• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 07 Қазан, 2020

Бұл – белсенді азаматтарға берілген мүмкіндік

240 рет
көрсетілді

Nur Otan партиясындағы ішкі іріктеу ел тағдырына елеңдейтін азаматтардың дүбірлі додасына айналды. Белсенді отандастарымыз сайлауалды тұғырнамаларын ұсынып, ел алдында еркін көсіліп қалды. Енді соның нәтижесі қандай деген заңды сауал да пайда болған еді. Бірер күн бұрын аяқталған партияішілік сайлаудың қорытындысы кеше Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында баяндалды.

 

Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев праймериздің басталуына байланысты Үндеуінде атап өткендей, «Партиялар билікке жа­ңа тұлғаларды – өз саласының маман­дарын, беделді көшбасшыларды, ел тағ­дырына жаны ашитын, шешім қа­былдап, сындарлы ұсыныстар жасай алатын адамдарды ілгерілетудің қай­нар көзі болуы керек». Бұл ретте, прай­­мериз жаңа «әлеуметтік лифт» қыз­метін атқарып, қатысушылардың жария саясатта өздерін көрсетулеріне, өз көз­қарастары мен позицияларын қор­ғай алуына мүмкіндік бергені бел­гілі.

– Төрт күн ішінде Nur Otan-ның тір­келген мүшелерінің  662 687-сі немесе  84,2%-ы дауыс беруге қатысты. 581 104 партиялық онлайн форматта таңдауын жасады. Интернетке қосылу мүмкіндігі әлі толық шешілмеген шалғай аудандарда тұратын 81 583 адам қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс берді. Елімізде праймериз жаңа форматта республикалық ауқымда тұңғыш рет өткізіліп отыр. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы тамызда жа­рия­лаған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» атты партияны қайта жандандыру бағдарламасының ең негізгі бағыттарының бірі. Праймеризге 10 990 кандидат қатысты. Оның 7 143-і – өзін-өзі ұсынушылар. 36%-дан астамы – әйелдер, 29%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Үміткерлердің орташа жасы – 43 жас, – деді Nur Otan партиясының хатшысы Арман Қырықбаев.

Оның айтуынша, негізгі әлеуметтік топтардың қамтылуы кандидаттардың сапалық құрамының қызметтеріне қарай бөлініпті. Яғни білім және ғылым саласының өкілдері – 31%, шағын және орта бизнес өкілдері – 14%, мәдениет және спорт саласының өкілдері – 7,8%, қызмет көрсету саласының өкілдері – 7,1%, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері – 6,2%, өнеркәсіп және басқа да салалардың өкілдері – 4,6%.

– Бәсеке барысын барша жұрт ба­қылап, әркім үгіт-насихатын өз жеке стратегиясы мен тактикасы тұрғы­сынан жүргізуге мүмкіндік алды. Қазақ­станның түкпір-түкпірінде 1980 пікірсайыс өткізілді. Олар түрлі сипатта өрбіді. Пікірталастар кей жерде қызу өтсе, енді бір жерлерде әдептен озбай, жайбарақат өткендері де болды. Отандастарымыз осындай ашық саяси доданың негіздерін енді ғана игере бастағанын ескеретін болсақ, барлық саяси пікірталастар тартымды әрі қызықты өтті деуге негіз бар, – деді партия хатшысы.

А.Қырықбаевтың айтуынша, өңір­лердегі үгіт науқандары да түрлі қарқында өтіпті. Бұл ретте, кездесу­лер­де әлеуметтік ара қашықтықты сақтау және барша санитарлық норма­ларды толығымен орындау сынды пан­демияға қарсы қойылған талаптардың барлығы орындалыпты. Праймериз қатысушылары негізінен онлайн форматқа басымдық берді. Шаралар арнайы түсіріліп, бейнероликтер көптеп тараған. Осылайша, қатысушылар жеке сайлауалды күн тәртібін осылай қалыптастыра біліпті. 

– Үгіт-насихат кезеңінде 123 656 іс-шара мен жарияланым ұйым­дас­тырылды. Олардың ішінде 62 810 іс-шара тікелей 1,4 млн-нан астам адамды қамтыды. Әлеуметтік желілерде 60 846 (49%) жарияланым шықты. Рес­публикалық және өңірлік БАҚ-та 4 113 материал жарық көрді. Үгіт-насихат кездесулері барысында 216 сайлауалды бағдарлама жобасы талқыланды, – деді спикер.

Оның атап өтуінше, Nur Otan ел тарихындағы әрбір облыс, қала, аудан үшін жеке және нақты бағдарламалар әзірлеген алғашқы саяси партия болды. Тұрғындар өз ұсыныстарын айтып, өзекті мәселелерді талқылады. Осылайша, тұрғындардан 20 мыңнан астам ұсыныс жиналған.

