Өмірімді пошта қызметімен байланыстырған мен 1991 жылдан бері осы салада еңбек етіп келемін. Алғаш Шардара ауданында жұмысқа қабылданып, еңбекқорлығымның арқасында 2000 жылы «Қазпошта» АҚ облыстық бөлімшесіне қызметке келдім. Содан бері 20 жылдай осы мекемеде еңбек етіп келемін.
Басылымдарға жазылым науқаны басталар сәтте арнайы бұйрық шығарылып, барлық мекемелерге хат ретінде жолданады. Бұл шара жылына екі мәрте ұйымдастырылғанмен әр ай сайын да жазылым жұмыстары жалғаса береді.
Алайда қазіргі таңда баспасөзге жазылуда ең үлкен бір қиындық білім беру мекемелеріне қатысты болып отыр. Себебі, «газет-журналға мұғалімдер мен балабақша тәрбиешілерін күштеп жаздыруға болмайды», деген ережені көлденең тартқан ұжым басшылары бізбен оңайлықпен келісімшартқа тұра қоймайды. Екіншіден әкімдік тарапынан ешқандай қолдау көрсетілмейді. Көбіне жеке тұлғалардың өз қалауына қалдырып жатады. Сондықтан биыл қағаз басылымдардың тиражы күрт төмендеп кетті. Көбіне заңды тұлғалармен жұмыс істегендіктен олармен кепілдеме хатпен жазылым қабылдап аламыз. Мәселен, 60 күн деп алсақ, кейде соның өзі 6 айға созылып кетіп жатады. Бюджеттік мекемелерден жазылым ақысы уақтылы аударылмайды. Есесіне редакцияларға өз есебімізден қаржыны уақтылы аударғанмен, екі ортада біз қиналып жатамыз.
Облыс көлемінде Қазпошта филиалымен қатар жазылым жұмыстарын жүргізетін 10 бәсекелес мекеме бар. Олар түрлі сыйақылар, жеңілдіктер қарастыру арқылы біздің жазылушыларымызды өздеріне тартып алуда. Дегенмен, бұрыннан бері іскерлік байланыста жұмыс істеп келе жатқан «Қазақстан темір жолы, «ПетроҚазақстан» секілді ұжымдар әлі де Қазпошта қызметіне жүгінуде.
Шалғайдағы елді мекендерге газет-журнал жеткізуде басқа мекемелер бізге бәсекелес бола алмайды. Анығында, біз аптасына алты рет, карантин жағдайында аудандарға бес реттен жеткізу жұмысын жолға қойдық. Ауылдық әкімдіктер, балабақшалар, мектептер мен ауруханалар Қазпошта арқылы жазылады.
Еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газеті күнделікті жарық көретіндіктен, оқырманға жылдам жеткізу үшін барымызды саламыз. Себебі, ғасырлық тарихы бар газетте саяси, экономикалық, әлеуметтік маңызды жаңалықтар, сараптамалар көптеп жарық көреді. Оны жазылушы патша көңіл оқырманға жеткізу әрбір Қазпошта қызметкерінің міндеті.
Біздің тұрғылықты жазылушыларымыз түрлі мекеме қызметкерлері мен зейнеткерлер болғандықтан газеттің уақтылы жеткенін бақылап, кері байланысқа шығып тұрады. Сол себепті, газеттің өңірдегі тілшілері арқылы газеттің күнделікті жарық көргеннен бастап, кешікпей таралуына дейін қадағалап отырамыз.
Қазіргі таңда пошта өндірістік логистика бөлімінің басшысы болып жұмыс істеймін. Барлық пошта жөнелтімдерінің келіп-кетуін, уақтылы жеткізілуін қадағалап отырамыз. Сондай-ақ әр аптада аудан, ауылдарға 5 реттен жеткізу қызметін ұсынамыз.
Қалдыгүл САБДЕНОВА,
«Қазпошта» АҚ Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының өндірістік логистика бөлімінің басшысы