• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
12 Қараша, 2013

Мәшһүр-Жүсіп еңбектері жиырма том болып жарық көрді

1734 рет
көрсетілді

Биыл ғұлама ойшыл, атақты философ, танымал ақын, шығыстанушы-ғалым, фольклор мұрасын жинаушы Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің туғанына 155 жыл толып отыр. Осыған орай, әулие қонған бабамыздың рухани мұрасын мәңгілік ету бағытында 20 томдық жинағының тұсауы кесілді.

Биыл ғұлама ойшыл, атақты философ, танымал ақын, шығыстанушы-ғалым, фольклор мұрасын жинаушы Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің туғанына 155 жыл толып отыр. Осыған орай, әулие қонған бабамыздың рухани мұрасын мәңгілік ету бағытында 20 томдық жинағының тұсауы кесілді.

Жалпы, Мәшһүр атамыздың мұраларын насихаттауда қазіргі уақытқа дейін қыруар жұмыс атқарылды. Әлі де атқарыла бермек. Осыдан 7 жыл бұрын, яғни 2006 жылы өзінің туған өлкесі – Баянауыл баурайындағы Ескелді шатқалында кесенесі бой көтерді. Бұл бүкіл қазақстандықтарды өзіне тартқан бірегей туристік орынға айналды деуге де болады. Одан кейін Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде 14 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Мұның бәрі – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасының жемісі. Соның арқасында жадымыздан жырақтап бара жатқан қазақ халқының бірқатар тұлғаларын қайта тірілттік. Ортамызға қайта әкелдік.

Ал, Павлодар облысының әкімі Ерлан Арынның бастама­сымен жарық көрген жиырма томдық жинақты құрас­ты­руға өңірдің танымал мәшһүртанушы ғалымдары да атсалысты.

Алғашқы төрт томына Мәшекеңнің өлеңдері мен дастандары кірген. Бесінші томынан бастап фольклор мен ауыз әдебиеті үлгілерінің жиынтығы жарық көрді. Сонымен қатар, тарихи-шежірелік туындылары мен ғұлама туралы жазылған ғалымдардың естеліктерін де оқи аласыздар. Ал, соңғы томдарында ол кісінің бұрын-соңды жарыққа шықпаған, халыққа әлі жол тартпаған шығармалары мен аудармалары бар. Мәшһүр атамыздың артында қалған құнды мұралары осымен ғана бітпейді. Әлі де талай томдарға татитын дүниелер жетерлік.

– Қазақ халқы Мәшһүр-Жүсіп Көпеевті қайталанбас тұлға ретінде жақсы таниды. Ол өз дәуіріндегі көзі ашық, бірнеше шығыс тілдерін жетік меңгерген, Шығыс әдебиеті мен философиясын терең зерделеген, дәуір үні мен ақиқатын жырға қосқан ақын болған.

Шын мәнінде, Мәшһүр-Жүсіп бар ғұмырын ағарту ісіне арнаған. Ол туған халқының поэзиясын, тарихын, этнографиясын, әдебиеті мен мәдениетін терең зерделеген. Оның есімі қазақ даласы мен одан да тысқары жерлерде жақсы белгілі болған.

Қазақстан бойынша жасаған саяхат барысында ғұлама ғалым ерекше мұқияттылықпен және ыждағаттылықпен ғылыми талдау мен материалдарды жүйелеу әдісін қолдана отырып мол тарихи фактілер түзген. Болашақ ұрпақ игілігі үшін халық ауыз әдебиетінің үздік үлгілерін жинаған Мәшһүр-Жүсіп әдебиет тарихына сүбелі үлесін де қосты.

Кешегі тарихымызға көз жүгіртсек, халқымыз басынан небір «тар жол, тайғақ кешуді» өткерген. Сол бір салқын Мәшекеңді де айналып өтпеді. Мұны ойшылдың бүгінгі ұрпақтары да айтады.

– Ұзақ жылдар Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің мұрасы зерттелмей келді. Оның себебі, өз дәуірінің шындығын жырлаған ақындар қудаланып, олардың шығармалары ел ішінен тәркіленіп, кітаптары мен еңбектері өртеліп, олардың шығармаларын оқуға тыйым салынған болатын. Енді, міне, ақтаңдақ беттер ақиқаты ашылды. Біз ерекше қуаныштымыз. Игі істің бастамашысы бола білген облыс басшылығына айтар алғысымыз шексіз, – дейді С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Мәшекеңнің ұрпағы Қуандық Пазылұлы Жүсіп.

Осыған қарамастан, ойшылдың рухани бай мұрасын көпте­ген ғалымдар зерделеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ақын мұрасы жан-жақты зерттеле бастады. Бұл ретте филология ғылымдарының докторы Айтмұхамбет Тұрышев бастаған С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті «Мәш­һүртану» орталығының еңбегі өлшеусіз. Ақын мұрасын зерт­теуге ғалымдармен қатар, студенттер, мектеп оқушылары да атсалысты. Мәшһүр-Жүсіп еңбектері ғылыми ортаның бағасын алды.

Орталық директорының айтуынша, Мәшһүр-Жүсіп шығармашылығы – қазақстандықтардың рухани байлығы. Ақынның философиялық өлеңдерінің мәні өте терең. Ол жарқын болашаққа озық өнер-білімді меңгеру арқылы жетуге болады деп халықты оқу-ғылымға үндеген.

«Өлі разы болмай, тірі байымас» деп бекер айтпаған дана халқымыз. Алаштың болашағы үшін еселі еңбек еткен азаматтарға құрмет көрсету – біздің қанымызға сіңген қасиет. Ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан бұл үрдіс жоғалмақ емес. Мәшһүр-Жүсіп бабамыздың есімі, өмір жолы мен шығармашылығы ел арасында әлі де кең таралады.

Жұмабек ӨРКЕНОВ.

ПАВЛОДАР.

Соңғы жаңалықтар