШС. Оның басшысы – Б.Оспанов.

Ал Қызылорда қаласында 200 келушіге арналған перинаталдық орталық таза сақалды құрылысқа айналған. Соңғы кездерде ғана онда жұмыстың жүріп жатқаны байқалады. Нысанның бас мердігері – «Альянс» ЖШС, директоры – Н.Байтиков. Ал техникалық қада­­­ғалаушысы – «Достарстройгрупп» ЖШС.

Бұдан бөлек, жобалау-сметалық құжаттарды дайындауда да іркілістер бар. Олар: Қазалы ауданының Бірлік ауылындағы 140 орындық мектеп ( 3,5 миллион теңге), осы аудандағы Әйтеке би кентіндегі 600 орындық мектеп (7,3 миллион теңге), Жаңақорған ауданының Кеңес ауылындағы 150 орындық клуб (4,9 миллион теңге), Қызылорда қаласындағы 300 төсектік көпсалалы аурухана (26,3 миллион теңге). Сонымен қатар, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған жобалық-сметалық құжаттардан көптеген кемшіліктер мен қателіктердің бары анықталған. Кейбір жобалар құрылыстың салу мерзімдері тіпті сәйкес келмейді. Мысалы, 300 орындық мектептің құры­­­лысы 6 ай жүретін болса, көлемі одан екі есе аз 150 орындық клубтың жұмысы 11 айға созылады екен. Әрі-беріден соң ешқандай логика жоқ. Осыдан келіп құры­лыс жұмыстарының мерзіміне және сапасына кері әсері тиеді. Сондай-ақ, жобалық-сметалық құжаттардың мемлекеттік сараптамадан өту мерзімі өте ұзақ. Бұл өз кезегінде жобалық-сметалық құжаттардың және құрылыс жұмыстарының мерзімінде жүргізілуіне, бөлінген қаржының толық игерілуіне әкеліп соқтырады.

Жиын барысында бұдан өзге де көп­теген мәселелер талқыға түсті. Облыс әкі­мінің орынбасары Нұржан Әлібаев құ­ры­лыс компанияларының басшыларына ны­сандарды белгіленген уақытта аяқ­тау­ды және сапалы жұмыс істеуді тапсырды.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

ҚЫЗЫЛОРДА.

Соңғы жаңалықтар