Семей қаласына қарасты Қайнар ауылында көрнекті әдебиеттанушы ғалым Рымғали Нұрғалиұлы мен тарих ғылымдарының докторы Төлтай Балақаевтың мүсіндері ашылды.
Семейде және Қайнар ауылында өткен салтанатты шараға ғалымдардың ұрпақтарымен қатар Болатбек Нәсенов, Бауыржан Жақып, Жанат Әскербекқызы, Дәулеткерей Кәпұлы, Серікзат Дүйсенғазин сынды сыйлы қонақтар келді.
Ғалымдардың еңбектері туралы өткен конференцияда Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев жазушы Рымғали Нұрғалиевтің атына көше беру керектігін айтты.
– Өткен жылы қалалық ономастикалық комиссияның отырысында Семей қаласы көшелерінің біріне Рымғали Нұрғалиевтің есімін беру туралы сөз қозғалған. Бірақ мораторий жарияланғандықтан кідіріп тұрған. Қазір рұқсат беріліп жатыр. Енді қолға аламыз, – деді қала әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев.
Бұл – өте орынды мәселе. Өйткені Семей рухани қала болғанымен, Рыков, Щорс, Терешкова, Морозов сынды көшелер әлі бар.
Сондай-ақ жиында сөз алған филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып марқұм ғалымдардың еңбектерін айта келе, Абайдың ұстазы Жанақ ақын туралы да ой айтты. Бауыржан Өміржанұлының айтуынша, Жанақ Сағындықұлы Абайдың ақын болып қалыптасуына зор ықпал еткен адам. Алайда хакімнің ұстазы туралы еш жерде айтылмайды.
Ертесінде бір топ делегация бұрынғы Абыралы ауданының орталығы Қайнар ауылына аттанды. Мұндағы орталық алаңда «Абыралы-Дегелең» қорының қолдауымен Рымғали Нұрғалиұлы мен Төлтай Балақаевтың ескерткіштері ашылды.
Төлтай Балақаев – Абыралы өңірінен шыққан алғашқы ғалымдардың бірі. Ол өмір-бақи Ш.Уәлиханов атындағы институтта қызмет атқарған. Ал Рымғали Нұрғалиұлы – Алаш қайраткерлері туралы тың деректер жинастырып, қазақтың тарихын түгендеген ғалым. Олардың артында қалған ұрпақтары туған жерлерінде тұғырына қонсын деген ниетте кеудемүсін орнатуды қолға алған. Ертіс Тәтиевтің қолынан шыққан бұл мүсіндер «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының қолдауымен орнатылды. Жұдырықтай жұмылған Абыралы өңірінің тумалары іс-шараны елдегі жағдайға байланысты барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырды.
СЕМЕЙ