Павлодар қаласында ауа райының температурасы түнде 2 градусқа дейін төмендесе де, көпқабатты тұрғын үйлер толықтай жылуға қосылған жоқ. Бұл ретте себеп баршылық: әдеттегі пәтер иелері кооперативінің қол қусыруынан бастап қаланың жаңа шағын ауданына жылу магистралін тарту жұмыстарының жүргізілуіне де байланысты болып отыр. Облыс басшылығы бұл мәселені құзырлы мекемелерден күн сайын есеп талап ету арқылы бақылауда.
Облыс орталығында жылу беру мәселесіне байланысты кезекті жиынды жексенбі күні Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов тағы бір мәрте өткізді. Облыс басшысы желілердегі апаттардың салдарын жою бойынша жұмысты ұйымдастыру деңгейі нашар екенін айтып, кәсіпорын дайындығын қатаң сынға алды. Өз кезегінде «Павлодар жылу желілері» ЖШС басшылығы бұған төтенше жағдайларды жою үшін жұмысшылар жетіспейді деген уәж айтты.
– Павлодар бойынша жылуды қалыпты іске қосу үшін 20 күн қажет, бүгін жылыту маусымы басталғаннан бері 12-ші күн өтті, – деп түсіндірді «Павлодарэнерго» АҚ басшысы Олег Перфилов. Сонымен қатар біз жөндеу жұмыстарын мамыр айында карантинге байланысты кейінге шегеріп, жоспардан бір ай кейін бастағанымызды ұмытпауымыз керек.
Бірақ бұл уәж әкімнің көңілін көншітпеді. Ол кәсіпорында аяқасты туындауы ықтимал әртүрлі тәуекелдерді жоспарлау мен болжаудың жоқтығын атап өтті. Яғни монополистің дәлелдері негізсіз. Сол себепті Ә.Сқақов жылу беруші ұйым жөндеу буындарының санын көбейтіп, тәулік бойы жұмыс істеу режіміне көшуін талап етті. Ол өзінің бірінші орынбасары Сұңғат Есімхановқа бейінді қызметтермен бірлесіп, жылу желілерінің тозуы тұрғысынан проблемалық аймақтарды анықтауды және оларға тұрақты бақылау орнатуды тапсырды.
Мәліметке сүйенсек, Павлодар қаласында қазіргі кезде 1 145 көпқабатты тұрғын үйдің 90%-ы жылу жүйесіне қосылған, 1 165-і (90%-дан астамы) ыстық сумен қамтамасыз етілген. Қазір 112 үй жылусыз, 69 үй ыстық сусыз қалып отыр. Жылу болмауының себептерінің жартысы жылу желілеріндегі апаттарға байланысты болып отыр. 36 үй ПИК-тің дайын болмауына байланысты жылусыз қалған.
Тағы 20 үй «Дачный» шағын ауданында орналасқан. Шаһар басшысы Ержан Иманслямның есебі бойынша, мұнда барлық жөндеу жұмыстары аяқталған, қазір жүйені сумен толтыру жүріп жатыр. «Дачный» шағын ауданының тұрғындары жылуға бүгін-ертең қосылады. Айта кетелік, дәл осы Дачный ауданының тұсында магистральдық құбыр тарту бойынша күрделі жұмыстар жүргізілуде. Аталған аумақта қазу жұмыстарының өткізілуіне байланысты «Дачный», оған іргелес Усолка шағын аудандары 15 мамырдан бастап ыстық сусыз күн кешіп келеді.
Облыс әкімі қала тұрғындарынан, әсіресе «Дачный» шағын ауданының тұрғындарынан көптеген шағым түсетінін атап өтті. Ә.Сқақов қала басшысына жедел түрде осы шағын ауданның тұрғындарымен кездесіп, олардың үйлері бойынша ағымдағы жағдай туралы хабарлауды тапсырды.
Айта кетелік, жуырда Павлодар қаласының Солтүстік жылу желілері ауданында, Н.Назарбаев даңғылының бойындағы автокөлік көпірі аумағында қосымша жаңа насос стансасы қолданысқа берілмек. Жаңа станса – «Павлодар жылу желілері» ЖШС 2030 жылға дейін қаланы дамытудың бас жоспарына сәйкес қала әкімдігімен бірлесіп іске асырған жобасы. Аталған насос стансасы сұранысы өсіп отырған жылумен қамтудың сенімділігіне, Павлодар қаласының орталық аумағында гидравликалық режімді жақсартуға көмегін тигізеді. Атап айтқанда, Ломов көшесіне дейінгі аумақты, сондай-ақ Сарыарқа шағын ауданына дейін жылумен қамтуды күшейтеді. Орталық жылу жүйесіне қосылған кейбір аймақтарда орын алған олқылықтарды жоятын болады. ПНС 2/3 құрылысын іске асыру жұмыстары 1 жыл бойы жүргізілді. Бұл мақсатта қала бюджетінен 960 млн теңге бөлінді. Бүгінде барлық құрылыс жұмыстары аяқталған, құрылғыны іске қосу, жұмысын реттеу процестері жүзеге асырылуда. Мамандар құрал-жабдықты әртүрлі қысымда жұмыс істеу қабілетін сынақтан өткізіп, тексеруде.
Сондай-ақ Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша Маяковский-Ломов көшелерінің аумағында №5 жылу магистралінің қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысанды реконструкциялау нәтижесінде Затон аумағында салынып жатқан 350 оқушыға арналған жаңа мектеп сапалы жылу қуатымен қамтамасыз етілетін болады.
Сөз аяғында айта кетелік, пандемия қаупіне байланысты өңірлерге биыл жылуға қосу жұмыстарын жеделдету тапсырылған болатын. Тұрғындар суықта жаурап, оның соңы жіті респираторлық вирустың, тұмаудың, тағы да басқа маусымдық аурулардың күшеюіне себеп болмауы керек. Бұл ретте, Павлодар өңіріне жұмысты одан әрі қатаң бақылауда ұстау қажет.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ
ПАВЛОДАР