Қазақстан Конституциясының 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тiл – қазақ тілі» деп жазылған, алайда осы норманы Қазақстан Парламенті заң шығару ісінде ұзақ жылдар бойы ескермей, орындамай келеді.
Тiлдердiң қолданылуының құқықтық негiздерiн реттейтін «Қазақстан Республикасындағы тiлдер туралы» заңның 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi» деп көрсетілген. Демек аталған заң Конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесін анықтап дамыта отырып, қазақ тілі – мемлекеттік басқару, заң шығару және iс қағаздарын жүргiзу тiлi деп бекітті.
Жоғарыда көрсетілген баптардың депутаттарға міндеттілігі қаншалықты деген сұрақты білу үшін Парламенттің мәртебесін, құқықтық негізін көрсеткен «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңын қарадық.
Бұл жерде 37-бапта «Парламент жұмысында тiлдердi пайдалану Республика Конституциясына және Республикадағы тiл туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады» деп бекітілген. Демек, Қазақстан Республикасының Парламенті заң шығару процесін тек қана мемлекеттік тілде – қазақ тілінде жүргізуге міндетті. Осы заң бұзушылықтардың дәлелдемесін біз Парламент Сенатының, Мәжілісінің заң жобасын бірінші, екінші оқылымда талқылаулары, мақұлдаулары туралы кез келген отырысының көрсетілімінен, стенограммаларынан байқаймыз.
Бұл көрсетілімдерде оқылымдарда заң жобасы бойынша баяндамалар, тұжырымдар, басты қорытындылар көбінесе орыс тілінде айтылады.
Бұны қалай түсінуге болады? Олар қазақ жерінде туып, өсіп, әкім, министр, генерал бола тұра, мемлекеттік тілде сөйлемеуі, білмесе үйренбеуі неліктен? Әлде осындай шенеуніктердің тілді меңгермеуінің себебі Қазақ мемлекетінің болашағы бұлыңғыр деп ойлап, сенбеуінде ме?!.
Парламенттің осы заңдарға қайшы әрекеттері қазақстандықтардың Конституциялық құқын бұзып, заң шығару ісіндегі болып жатқан жарыссөздерді, қорытындыларды, арнайы мамандар уәждері орыс тілінде айтылғандықтан түсінбеуіне апарып, Конституциямен, заңдармен берілген мемлекеттік тілде ақпарат алу құқықтарының бұзылуына, шектелуіне жол беріп, бекітілген құқықтарының жүзеге асуына кедергі жасауда.
Мемлекетіміздің заң шығарушы органы осы өрескел заң бұзушылықтары арқылы қазақ халқының ғана құқын аяққа басып отырған жоқ. Олар 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда біртұтас ел болып қабылдаған Конституцияны мойындамай, бүкіл Қазақстан халқының құқын бұзып отыр. Қорытындылай келе білгіміз келетін басты мәселе – Парламент заңды орындауға өзі үлгі болуы керек емес пе?!
Айыпқан МУХАМЕДИЕВ,
заң ғылымдарының кандидаты