Кез келген елді дамытушы негізгі күш – жастар. Тәуелсіздік алған алғашқы күннен-ақ Қазақстан білікті мамандар даярлау мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай реформалау үшін көптеген заңдар қабылдап, бағдарламаларды жүзеге асырды. Мысалға алсақ, солардың бірегейі Елбасы бастау басында тұрған «Болашақ» бағдарламасы сәтті іске асырылып, бүгінде жемісін беріп жатыр. «Болашақтай» бағдарлама әлі күнге бірде-бір елде дүниеге келген жоқ. Дәл қазір мен осы бағдарламаның стипендиаты болып, Қытай астанасындағы Цинхуа университетінде білім алып жатырмын.
Кез келген елді дамытушы негізгі күш – жастар. Тәуелсіздік алған алғашқы күннен-ақ Қазақстан білікті мамандар даярлау мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай реформалау үшін көптеген заңдар қабылдап, бағдарламаларды жүзеге асырды. Мысалға алсақ, солардың бірегейі Елбасы бастау басында тұрған «Болашақ» бағдарламасы сәтті іске асырылып, бүгінде жемісін беріп жатыр. «Болашақтай» бағдарлама әлі күнге бірде-бір елде дүниеге келген жоқ. Дәл қазір мен осы бағдарламаның стипендиаты болып, Қытай астанасындағы Цинхуа университетінде білім алып жатырмын.
Цинхуа университеті – Қытайдағы ең ықпалды ғасырлық тарихы бар университет. 2010 жылы АҚШ-тың танымал «Форбс» қаржы журналы әлемдегі ең көркем он төрт университетті анықтады. Оның оны АҚШ-та болса, үшеуі Еуропада, ал Азиядан жалғыз Цинхуа университеті осы көрсеткіштің қатарынан табылды. Көркі көз қарықтырар осы оқу ордасы, сонымен қатар, бірінен кейін бірі билікке келген екі ел басшысын, яғни экс-басшысы Ху Цзинь Тао мен қазіргі басшысы Си Цзиньпинді де түлеткен! Таяуда Қытайда ықпалды саясаткерлерді дайындаған университеттер тізімі жарияланды. Бұл тізімде билік басындағы ең ықпалды 49 саясаткерді түлеткені үшін Цинхуа университеті бірінші орынды иеленіп, «Саясат кемеңгерлерінің бесігі» деген атаққа ие болды.
Еліміздің оқу ордаларынан өзгешелігі – бұл университеттің аумағы өте үлкен. Сол себепті университет ауласының ішінде арнайы автобустар қатынайды. Ал студенттердің көбі велосипедпен жүреді. Аталмыш оқу ордасының студенті атанудың өзі бір ғанибет. Мұндағы әрбір жас әр саланың аты затына сай маманы болып шығады. Олардың әр күні қарбаласқа толы. Өйткені, атағына қарай университеттің талабы да жоғары. Кітапхана таңғы жеті жарымнан бастап түнгі он бірге дейін жұмыс жасайды. Таңертең жарым сағат кешігіп барсаңыз, кітапханадан орын таппай қалуыңыз әбден мүмкін. Ал әр күні таңмен бірге оянып, университет ауласындағы бау-бақшалар ішінде үңіле сабаққа кірісетіндерінің өзі қаншама. Осының өзі адамның білімге деген құштарлығын оятары анық. Сонымен қатар, мұнда өзге елдің балалары да білім алады. Олардың бойынан көптеген ізгі қасиеттерді үйренуге болады. Өз еліңнің атына кір келтірмес үшін әріптестеріңмен бәсекелестікте білім аласың. Ұстаздарым мені жақсы үлгерімім үшін мақтап жатса, мен елімді мақтап жатқандай қуанамын. Сол кезде мен мұнда өз қара басымның қамын күйттеп емес, тұтас бір Отанның сенімін арқалап жүргенімді жақсы түсінемін. Ал мемлекет дегеніміз тек Қазақстан билігі емес, ол – сол мемлекеттің халқы. Сондықтан біз ең алдымен халықтың үмітіміз.
1993 жылы 5 қарашада құрылған «Болашақ» бағдарламасында өткен жылға дейін тоғыз мыңнан астам студент оның стипендиаты атанып, әлемдегі алдыңғы қатарлы отыздан астам мемлекеттің ең мықты оқу ордаларында білім алу мүмкіндігіне ие болды. Мұның өзі осы орталық ұжымының жұдырықтай жұмылып, әрбір мәселеге бел шеше кірісіп, жауапты да жалынды еңбек еткендігінің айғағы деп білемін.
Әрине, еліміздің іргесінің бекем болуы, әр саланың өркендеп көркеюі, әрбір жемісті жетістікке қол жеткізуі ең алдымен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың болашақтың кемел келешегін батыл болжап, парасаттылық пен кемеңгерлікті ту етіп ұстанған саясатына тікелей байланысты.
Елбасымыз бір сөзінде: «Елiңнiң ұлы болсаң, елiңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетiн нығайтып, көркеюi жолында терiңдi төгiп еңбек ет. Жердiң де, елдiң де иесi екенiңдi ұмытпа», – деген еді. Сондықтан мен шет жерде алған білімімді елімнің игілігіне жұмсағым келеді. Бұл – менің Ұлы Қазақ елінің алдындағы ұлы парызым!
Талап МЕЙІР,
Цинхуа университетінің 3-ші курс студенті.