• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Қазан, 2020

Қызылордада жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде

504 рет
көрсетілді

Биыл Қызылорда қаласында "Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы" бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен ұзындығы 75,9 шақырым болатын 109 көшені және екі елдімекенге кіре берістегі 3,3 шақырымдық жолды жөндеуге қаржы бөлінген. Қазір жетпістен астам көшеде жөндеу жұмыстары аяқталып, қалғандарында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Egemen.kz

Қала басшылығы жыл сайын күз бен көктемгі лайсаңда қиналып қалатын тұрғындардың облыс орталығында тротуарларды көптеп салу жөніндегі өтініштеріне орай қолдан келгенше қарекет жасайтын. Биыл бұл мәселе де шешімін тапты. Бағдарлама шеңберінде қаладағы жалпы ұзындығы 102 шақырым болатын 68 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салуға республикалық және жергілікті бюджеттен  қаражат бөлініп, қыруар жұмыс істелді.

БАҚ өкілдерін бағдарлама аясындағы жұмыстармен таныстыру мақстында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі баспасөз турын ұйымдастырды. Облыс орталығындағы Бейбарыс сұлтан көшесіндегі тротуарларды  "Инженерные изыскания и К" серіктестігі салыпты. Ұзындығы 4 шақырымнан асатын жаяу жүргіншілер жолы құрылысы жазда басталып, осыдан оншақты күн бұрын аяқталған. Қазір жұмысшылар айналасын тазартып жатыр.

Тротуарды салу кезінде серіктестік басшылығы бастама көтеріп, бірнеше жерге баспалдақтар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін пандустар орнатты. Аялдамаларға апаратын аяқ жолдарды да тегін салып берді. Компанияның мұндай қайырымдылығына оншақты жылдан бері жол азабын тартып келген тұрғындардың айтар алғысы шексіз, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев.

Жұмыс сапасын аккредитациядан өткен лаборатория мамандары тексереді. Биылдың өзінде жұмысы біткен 6 көшеден кемшілік анықталып, ол мердігер компаниялар есебінен жөнделді. Бөлім басшысы тұрғындар тарапынан жасалған тротуарларды бұзу деректері де кездесіп қалатынын жасырмады. Әсіресе, үйлер салынып жатқан аумақтарда жаяуларға арналған жолды ауыр жүк көліктерімен кесіп өту оқиғалары көп кездесуде. Осыған байланысты біраз тұрғыннның үстінен мердігерлер қалалық ішкі істер басқармасына арызданыпты.