• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Әлем 08 Қазан, 2020

Еуропа университеттері көбірек қаржы бөлуді қажет етеді

361 рет
көрсетілді

«Egemen Qazaqstan» басылымы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент дайындайтын Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялауды жалғастырады.

Бүгінгі нөмірде оқырмандар назарына екі мақала ұсынып отырмыз. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымын атқарған Шаши Тарур мақаласында пандемия салдарынан БҰҰ-ның қызметіне орасан нұқсан келгеніне тоқталады. Автор әлем елдерінің жаһандық мүддеден ұлттық мүддені жоғары қойғанына қынжылыс білдіріп, ұйымды реформалау кезек күттірмейтін мәселе екеніне екпін береді.

Еуропалық парламенттегі Испания делегациясының басшысы Луис Гарикано бүгінгі мақаласында «Брекситтен» кейінгі Еуропалық одақтағы білім саласының жай-күйі туралы сөз қозғайды. Оның пайымдауынша, жаһандық деңгейге шығу үшін университеттердегі ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Осы орайда, автордың мақаласы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауда «Ірі бизнес өкілдері өңірлік университеттердің ғылыми қызметін қамқорлыққа алса, нұр үстіне нұр болар еді», деген сөзімен үндес шығып отырғанын атап өткен жөн.

БРЮССЕЛЬ – «Брекситтің» көптеген кері әсерінің бірі жаһандық деңгейдегі білім ордасы саналған жүйе екінші деңгейлі оқу орындарына айналып шыға келді. Ұлыбританияның кетуі салдарынан Еуропалық одақ Кэмбридж, Оксфорд, UCL, Империал колледж Лондон және менің сүйікті үйім London School of Economics секілді жоғары деңгейлі университеттерден айырылып қалды.  

Сорақысы, «Брексит» еуропалық саясаткерлерге өте ыңғайсыз болатын шын­дықтың бетін ашып берді. ЕО-ның қалған университеттері әлемдік рейтингтегі жоғары орындар тізіміне енген жоқ. QS World University Ranking-нің 2020 жылғы рейтингінде Еуропалық одақтың ең үздік университеті 50-орынға тұрақтаған (Delft University of Technology). Academic Ranking of World Universities рейтингінде ЕО-ның ең үздік өкілі University of Paris-Sud 37-орында тұр. Times Higher Education World University рейтингінде Мюнхен университеті 32-сатыға жайғасқан. Салыстырып қарасақ, Швейцария, Қытай, Жапония және Шығыс Азияның басқа да дамыған елдеріндегі білім ордалары ха­лық­аралық рейтингтердің көбінде үздік­тер қатарына жақын орналасқан.

Алайда Еуропалық одақ өкілдерінің осы шындықты жоққа шығарғаны жиі кездеседі. Бірде осы мәселені Еуро­палық комиссияның лауазымды қыз­меткеріне қойғанымда «ондай рейтингтерге сенбеймін» деп жауап қайырып, ЕО-ға мүше мемлекеттердің оқу орын­дарындағы жетістік туралы айтып кетті.

Дәлірек айтсақ, еуропалық университеттер арасында орта сатыдан жоғары білім ордалары жетерлік. Мәселен, Нидерланд пен Швецияда бір­не­шеуі бар. Бірақ, бізге жетіспейтіні – өте сапалы оқу орындары. Әлемнің ең үздік зерттеушілерін кез келген салада қызықтыра алатын, жоғары жалақы ұсы­на­тын және қомақты зерттеу қоры бар уни­верситеттер керек.

Шындық былай. Басқа салалардағы секілді ғылымда да талантты зерттеу­шілер­дің ұстанымы ұқсас. Олар өздері секілді білімді ғалымдармен жұмыс істегісі келеді. Ал жеке таланттарды ұстау – өте қымбат.

Оған қоса, құрлықтағы университет жүйесіне, әсіресе Германияда, Фран­цияда, Италия мен Испанияда ескір­ген, бюрократиялық және іштей бас­қару жүйесі кедергі келтіріп отыр. Мұн­дай жағдайда сырттан қаржы тартып, оны тиімді бағытқа жұмсап, сапалы ғалым­дарды жұмысқа тарту қиынға соғады. Нәтижесінде, аталған елдердің бәріндегі ең үздік саналатын университеттер баяғы танымал кезеңінің елесімен өмір сүреді.

Мұндай мәселелердің салдары анық байқалады. Жеткілікті қаражат пен тиімді басқарусыз біздің университеттер жасанды интеллект және биотехнология секілді маңызды салаларда топ бастай алмайды. Сондай-ақ зерттеуге бейімделген көшбасшы оқу ордасынсыз Еуропалық одақ жаһандық технологиялық жарыстан тыс қалады. Әлемдегі пайдасы мол ең үздік 15 компанияның сегізі америкалық екеніне таңғалудың қажеті жоқ. Олардың үшеуі Жапонияға тиесілі. Қытай, Оңтүстік Корея мен Тайваньның бір-бірден үлесі бар. Еуропалық одақ шенеуніктері осы тізімнің маңызына ерекше ден қоюы тиіс.

