• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Қазан, 2020

Оралда жылу беріле бастады

229 рет
көрсетілді

Күн райының салқындауына байланысты Орал қаласында жылу беріле бастады. 5 қа­зан­да Оралда коронавирусқа қарсы күрес жө­­ніндегі облыстық жедел штабтың кезекті оты­рысы болған еді. Осы жиында биылғы жылыту маусымына нысандардың дайындығы, ком­муналдық мекемелердің маусымға жасаған есебі тыңдалды.

– Қазірдің өзінде қаладағы денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет нысандары жылыту маусымына толық дайын. Ал көппәтерлі тұрғын үйлер­дің дайындығы 92 пайыз болып тұр. Күн райы күрт салқындап кеткендіктен Орал мен Ақсай қалаларына 5 қазаннан бастап жылу беру жөнінде шешім қабылданды, – деді «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Қуат Мусин.

Алайда Орал қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлер жылумен толық қамтылған жоқ. Қуат Наурыз­ұлының айтуынша, жылу шаһарға түгел тарағанша 2-3 күн уақыт керек. Қазір трассадағы жылудың орташа температурасы 65-70 градус. Бірер күнде 90 гра­дусқа жетуі қажет.

Жылыту маусымы басталғанға дейін қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсететін пәтер ие­лері кооперативтері өз аумағындағы үйлер­дің мау­сымға дайындығы жөнінде құжат тапсыруы керек болатын. Бірақ мұндай төлқұжат жасалмаған үйлер де бар.

– Өз ісіне жауапкершіліксіз қарап жатқан пәтер иелері кооперативтері де бар. Бірақ оларға хат жолдап, шұғыл түрде, бір-екі күн ішінде дайындық құжатын тапсыру жөнінде талап қойдық, – дейді Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиев.

«Жылу беруге дайынбыз» деп отырған комму­налдық мекемелердің өз басында да шешілмей келе жатқан мәселе аз емес. Оның ең бастысы – тұр­ғын­дардың тұтынған қызмет бойынша бере­шегі. Мәселен оралдықтар бұған дейін пайда­ла­нылған қызмет үшін «Жайықжылуқуат» меке­месіне 350 млн теңгеден астам қаржы берешек екен. «Батыссуарнасы» меке­месінің де тұрғындардан 200 млн теңгеден аса ала­шағы бар.

– Қазіргі уақытта коммуналдық кәсіпорындар берешек көлемін азайту бойынша өз жұмысын жасауда, – дейді Қ.Мусин.

 

Батыс Қазақстан облысы