Елордадағы ең көне театр – М.Горкий атындағы академиялық орыс драма театры 120-шы мерейтойлық маусымын ашты. Театр шымылдығы А.Островскийдің әйгілі «Найзағай» әлеуметтік-психологиялық драмасымен түрілді.
Елде белең алған карантин режиміне қарамастан, театрды сағынған көрермендер қатарында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов те қарт театрды мерейтойымен құттықтай келіпті. Спектакль алдында министр ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып беріп, театр қызметкерлеріне мемлекеттік марапаттар табыс етті. Атап айтсақ, «Еңбек ардагері» медалін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Наталья Косенкоға, «Мәдениет саласының үздігі» Наталья Матвееваға, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, театрдың бас режиссері Бекболат Пармановқа, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін театр директоры Айболат Жанғалиұлына, актерлер Иван Анопченкоға, Оксана Бойкоға, Игорь Сединге, өндіріс бөлімінің бастығы Руслан Мұхамадиевке, бас әкімші Татьяна Шульженкоға, кадрлар инспекторы Жанар Мүбәраковаға тапсырды. Сонымен қатар бірнеше театр қызметкері Мәдениет министрінің және Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Бұл жыл барлығымыз үшін оңай болмады. Карантин режімі адамдардың құндылық, адами қарым-қатынас тұрғысындағы ойын түбегейлі өзгертті. Сондықтан да бәріміз әр сәтімізді бағалауды үйрендік. Мемлекетіміздің өнерге деген шексіз қамқорлығының арқасында еліміздегі театрлар шектеулі көрерменді қабылдап, жаңа театр маусымын ашып, шығармашылық жұмыстарын жалғастырып жатыр. Міне, сол өнер ордаларының қатарында 120 жылдық тарихы бар орыстың ұлы жазушысы М.Горький атындағы академиялық орыс драма театры да бар. 120 жыл! Аз уақыт емес. Бір ғасырдан артық уақыт көрерменін рухани сусындатып келе жатқан қарашаңырақтың тарихы шын мәнінде тағылымды. Шежірелі ұжымның шығармашылық ізденістері артып, көркемдік деңгейі өсіп, лайым көрерменін қуанта берсін», деп бас шаһар әкімі ұжымды жаңа театр маусымының ашылуымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
Мерекелік маусым одан әрі А.Островскийдің «Найзағай» қойылымына ұласты. Спектакль Ресейден арнайы шақырылған санкт-петербургтік режиссер Рача Махатаевтың қолтаңбасында астаналық көрерменмен қауышқан болатын.
Еске сала кетейік, өткен маусымда театр ұжымы барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, М.Макдонахтың «Жастық-адам» («Человек-подушка»), Н.Гогольдің «Неке» («Женитьба») сияқты қойылымдарды жарыққа шығарса, жаңа маусымды А.Островскийдің «Найзағай» («Гроза») атты ең танымал әлеуметтік-психологиялық драмасымен бастап отыр.
Атақты спектакльдің сюжеті кішкентай кезінен ата-ананың махаббатында өскен Катерина есімді әйелдің трагедиялық тағдыры туралы баяндайды. Тұрмыс құрған соң ол күйеуінің үйінде еріксіз азап шегеді және қайын енесінің қатыгездігі мен озбырлығының құрбаны болады. Катеринаның өзін өзі өлтіруі – наразылық, айқай, мейірімділікті сұрау, жақынына деген сүйіспеншілік және кешірім болып табылады. Көрермен А.Островский жазған классикалық драманың біздің дәуіріміздегі өзектілігі мен маңызын жаңа заман бедерінде бағалап, қабылдай алды.
Осы орайда айта кетер бір жайт, ұжымның мерейтойлық маусымашар қойылым ретінде Островский драматургиясын таңдап алуы тегін емес. Театр тарихына дендесек, ұлы драматург А.Островский тарихқа ұлттық мағынадағы орыс театрының реформаторы және негізін қалаушы ретінде енді. Ол театрға үлкен тәрбиелік мән берді, сондықтан өзін сүйікті ісіне жан-тәнімен арнады. Көрермендер де өз заманында Островскийдің жаңа пьесаларын ықыласпен қабылдады. Олар өздерінің жаңашылдығы мен өміршеңдігін сезінді. Островский драматургиясы жаңа сахналық эстетиканы, жаңа актерлерді талап етті. Сонысымен де Островский мектебі театр әлемінен өз орнын белгіледі.
Қойылымның актерлік құрамы Островскийдің осы бір идеясы мен сара жолына сәйкес жоғары деңгейде өнер көрсетті. Өйткені мұнда тек образды ғана емес, сонымен қатар кейіпкерлерге тән портретін жеткізе алу да аса маңызды. Спектакльде ойнаған Людмила Крючкова, Денис Анников, Сергей Маштаков, Ульяна Штильман, Максим Ященко, Екатерина Максим, Александр Лукашевич, Оксана Бойко, Данил Хомко, Дмитрий Маштаков, Айжұлдыз Бағланова, Татьяна Степанова, Евгений Карачов бастаған актерлер ойыны шын мәнінде талғампаз көрерменді тәнті етті.