Аталған мәселені шешу үшін ЕО қар­­жы­ландыруды қамтамасыз етіп, бас­қару­ды жетілдіретін құжат қабылдауы тиіс. Қазіргі таңда бұл бағытта ерекше ақ­ша бөліп отырған – Еуропалық зерттеу кеңесі. Мекеме географиялық тепе-тең­дікке қарамастан талантты дербес зерт­теу­шілерге айқын қолдау көрсетеді. Өкініш­тісі, Еуропалық кеңестің шілдедегі қал­пына келтіру жөніндегі қорын құру тура­лы келісіміне сәйкес Еуропалық зерт­теу кеңесіне бөлінуі тиіс қаражаттың қомақ­ты бөлігі азайтылмақ. Осылайша, Еуро­падағы зерттеу саласының деңгейін көтеру­ге бағытталған жалғыз тиімді тәсіл қаражатсыз қалмақ. Бұл – құрлықтағы білім саласында туындаған шиеленісті жағдайды шешуге бағытталған қабыл­дауға келмейтін ең нашар шешім.

Еуропада қаржыландырудың тағы бір көзі бар. Ол – Инновация және технология жөніндегі еуропалық институт. ЕО-ның бюджеті соңғы рет бекітілгенде оған 2,4 миллиард еуро бөлінді. Ол туралы естімеп пе едіңіз? Мен де оны білгеніме көп болған жоқ. Әдеттегідей еуропалық дәстүр бойынша ЕО мүшелері қаржыны қайда жұмсауға келісе алмады. Ақыры Будапештте виртуалды университет ашу­ға шешім қабылдады.

Бұл қадамның кемшін тұсы көп. Әйтсе де, оның ешқайсысы ЕО шенеуніктерін Инновация және технология жөнін­дегі еуропалық институт туралы қайта ойлануға итермелей алмады. Еуропалық парламент оның кей салаларын тексеруге талпынып жатыр, бірақ қорытындының толыққанды болмайтыны қазірден-ақ белгілі. Егер осы Инновация және технология жөніндегі еуропалық институтқа бөлініп, желге ұшып жатқан қаражатты тиімді пайдаланса, бетке ұстар білім ордасының іргетасын қалауға жететін еді.

Дегенмен, қаржы бөліп қана отыру жеткіліксіз. Құрлықтағы бүкіл уни­вер­­ситеттерге көнерген басқару жүйе­сі тән. Мұндай жүйе бюджетті қарас­­ты­ру, ғалымдарды тарту секілді маңызды шешім қабылдауда тәуелсіз әрі нәтижеге сүйенген әдіс ұстануға кедергі келтіреді. Филип Агион және басқа да зерттеушілер көрсеткендей, Еуропа университеттерін­де бәсекелестік пен тәуелсіздіктің болмауы білім саласында табысқа жетуіне кедергі келтіреді. ЕО сенімді механизм, академия­лық жетістікке мән беретін грант бөлі­нісі, студенттер мен факультеттер арасын­дағы жарысты дамытатын «тиімді басқару» жобасын іске қосуы керек.

Осы «тиімді басқару» жобасы аясында Инновация және технология жөніндегі еуропалық институтқа жұмсалып жат­қан қаражат жаңа қор құрып, оны зерттеу мен білім беруге негіздей отырып Еуро­паның ең үздік университеттері мен депар­та­менттеріне бөлінуі қажет. Мұндай жаңа құрылым білім ордаларының үздік атану­ға талпынуына шабыт беріп, бас­қару және менеджмент тәсілдерін объек­тивті қаржыландыру жүйесіне бейім­делуге жағдай жасайды.

Өкініштісі, мұның ешқайсысы ЕО институттары үшін басымдыққа ие емес. Франция президенті Эммануэль Мак­рон 2017 жылғы Сорбоннадағы сөзін­де еуропалық университеттер тура­лы ұсыныс жасаған. Бірақ, бұл сала­дағы басқа да тиімді тәсілдер секілді құрлық­тың шенеуніктері оған мән берген жоқ.

Егер Еуропа шындап кіріссе, Иннова­ция және технология жөніндегі еуропа­лық институт секілді ортақ зерттеу жобаларын тиімді жүзеге асырып, білім орд­а­ларының деңгейін көтеруге бағыттай алады. Таяуда Еуропалық комиссияның жасанды интеллект жөніндегі тексеруі жаһандық технологияда топ бастауымыз қажет екенін анық аңғартты. Егер біз осы мақсатқа қол жеткізуді көздесек, ақшамызды керек жерге жұмсап, өзекті реформа жасауға тиіс­­тіміз. Осылай ғана еуропалық универ­си­тет­терді үздіктер қатарына қоса аламыз.

 

Луис ГАРИКАНО,

Еуропалық парламенттегі Испания делегациясының басшысы, Renew Group-тың вице-президенті және экономикалық мәселелер жөніндегі үйлестірушісі

 

Copyright: Project Syndicate, 2020.

www.project-syndicate.org