– Олардың басым бөлігі, яғни 21%-ы (3648 ұсыныс) – тұрғын үй және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, 15%-ы (2701 ұсыныс) – көлік және ин­фра­құрылым саласына, 11%-ы (2052 ұсы­ныс) – әлеуметтік мәселелерге, 8%-ы (1504 ұсыныс) – білім беру сала­сы­­на және 7%-ы (1264 ұсыныс) – ден­сау­лық сақтау мәселелеріне қатысты бол­ды. Өңір тұрғындарының көбі ин­тер­­нет-байланыстың сапасы және эколо­­гия бойынша сұрақтар жолдаған. Аза­мат­­тардың барлық ұсыныстары партия ба­ғ­дарламаларын пысықтау кезінде ес­­ке­­рі­летін болады, – деді А.Қырық­­баев.

Бірақ праймериз жұмысының барысында бірқатар кемшілік пен орын алған олқылықтардың болғанын да ай­та кету қажет. Бұл туралы Nur Otan пар­тиясы Партиялық бақылау коми­те­тінің төрағасы Павел Казанцев мә­лімдеді. Оның айтуынша, бұл бұзу­­шылықтар ұйымдастырушылық коми­­теттерде де, кандидаттардың қыз­метінде де анықталыпты.

– 2020 жылғы 17 тамыз бен 4 қазан аралығында Комитет пен барлық дең­гей­дегі партиялық бақылау комиссиялары 30-дан астам шағым мен өтінішті қарады. Түрлі бұзушылықтар үшін 34 кандидат праймеризге қатысудан шет­тетілді. Соның ішінде 28 адам ере­жеге сәйкес міндетті болып табыла­тын дебаттарға қатыспағаны үшін шет­тетіліп отыр. Шағымдар мен бұзушылықтардың көбісі Нұр-Сұлтан қаласында тіркелді, – деді Партиялық бақылау комитетінің төрағасы.

Мәселен, Г.Әлиханқызының ша­ғы­мы бойынша партия атына кір кел­тіретін іс-әрекеттері үшін Ж.Зекейұлы кан­­дидат ретінде тіркеуден алыныпты. Ал «Азия Центр Снаб ЖШС» БПҰ жа­ңа мүшелерін партияға жалған қа­былдағаны үшін кандидаттар У.Алиева мен Д.Пернееваның тіркелуі жоққа шы­ға­рылған көрінеді. Сол сияқты, Нұр-Сұлтан қаласындағы Алматы ауда­ны­ның партия мүшелерінің мобиль­ді телефон нөмірлерін ОДҚ мен «Прай­мериз» АЖ-ға жалған енгізгені үшін М.Болысбек тіркеуден алыныпты. Он­лайн дауыс беру барысында «Қа­зақстанның құрылысшылар одағы» БПҰ жалған дауыс бергені үшін Т.Ер­ғалиев кандидат ретінде тіркеуден алын­ған екен. Сонымен қатар праймериз кезінде 20-дан астам партия мүше­сіне партиялық жаза шарасы қолда­ны­лыпты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Бүкіл еліміз бойынша ауқым­ды праймериз өткізу биліктегі партия­ның «қайта жаңғыруының» нəтижесі бо­лады. Бұл – партияішілік сайлау. Бұл – шынайы əлеуметтік лифт. Қатаң іріктеу, жаңа идеялар мен жобалар­ды іздеу. Бұл идеяны көптеген белгі­лі саясаттанушы мен қоғам белсен­дісі қолдады. Бұлар – белсенді азамат­тық ұстанымы бар, Nur Otan-ды қол­дау­шылар лигасына біріккен жəне рефор­маларға қатысуға дайын адамдар», деген еді. Мұндай белсенді тұлғалардың қатарында саясаттанушы, Nur Otan партиясының жақтастары Лигасының мүшесі Ерлан Саиров та бар.

– Кемшіліктер мен олқылықтарды анықтау, шара қолдану кезінде Nur Otan партиясының жақтастары Лигасы жағдайды барынша бақылауға алып отырды. Кездейсоқ оқиғалар орын ала қалған жағдайда біз бірден Nur Otan партиясының орталық аппаратына немесе партия жетекшілеріне хабарласып тұрдық. Мән-жайды түсіндіріп, қандай да бір шара қабылдау қажеттігін айттық. Олар өз кезегінде тиісті шараларды барынша тез қабылдап отырды. Соған қарай жұмыс та өте қызу жүрді. Біз өз кезегімізде бұзушылықтарды жою мәселесіне келгенде партия өкілдері атқарған жұмысқа дән ризамыз, – деді Е.Саиров.